Елімізде алғаш рет жылқы көрмесі өтті (ФОТО)

6559

Алматыдағы орталық атшабарда алғаш рет тұқымдық жылқылардың көрмесі өтті. «Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» ұйымдастырған ерекше шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениетін» дамыту мақсатында жүрілді.

Talgat Zh

«Өздеріңіз білетіндей әлемге танымал тұлпар – Абсент шыққан Луговой жылқы зауыты біздің мақтанышымыз болды. Бүгінгі бәйге маусымының аяқталуына орай өткізіліп отырған шараның барлығы да осы зауытқа арналады. 90жылға жуық тарихы бар зауыт әлі де өз жұмысын тоқтатпай келеді» — деді палата директоры Талғат Жайсаңбаев.

kuvok

Көрменің ашылу салтанаты 1200 метрлік ұшқыр бәйгемен басталды.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жылқы көрмесінде ең кішкентай жылқы – мәстектерден (пони) бастап, бір өзі 10-15 тонна жүк сүйрейтін алыптарға дейін болды.

Zhylqy kormesi3

Сонымен қатар, таза қанды мініс жылқылары мен қазақ жылқысының түрлері, араб, ағылшын жылқыларының түрлері көрсетілді.

 Көрмеге қатысушы жылқыларға қойылатын талаптар

 Amin

Елімізде алғаш рет өткен жылқы көрмесінде көрмеге қатысушы жылқыларға қойылатын талаптар қандай болатынын көрменің қазылар алқасының мүшесі Әмин Әкімбеков айтып берді.

«Ең әуелі аттардың жүрісіне мән береміз. Ол көрмеге ұсынылғандықтан әсем жүрісті болу керек. Ал тағы бір ерекше мән беретініміз – аттың сұлулығы. Әсем жүрісті, сұлу мүмсінді жылқының көз сүріндірер тұлғасы басты ерекшелігі. Әрине, біз көрме болғандықтан осындай талаптарды ұстап отырмыз. Әйтпесе, жылқы адамзаттың игілігі үшін жаралғандықтан, ең бастысы шыдамдылығы болатыны сөзсіз» — дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы.

Zhylqy kormesi

Көрмеде жылқы тұқымдарына бөлініп, бірнеше алаң жұмыс істеді. Атап айтар болсақ, «Ахалтеке тұқымы», «Араб тұқымы», «Ағылшын тұқымы» және «Пони және шағын жылқылар тұқымы» мен «Ауыр жүк тартатын тұқым» қатарлы алаңдар көрермендерге асыл тұқымды жылқыларды тамашалатты.

 Бес жасында 550 кг ет беретін «Барон»

Жылқы көрмесіне жылқы тұқымының оннан астам түрі қатысты. Көрмеге қатысушы жылқылардың ішінде ерекше көзге түскендері әрине, ахалтеке тұқымды жылқылар болғанын ешкім жасыра алмас. Осы бір ерекше жаратылыстың сұлулығына тамсанбаған көрермен жоқ.

Дегенмен Владимир жүк жылқысы бүгінгі көрменің айрықша атап өтер қатысушысы болды.

Кеңес үкіметі кезінде ауыр жүк тасу үшін будандастыру арқылы алынған бұл жылқы түрінің ең мықтысы 22,3 тонна жүк сүйреген болатын.

Baron

Бүгінгі көрмеге қатысқан «Барон» есімді қара қасқа айғыр 5 жаста болса да, тірі салмағы жарты тоннадан асады. Бұл тұқымды Қазақстанда ет бағытында ғана бағуға болады. Дегенмен қазақы жылқының қазысына қайдан жетсін.

 Жылқы көрмесі ең әуелі елімізде қандай тұқымдар барын көрсетті — профессор

Атқа міну мәдениетін дамыту мақсатында және Луговой жылқы зауытының құрметіне өткізіліп жатқан жылқы көрмесі – ең әуелі халықтың елімізде қандай жылқы тұқымдары бар екенін білу үшін керек.

Qairat

Бұл туралы жылқы көрмесінің қазылар алқасының мүшесі, жылқытанушы ғалым, профессор Қайрат Исхан айтты.

«Елімізде алғаш рет өткен көрмеде Қазақстанда кездесетін жылқы тұқымдарының оннан астам түрі көрермен назарына ұсынылды. Мысалы фриз, ахалтеке, ағылшын, ауыр жүк артатын жылқы және понилар біздің халық үшін таңсық тұқымдар. Біздің елде мұндай жылқы бар екенін білетіндер аз. Осы көрме арқылы көрермендер елімізде мұндай ерекше тұқымдары барын да білді» — дейді Қайрат Исхан.

Zhylqy kormesi5

Сонымен қатар, прфоссор көрмеде қазақ жылқыларының түрлері де көрсетілгені біз үшін атап өтер жағдай екенін айтты.

