ДКО: Астана 100 мыңнан астам турист қабылдауға дайын

1156

2024 жылдың 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына 85 мемлекеттен 2000-нан аса спортшы қатысуы мүмкін деген болжам бар.

Барлық саяхатшыға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалады. Дүбірлі дода кезінде Астана 100 мыңнан астам турист қабылдауға дайын.

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер және т.б. ұлттық ойындардың 21 түрінен жарыс өтеді.

«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтеді.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлерінен, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді.

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған.

Қазір «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады.

«Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны сарайында да жөндеу жұмыстары жүріліп жатыр.

Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады.

«Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Апта бойына этноауылда Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың адамның аралауына жағдай жасалады.

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары кезінде Ұлттық музейде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі.

5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарының Дөңгелек пішінді логотипінде күн шабандозының фигурасы бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Жалпы пішінінің сұлбасы көшпелілердің тұрмыстық бұйымдарының сәндік элементтерін еске түсіреді. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті ерлер бұйымдары әрленген. Сарғыштау келетін ашық түсінен әйелдер әшекейі әзірленген. Лого шрифті VIII – X ғасырлардағы түркі руналары жазуынан алынған.

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында 2014, 2016 және 2018 жылдары өтті. Төртінші Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің төрағасы – ҚР Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.