Асқар АЛТАЙ. Дода
(әңгіме)
Күз аспаны бүгін аласа. Бұлтты. Салқын.
Қан қызып басқа шапқан, ат терлеп алып қашқан көкпар басталғалы біраз болған. Шал астындағы ақ көбіктенген Көкбестімен көкпардың қызығына батқалы қашан… Еліріп алған қалың жұрт сайын далада көктемде тасыған Ертістің құмды жарға соғылып, қайта құлаған асау толқынындай лықсиды. Кейде ұйытқыған бораннан ықтасында ұйлыға қалған көп жылқыдай бір орнында тапжылмай қалатыны бар.
Жүзін жел қақтаған қара шал бұзау тіс ырғай қамшыны аузына тістеп алып, тақымына басқан көксеркені босатқысы жоқ. Аттың тері сіңген қамшы өрімінің дәмінен кермек татыған түкірігін жиіркенбей жұтады. Тарта-тарта сілікпесі шыққан кесек көксеркенің артқы сирағын ердің қасымен қабаттап ұстаған күректей қолдың шодырайып шығып кеткен тамырлары түріп тастаған білек те білеу-білеу. Серкеге қол созған көкпаршылардың бірі қайыс тақым астынан кеуде жағы салбырап жатқан бассыз дененің алдыңғы сирағынан жармасып, енді біреулері шалдың білегінен қармасып жүр.
Алды-артынан асау аттай орағытып, бас-көзге қарамай кимелеп, ат үстінен жұлып алардай өлерменденген олар астарына мініп жүрген ат-айғырларын, сәурік-құнандарын борбайлап, жазықсыз көксеркеге жете алмай әуре. Жетсе қай-қайсысының жан беріп, жан алысатыны анық. Тұщы тәніне ащы қамшы тигеннен бірінің үстіне бірі шығып кетердей ентелеп, бастарын кекжите көтеріп алған жануарлардың жанары шарасынан шығардай шатынап кеткен. Иелерінің бұлармен ісі жоқ. Қабырғасы күйреп, қол-аяғы бұралып сынған серкеге ессіз ұмтылады. Ауыздарына тістеген түрлі-түрлі таспалы қамшыларын қолына ала салып, жануарлардың езуін жыртып жіберердей шаужайлап, қамшымен сауырдан салып-салып өтеді. Кейде лықсып келген ашу мен ызадан, көкпар десе бәрін ұмытатын құмарлықтан маңындағыларды осып-осып жіберетіндер де бар. Мұндайда жанына батқан жануарлар жанталаса ышқынып, тығындалып тұрған топты бұзып-жара кеуделеп, тұяқтарымен қатты жерді оя ұмтылады. Бірақ жалғыз-жарым жанталасқан жанды қалың топ орнынан тыпыр еткізер емес. Ентелегенмен ештеңе өнер түрі жоқ.
Қапелімде ұйлыққан ұлы топты оң қанаттан бір күш тықсыра бастаған. Сол-ақ екен аттылы қалың қауым қанаты сөгіле лықси ауды. Шал тақымына тартқан көкпармен қалың көптің арасында бірге кетті. Тақтайдай жазық дала оның көз алдында қазандай аударылып-төңкеріліп, алдындағы аттылар топырлаған қалпы жолды жауып, қалғандары қос бүйірден қысып, құйрық тістесіп келеді. Оң жағында ақжал күрең айғырмен қатарласып, көксеркенің қолынан ұстап алған жігіт ағасы тақым астынан суырып алмақ боп жұлқып-жұлқып қояды. Қол қаруы тегеуірінді. Ұстаған жерінен темірдей қатып қалған. Тақымы берік.
