Әкбар Мәжитұлы: Қазақ елінің ЭКСПО-ға дайындығы өте жоғары деңгейде екен

113

Елордада екі күннен кейін басталатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне алыс-жақыннан ат арытып, атан белін талдырып келіп жатқан ресмиі бар, туристі бар, туысшылағаны бар келушілер саны күннен күнге артып келеді.Солардың қатарында ҚХР-дан келген көрмешілердің қарасы көп. Кеше Астанада өткен Қытай кинофестивалінің ашылу салтанатында Қытайда тұратын қандасымыз, «ЭКСПО-2017» көрмесінің сол жақтағы құрметті Төрағасы, Қытай саяси кеңесінің мүшесі, жазушы Әкбар Мәжитұлымен бір-екі ауыз әңгімелесудің сәті түскен еді. Алыстан атажұртқа абыройлы міндетпен келген ағамыз өз ойын ортаға салды.

«Астанада ЭКСПО-ға дайындық өте жоғары деңгейде екен. Көрме қарсаңында жаңа-жаңа құрылыстар түсіпті. Бүгінгі күні сол көрме аясында өтетін тағы бір рухани шара – қытай киносы фестивалінің ашылу салтанатына келдік. Мұнда көрсету үшін қазақ тіліне аударып 6 фильм алып келіп отырмыз. Оның сыртында 10 маусым күні «Қытай мәдениет және хандар сарайы» ашылатын болады. Бұндай шаралар ең алдымен екі ел халықтарының мәдениет алмасуын, рухани түсіністігін нығайту үшін керек» — дейді жазушы.

Бұған дейін де Астанада бірнеше рет болғанын айтқан қандасымыз Елорданың адам танымастай өзгеріп, дамып, гүлденіп кеткенін айтады.

«Бұған дейін де Астанада бірнеше рет болдым. Әр келген сайын бір жаңалыққа тап боламын. Күллі қазақ халқының мақтанышына айналған қала ғой бұл» — дейді қандасымыз.

Қытайдың ЭКСПО көрмесі арқылы Қазақстан ғана емес әлемге дайындап отырған тосынсыйы көп екенін айтқан құрметті Төраға көрменің осы кинофестивалінен басталып кеткенін айтады.

«Бүгінгі өтіп жатқан кино көрсетілімінің өзі сол ЭКСПО аясында екенін өзіңіз де білесіз. Жалпы рухани болсын, техникалық болсын, электроникалық болсын Қытай көрме-ұсынымында мазмұн көп. Үш ай бойы мазмұндары жаңаланып отырады. Сол кезде барып көрсеңіздер, күніне бір жаңалыққа куә болатындарыңыз анық» — дейді Қытай павилонының құрметті Төрағасы Әкбар Мәжитұлы.

Қытай елінен көрмеге өз өнімдерін алып келген өзге қандас бауырларымыз да көп екенін айтады жазушы.

«ЭКСПО көрмесіне келген қазақтың бірі менмін. Ал көрмеге арнайы өз жаңалығын ұсынып жатқан қазақтар да бар. Нақты кім келгенін айта алмаймын. Өте көп кәсіпкерлер келіп жатыр. Үш ай бойына тоқтаусыз алмасып келеді. Өзім сырттай танитын бірнеше кәсіпкерлерді байқап қалдым, солар да өз өнімдерін алып келген болуы керек» — дейді «Қытай жазушылар» журналының Бас редакторы.

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.