Спорттық жылқыны дамыту бойынша Заң жобасы
Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінде спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданған болатын.
Назарларыңызға сол заңның ҚР Парламенті Сенатына жолданған жобасын ұсынып отырмыз. Заң жобасы ҚР Парламенті мәжілісінің ресми сайтында жарияланды.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
(Жоба)
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
- «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) асыл тұқымды жануар – Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық палатада тіркелген, тұқымның бағыты мен стандартына сай келетін таза тұқымды жануар;»;
34-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«34-2) спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымы – Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық палатада тіркелген отандық селекцияның спорттық бағыттағы асыл тұқымды жылқылары;
34-3) таза қанды жануар – бекітілген кезінен бастап шығару кезінде бір тұқым пайдаланылған жануар;»;
41) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«41) тұқым стандарты – республикалық палаталар бекітетін тиісті тұқымды асыл тұқымды жануарлардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштеріне, ал спорттық бағыт үшін – спорттық көрсеткіштеріне қойылатын ең төмен талаптар;»;
3) 28-3-баптың 9 тармағы мынадай мазмұндағы жаңа 1-2) тармақшамен толықтырылсын:
«1-2) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен асыл тұқымды өнім (материал) мәртебесін беру (тоқтата тұру, күшін жою) арқылы спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымдарын есепке алуды ұйымдастырады;».
- «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
2-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) асыл тұқымды жануар – Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық палатада тіркелген, тұқымның бағыты мен стандартына сай келетін таза тұқымды жануар;».
- «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1-бапта:
3) және 19-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«3) агроөнеркәсіптік кешен – ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімдерін өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және өткізуді, асыл тұқымды жануарлардың өсімін молайтуды, оларды сақтауды, өсіруді, сондай-ақ тамақ өнеркәсібін, оларды қазіргі заманғы техникамен, технологиялық жабдықпен, ақшамен, ақпараттық және басқа да ресурстармен қамтамасыз ететін ілеспе өндірістер мен қызмет салаларын, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті, ғылыми қамтамасыз ету мен кадрлар даярлауды қамтитын экономика салаларының жиынтығы;»;
«19-1) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – тауар өндіруші) – ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен, сондай-ақ асыл тұқымды жануарлардың өсімін молайтумен, оларды сақтаумен және өсірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;».
2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Редакция ескертуі: Біз аталған Заң жобасының жылқыға қатысты өзгертулерін ғана ұсындық.
Argymaq.kz