Жаңа ғана құйғытып келе жатқандар енді сол қанатқа қарай ойысты. Ертістің арғы бетінен келген ақжал күрең атты көкпардан айырылғысы жоқ. Жұқалау жүзі қатты терлегеннен қып-қызыл. Ол басқалар секілді қамшысын тістеп алмаған. Бүлдіргесінен салақтап білезігінде бос жүр. Шал көзін қамшыға салғанында, төменде — тағалы тұяқтар астында жер ұршықтай үйіріліп жатыр екен.
Бөкенбайдың бауырындағы кең жазықта бұрын-соңды мұндай ұлы көкпар болғанын шал көрген де, естіген де емес. Дәл бүгін қарасы үш жүзге тарта ер-азамат ер үстінде. Көрші ауылдарды былай қойғанда Ертістің арғы беті — Семей өңірінен де жетерлік. Өңшең өлермен шабандоз осында жиналғандай. Араларында ат жалын тартып мінген өндірдей жастар да, белді атпен білек танытатын қырықтағылар да, құла түзде құрық сүйретер қарасақалдар да баршылық. Тұғырдан тая бастаған ақсақалдар ғана жоқ. Бірақ… аппақ құдай сақалы болмаса да, сұйық мұртын қырау шалған ат жақты көсе шал доданың дәл ортасында көкпарды бермей жүр. Оған шал деп көңіл аударып жатқан ешкім жоқ. Бұл көсе шал — Кәнтөжін Нұрғали.
Нұрғалидың «кәнтөжін» болуының да өз тарихы бар. Одан бері де мына даланың шөбі қаншама рет қуармады, бұл даланың пұшпағында қаншама рет көксерке кергіге түспеді. Ол күндер де ғайып…
…Көкке кеме ұшқан көктем еді. Әйтеуір, аядай Ақшиде үлкен жиын болған. Жиылған жұртқа ауданнан келген адам аспандағы айға дейін еліміздің бір азаматы ұшып барып қайтқанын айтып, ауыл адамдарының түсініксіз сұрақтарына жауап берген. Сондықтан да сол бір көктем есінде қалып қойды… Ал соның артынша ауылда түйе мен жылқы жинау науқаны басталды емес пе. Науқан кезінде ғой «кәнтежін» атанғаны.
Ол өзі былай…
Ақсүйекті аштық пен сұрапыл соғыстан кейін әжептәуір өсіп-өнген ойсылқара мен қылқұйрықтыны қажетсіз түлік деп жинап-терген көктем келді. Жетіқат көкке адам ұшқан көктем… Колхоз-совхоздікі жетпегендей бірен-саран қолда ұстаған кекілді мен шудалыны да өкімет бағасымен сыпыра бастады. Әлдекімдер қарсы болып еді, ауданнан милициясы бар өңкей бір сықиған киімділер толып кеткен.
Осындай күндердің бірінде Нұрғалидың ауласына да ауылсовет ерткен үш-төрт адам келді. Іштерінде милиция да бар. Сөзді ауылсовет бастады. Ол өзі соғысқа қатысқан, елуді еңсеріп қалған Қали деген кісі еді.
— Нұрғали, біз әдейі үй-үйді аралап, жылқысы мен түйесі барларға кіріп-шығып жүрміз, — деп әңгімені көп көлкілдетпеді — Өзің түсінесің ғой, жоғарыдан нұсқау келген… Қысқасы, табан тұяқ пен құйма тұяқты құрту керек! — Сөзінде ыза мен булыққандық бар.
— Құртқаны қалай? — деп, Нұрғали таңдана сұрады да: — Сонда мен жалғыз Желжорғаны бермекпін бе? О ненің ақысы? — деп шап ете түсті.
Сол-ақ екен, галстук таққан тақыр бас тыз ете қалған.