«Қазақ жылқы тұқымдары мұғалжар, көшім, қостанай жылқысы және жабы. Бүгінгі көрмеде бұл жылқыларға да кезек тиді. Әрине, еліміз бойынша алғаш ұйымдастырылғандықтан, кемшіліктері де жоқ емес. Алдағы уақытта жақсы жолға қойылады деп сенеміз» — дейді ол.

Көрмеге «Жетісу асылы» да келді

 Алматыда өткен көрмеге қазақ жылқысының жаңа түрі – «Жетісу асылы» жылқысы да келді.

Zhylqy kormesi6

20 жылдан бері айналысып, 2017 жылы қазақ жылқысының жаңа түрі ретінде таныстырылған «Жетісу асылы» мұндай көрмеге алғаш рет қатысып отыр.

«Негізі тура осындай түрде 80-нен астам жылқым бар. Жиырма жылдан астам уақыт айналыстық. Еліміздегі жылқытанушы ғалымдар қолдады. Алдағы уақытта түрден тұқымға өткіміз келеді. Әлемнің қай түкпіріне барсақ та еститініміз ахалтеке, ағылшын, фриз деген секілді танымал тұқымдар. Ал менің арманым қазақ жылқысын әлемге таныту. Бұл жолда тер төге беретін боламыз» — дейді «Жетісу асылы» жылқысының иесі Александр Софин.

Zhylqy kormesi7

«Жетісу асылы» жылқы тұқымының ерекшелігі – оның түсі ақ. Көздерінің түсі шағыр. Өте жуас. Көбінде иппотерапияға пайдаланылады.

Софиннің қолында қазір 300-ге жуық жылқы бар. Барлығы да ақ түсті. Ал «Жетісу асылына» қатысты жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан өз ойын білдірді.

«Жетісу асылы» қазақ жылқысының бір түрі ретінде танылуға барлық мүмкіндігі бар. Түр ретінде тіркелу үшін екі аталық ізден 40-40-тан 80 жылқы болуы керек. Ал жалпы сол тұқымнан 120бастан артық болуы керек. Александр Софиннің мүмкіндігі бұл талаптардың барлығына сай. Сондықтан оны тұқым ретінде емес, түр ретінде тіркеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, оның жылқыларының сыртқы келбеті мен жылқы ретіндегі қасиеттері де ескеріледі» — дейді Қайрат Исхан.

 Жылқы көрмесінде бүлдіршіндерге де сыйлық жасалды

 «Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» ұйымдастырған Қазақстандағы алғашқы жылқы көрмесі барысында кішкентай көрермендерге де ерекше сыйлық жасалды.

Zhylqy kormesi8

Көрмеде көрермен назарына ұсынылған понилердің сүйкімділігі балалардың қызығушылығын туғызды.

Zhylqy kormesi9

Ал Алматы қаласындағы атқа міну клубтарының таныстырылымында жас көрермендер арасында байқау ұйымдастырылып, атқа мініп үйренушілерге жолдама берілді.

«Мен жеті жастамын. Атқа мініп үйренгім келеді. Бүгін «Арғымақ» клубының жүлдесін жеңіп алдым. Енді арманым орындалды. Аптасына бір рет барып атқа мініп тұруға жолдама жеңіп алдым» — дейді Алмас есімді көрермен.

Көрмеде төрт клуб өз мүмкіндігін көрсетті. Барлығы да балаларды 6 жастан бастап қабылдайды. Негізінен атқа міну, иппотерапия, атпен серуен жасауға арналған.

Zhylqy kormesi10

Сонымен қатар көрме алаңында мектеп оқушылары сызған жылқы суреттерінің де көрмесі өтіп, ең таңдаулы суретшілерге де жолдамалар берілді.

 Алматы қаласы әкімінің кубогы «Желқабызға» бұйырды

 Алматыда өткен «Тұлпар-2019» жылқы көрмесі аясында ұшқыр бәйгеден Алматы қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынды.

Биылғы жылғы бәйге маусымын аяқтаған тызетпелерден 5-ші номердегі «Желқабыз» атты ұшқыр бірінші орын алды.

Zhylqy kormesi11

Үш жастағы ұшқырлар 4000 метрді бағындырды. Бар-жоғы бес ат қатысан бәйгеде «Желқабыз» есімді жүйрік алдына қара салмай, дара келді.

4000 метрді 4 минут 34 секундта «Желқабыздан» 0,13 секунд қалып келген «Далмо» есімді жүйрік екінші орынды місе тұтса, осы қашықтықты 4 минут 49,6 секундта өткен «Барсакелмес» алғашқы үштікті түйіндеді.

Zhylqy kormesi4

Мұнан бөлек хобби түріндегі жылқы сату бәссаудасы ұйымдастырылды.

Zhylqy kormesi12

Көрме қорытындысы бойынша елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жылқы көрмесінің жеңімпазы болып Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытының 4 жасар Рампур есімді айғыры танылды. Биыл алғаш рет өткен көрме, алдағы жылы да тұрақты жалғасын табатын болады.

argymaq.kz

baq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.