— Сен немене бүйірден бүлік шығарып. Өкімет бер деген екен — бересің. Қажет болса, Отанымыз үшін жаныңды бересің…— Қолыңдағы қара папкісін қолтығына қысып жақындай түсті. — Отанымыз дүние жүзінде бірінші болып космосқа ұшып жатқанда, сен қайдағы бір қотыр тайыңды уайымдайсың. Елімізге қазір қаражат керек, қаражат… Американы қуып жетіп, басып озуымыз керек. Ол үшін Қазақстан секілді мал бағатын жерде төл беретін түлік асырау керек. Жем мен шөпті күйсегеннен басқа түк бітірмейтін, терісі — тулақ, еті — қаракесек мыналарды азайту қажет…
— Әй! — деп, Нұрғали сөзін бөліп жіберді — Өзің не оттап тұрсың? Шөп пен жемді жейтінің жылқы мен түйе болғаны ма? Қай ата-бабаңнан көріп ең, жылқы мен түйеге шөп тасып бергенді. Олар аяғымен күн көріп, тұяғымен қар тебетін қасиетті жануарлар ғой, ақымақтар! — деп, Нұрғали шыдай алмай айғайлап жіберді.
— Кім саған ақымақ? Кім? Құрышбаев па? — деп, әлгі де шақарлана қалды. — Тіл тигізбе, тілің ұзын екен. Оскарблять еткенің үшін жауап бересің. Мен саған үкіметіміз бен партияның тапсырмасымен келіп тұрмын. Қарашы мұның, ә… Нахал! Оңтүстікте есектерге дейін етке өткізіп жатыр. Есектің еті де тамақ: зоопарктегі жыртқыштар үшін.
— Ендеше сол есектер бар жерден жина. Біз есек асырамаймыз, — деп бұл екілене беріп еді, араға милиционер араласты.
— Молчать! — деп ақырды ол. — Мен, Балықбаев, мұндайға жол бермеймін. Адамның жеке басын неге қорлайсың? Құрышбаев екеуіміз еріккеннен жүрген жоқпыз — служебная обязанность… Бүкіл СССР көлемінде жүріп жатқан науқанға үн қосқың келмей ме?
— Сен неге қоқиланасың? — деді Нұрғали қыза түсіп. Оның қаны көтеріліп, түсі түнере түскен. — Қорқытып-үркітпекпісің? Соғыста қорқып, үркіп болғам. Енді қорқарым жоқ.
— Жауапқа тартам!
— Тарт! Тарта бер. Тапқан екенсің мал бергішті. — Айғай-шуды естіген маңайдағы көрші-қолаң алыстан баспалап қарап, жиналысып тұр.
— Болды, болды, Нұрғали, — деді Қали сабырлы дауыспен — Қазір сенің малыңды алғалы жатқан ешкім жоқ.
— Қалай, ешкім жоқ? Сіз өзі қалай сөйлейсіз, жолдас сельсовет? — деп папкалы Қалиға қарады. — Ауыл ішіне іріткі салып жүрген өзіңіз емес пе? Жарқын коммунизм құрамыз деп отырған кезеңде, қазақ даласында қой мен сиыр, егін мен шөп қана мол өнім беретініне көз жетіп отырған шақта мына сөзіңіз сұмдық қой… Жылқы мен түйе совхозын жойып, бірыңғай қой совхозын құрып, оларды тез семірту үшін тусырап жатқан Ақжалға жүгері егеміз. Жүгеріні сүрлем қылып береміз. Осы игілікті істе директорға кім қол ұшын береді, сіз болмасаңыз? Бұлтақты қойыңыз. — Қасындағы жұқалау жігітке: — Жазып қой, — деді.
— Бұл үйде бір жылқы бар.
— Ә, әкеңнің…- деп, Нұрғали қораға қарай тұра жөнелді.
— Көрсетермін жазғанды.
Нұрғали жүгірген қалпы қора алдында сүйеулі тұрған қайың құрықты ала салып, көздері алая кері бұрылды.
— Әй, әй! Мынау қайтеді- ей?!. — деп, Құрышбаев жан-жағына жалтақтап, шегіншектей берді.
— Молчать! — деп ақырды Балықбаев милиционер.
— Тоқта! Қап, қару алып жүруге бастықтардың рұқсат етпегені-ай!..
— Мал құлағы саңырау… Үндемейтін момын — мал ғана қалғаны ғой. Мен мал емеспін. Мені көкпарға салған көксеркедей талай алмайсыңдар… Желжорғаға жолата қоймаспын. Беретіндер бере беріңдер, көнетіндер көне беріңдер… Ей, келімсек сұмпайылар, қашпаңдар! Желжорғаны өлігімді аттап аларсыңдар… Ө-лі-гім-ді…
Ауылсовет бастаған адамдар анадайда тұрған көрші-қолаңға барып қосылған. Құрышбаев:
— Әй, мынау контужный екен ғой. Контужный болмаса сүйте ме? Контужный… — деді.
— Е, оның мінезі ит қой… Аштық жылдары айдалада ақыл-естен айырылып, пері қаққан оны… Оған сот жоқ. Соғыстан қаны бұзылып келген…- десіп, ауылдастары әр саққа жүгіртісті.
— Тошна, контужный… Мұның пәлесінен аулақ. Ертең контужныйға тиісіпсіңдер деп біреулер арыз жазып жүрер. Жалғыз айғыры қала берсін, байталсыз ол кімге сәурік болар екен. Біз оған жылқы атаулыдан тұқым қалдырмай мысын құртайық, — деп ділмарсыды Құрышбаев.
Ашынған Нұрғали болса құрықты сүйей салып, аша айырын көтеріп алған қалпы ауласының ішінде аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып көпіріп тұрған.
…Қазір мына көкпарға салып жүрген сол — алпыс бірде қалған Желжорғаның тұқымы.
* * *
Күн райының қабағы салыңқы. Түнде ғана түрпідей тие бүріккен жаңбырдан соң, жерден шаң да көтерілмейді. Дымқыл ауада піскен жусанның ашқылтым иісі бар. Даланың құмдауыт топырағы топырлаған тұяққа да жабыспайды. Аттың терлігі, жігіттің ерлігі егеске түскен дүлей дода дәуірлеп алған.
Кәнтөжін Нұрғали бағана көксеркеден айырылып қалып еді, содан бері серке де талайлардың тақымынан сусып шықты. Шабандоздардың көптігінен бе, көпшіліктің өлермендігінен бе ол әзірге қол жеткізе алмай жүр. Ұйлыққан топ дода арасынан шығарар да, шығып қалғандарды кіргізер де, өз дауыстарынан бөгде үнді естіртер де емес. Анда-санда ғана жел қозғаған құрақтай лықсып-лықсып алады. Көбінесе арқандалған аттай шеңберленіп, өз ішінен ширыға түскен. Кейбіреулері ғана некен-саяқ шеттеп, үміттерін үзгендей оқшау жүр. Олардың да өз ойы бар. Біреу-міреу қалың топтан көкпармен сытылып шықса, сынаптай ағып ауызды соған салмақ. Бірақ оған аттары алымды, жүйрік болса екен.
Көксеркеге қолы ілікпей тісін қайраған Кәнтөжін көкпаршы дода дуының дәл ортасында жүрсе де, әкесі Кәкім жайлы ойлар еркінен тыс құйындай соғып өтеді. Ондайда жазықсыз Көкбестіні осып-осып жіберіп, қалың топты қазір жарып өтердей омыраулатады келіп. Мұндай сәтте тұрқы ұзын, өзі жатағандау, бірақ кеуделі Көкбесті қалың қарда малтыққан ор қояндай орғи ытырылып, сыналап соқпақ салса да, өзіндей өңмеңдеген басқалар қарқынын басып, жолын кесіп, ұзаққа жібермейді. Қанша қатты қимыл көрсетсе де адым аштырмайды.
Көкпардан айырылғаннан ба, ойқастаған ойлар Кәнтөжін көкпаршының ызасын күшейтіп, мазасын ала түскен. Ой да мынау кең далада шиыршық атып, ұйқы-тұйқы ұрынып, мезгіл-мезгіл айналып соғатын қара құйын секілді ғой. Құйынға дауа жоқ… Кейде ту-талапайға түскен көкпардың өзі құйын дерсің… Қазір ғана топталып, іштей ширығып, ұшан дала төсінде бір уыстай көрінген додашылар тығыны атылып кеткен торсықтан лақылдай ақтарылған ақтай лап беріп, қара жерді дүбірлете ғайып болады. Бір жерден екінші жерге оп-оңай орын аударады.
Ойына астындағы атын терге малшынтып, есік алдына алқын-жұлқын келіп, ащы айранды басына бір-ақ төңкере салып, қайта тұра шабатын жастау әкесі орала береді… Ол да ауыл арасында көкпар тартып, додаға түсіп жүруші еді. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, соғыстан оралған соң бұл да дода десе делебесі қозып, додашы болып алған. «Кәнтөжін Нұрғали», «Кәнтөжін көкпаршы» аты Ертістің арғы-бергі бетіне аңызға айнала тарағаны да рас. Әкесіндей көкпаршы болса да тағдыр-талайлары түрліше соқпақ салған…
Әкесінен айырылғанда Нұрғали алты жастан асқан бала еді…
Ту сыртынан тықсырғандар ойын бөліп жіберді. Қасындағылар да алға қарай өршелене ұмтылған. Енді бұл жақтағы додашылар қол төңкерердей қозғалып кеткен. Алып шеңбер ішінде дөңгелене ауған топ бұл жолы белгісіз жаққа қарай жөңкіле жөнелген жоқ. Иірімдей үйіріле берді…
…Осы Күршім өңірінде адам айтып, құлақ естімеген ғаламат аштық жайлайтын жылдың ерте көктемінің бір күні әкесі Ақжал бойындағы жылқы ішінен келді. Тұз-нан секілді оны-мұны қоржынға салып, көз жасын іріккен шешесімен ат үсті қоштасып, шынашақтай мұны ауыл шетіне шейін алдына мінгізіп барып, қатқыл мұртымен мойнын қытықтай иіскеп, ер үстінен жерге еңкейе ептеп түсіріп, артына бұрылмастан шаба жөнелген… Осы бір көрініс ғұмыр бойы есінде қалып қойды. Әкесі жайлы ең бір тәтті сезімге бөленгенде, осы сәт көз алдына келеді.
Көктем туа-ақ қолдағы ұсақ пен тайынша-торпақты жинап, артельді колхоз қылып кеңіту мақсатымен ортақтастыру басталды. Неге екенін кім білсін, бұлардың жалғыз сиыры мен бұзауы аман. Ортақтастырылып орталыққа айдалған жоқ. Ол жақта осығұрлы көп малды қайда құртып жатқанынан, кім жамбасына басып жатқанынан бүкіл ел хабарсыз… Кәнтөжін Нұрғали күні бүгінге дейін түсінбейді… Әкесі кеткелі атқа мінген, орысша киінген қайыстай қара қазақ түс кезінде бұлардың үйінен шай ішетін болып алды. Әйтеуір, жоғарыдан келген әлгінің алдында жұрт біткен құрдай жорғалайтын.
Шешесі оның келгенін жақтырмаушы еді, бірақ үндемейтін. Бала Нұрғали да иттің етіндей жек көреді. Әсіресе ыздиған отырысы, түлкі көзденіп езу тартқаны, паң кейпі, жастықта шынтақтай жатып шай ішкені. Бұл көбінесе ол келгенде далаға шығып кететін. Сол тыныш.
Ауылда «Ақши» егін колхозы құрылғалы, Ақжал даласында жер қызғалы ер-әйел демей, ересек балаларға дейін ауылдан ат шаптырым жерде дамыл жоқ. Үлкендермен еріп кішкентай жалаңаяқтар да талай шұбырған. Табанға кіріп кеткен шөгір мен балтырды тіліп өткен сояуды айтсаңшы… Ақжалда дән себіле сала кетпен-күректерін арқалаған адамдар ауыл іргесінен ағып жатқан Қалғұты өзенінің таудан құлаған тұсынан тоған қаза бастады. Көпшіліктен қалмай ұлын ертіп шешесі де жүрді. Ауданнан анда-санда келетін қайыс қара шырт-шырт түкіріп, сынай қарағанда, жұртты тарының қауызына сидырардай мысы басатын…
Дода кенет дүркірей жөнелген. Кәнтөжін Нұрғали да көкпарды осы жолы бөліп алып шыққан шығар, бөлінсе қуып жетіп, айызым қанғанша тартысармын деп көп ішінде шауып келе жатып ойлап, қамшымен Көкбестіні көміп-көміп жіберген. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. Бауырлары жазылмай жатып үйірілді де қалды… «Қалай десең де көкпар үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған топ керек. Әйтпесе әркім өзінше тартқанмен, өзінше мықты болғанмен, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетері сөзсіз. Айғай-шуға ессіз еліріп, дүлей дода дуынан есеңгіреп қалғандар арасында жалғыз шабандоздың жанталасын сезінер, жанын түсінер пенде де жоқ қой бірақ…» деп ойлады ол.
…Сол жазда колхоздастырылған малды аудан орталығына топ-тобымен, табын-табынымен айдап жатқан. Әкесін сағынған Нұрғали шешесінен сұрап еді: «Алтайдың өр басында жылқы бағып жүр, күзге салым келеді» деген.
Күз де түскен. Ақжалдан тәп-тәуір егін де жиналған. Шөп сарғайса да, әкесі Кәкім Алтайдан орала қоймады. Үй санап, кісі басына кірі арзымас астық берілген. Малсыз астық ағармас. Кешікпей-ақ аштық басталды… Ауыл арасында тігерге тұяқ боп қалған бұлардың жалғыз сиыры мен баспағын ашынған жұрт бір-ақ күнде жайратып салды.
Ақшиден жұрт тентірей бастаған. Ер-азамат көздері мөлтілдеген балалары мен кемсеңдеген әйелдерін артына тастап, нәпақа іздеп қаңғырып жатқан. Мұның шешесі де қазан келгенше, қыс түскенше шыдап бақты да, қалған-құтқанды боқшаға салып, жол бойы шөп тамыры мен боқшадағы тірнектеп жинағанды талғажу көріп, Бөкенбайдың күнгейіндегі қайын жұртқа сапар шеккен. Әйтеуір, арқадағыны амалдап, адамы аштан қырылып жатқан ауылдарды паналап, жолда ит-құс жеген өліктерге куә болып, зорға жетіп еді.
Бұл жақта да аштық. Ісіп-кеуіп өліп жатқан адамдар. Алтайдың ақырған суығы. Ешкім-ешкімге қарар жайы жоқ. Бұралған аштық жайлап алған. Тәуекел деп тас жұтқандар Қытай ауып жатыр… Туған жер деп тоқтап-тоқырап қалғандар тұралатқан тағдырға мойын ұсынғанды.
Нағашысы айтулы аңшы адам екен, отыз үштің мамыры келгенше бөкен атып, қоян аулап бір үйлі жанды асырады ғой. Шешесі жолда өткен суықтан ба, жарына деген қайғыдан ба, құсқанаты келгенше төсек тартып, ақыры о дүниеге аттанды. Әкесі хабарсыз кетсе де, оның тауқыметті тағдырын кейін ауылдастарынан естіген.
Жаз бойы жайлауда жатқан жылқышылар әні-міне ойға түсеміз деп отырғанда опыр-топыр болып, үркер үрікпей көрші колхоздардың қылқұйрығын қосып алып, әлдебір бұйрықпен мыңдаған малды Семейге асығыс айдайды. Күздің қарасуығында қуалап айдағаннан қызылмай болып, жабағы-тайлар ұзақ жолға шыдамай құлап, кейде құлан қуудан кездесіп қалған суды ішіп қойып, талайы тышқаншық боп қырылып, ай-күннің аманында айдалада қаншамасы мерт болады. Семейге келіп жатқан малдың көптігінен Жетісу жері арқылы Алматы асырыңдар деген жаңа бұйрық, қалғанын аман-есен тез жеткізесіңдер, өлген-жіткені үшін бастарыңмен жауап бересіңдер деген небір «ескерту бұйрықты» арқалап ары кете барады. Осы жерде жылқышылар әр ауылдың бір жігітін босатып, өздерінің келер көктемге шейін келе алмайтындарын айтып, хабар беруге кері бұрады. Олардың өзі аштықта азып-тозып, жаз шыға бірен-сараны ауылдарына жеткен.
Ал әкенің арғы тағдыры әлі күнге беймәлім… Бірақ сол кезеңнен белгісіз тағдырлар аз ба?
— …Әкетті!.. Әкетті!… — деген ащы дауыс естіліп қалды да, көпшіліктің лықси аууымен Кәнтөжін Нұрғали да жөнеле берді. Алған беттері — Ақжал. Бәрі де жапа-тармағай шауып келеді. Бәрі де аттың белі, жігіттің жүрегі шешетін шайқасқа түскендей жігерлене жанығып, даурыға долданып келеді… Аласы мол көзіне қызыл қан құйылған, қоңырқай тартқан жүзінен ащы тер тамшылаған Кәнтөжін көкпаршының бүкіл бет өңірі әлем-тапырық. Қарауға жүрек дауаламастай күреңдене түтігіп кеткен. Омырауынан жел еседі.
Біртіндеп қалың қауым ішінен бірнешеуі қара үзіп шыға бастады. Оның байқағаны: алдарында алыстау кетіп бара жатқан бір топ. Шабыстары ширақ.
Өздері көксеркеге кергілесіп те бара жатқан жоқ. Қайта көкпардың жан-жағынан қоралай қоршап, аттың басын ағыза бос жіберген. Бұлардың ізіне түскендердің қарасы мол болса да, біртін-біртін алыстап қалып барады. Ал көкпарды ілген топтың қарқыны ересен. Бұл көкпар «майлы» екенін сезіп, алыстан топ құрып, көкпар ішінен «тор» құрып келгендер екені анық. Басы түйе қылып әр совхоз төрт түліктен тіккен ауданның пәленбай жылдық құрылу тойына тұңғыш тартылып отырған «майлы көкпардан» дәмелілердің бірі — осылар. Бұлар көрші Марқаның жігіттері болды… Бәрі де бурыл мінген. Талай көкпарды топтан жырып әкетіп, оңашада өзара таласа тартысып, кейде қолдан келмесе доданың берекесін кетіріп, өзара жанжал шығарып көкпарды дау-дамай, тіпті торғай-тозым қылатын перілер.
Жамырай желдеп келе жатқандар ішінен он шақты оқшауланып еді, енді екеу-ақ. Бес-алты бурылды егіз қозыдай екеу қуып жетер… Басқаларға олар да маңайлатпас…
Өзімен жеке-дара бөлініп шыққан ақжал күреңді екенін көрді. Бағана екеуі көп тартысып, ақыры осы ақжал күреңді айырып алып кетіп еді. Енді есесін жібермес.
Екеуі де қамшы басты…
* * *
Сонау аштық жылдары шешесі елмен бірге бидай еккен, алпысыншы жылдары өзі жүгері суғарып, құлақ байлаған Ақжалдың жолақ-жолақ ескі аңызымен аттары сағымдай ұшып, тұяқтары астында түрен қайыра тимеген дала туырылып қалып жатыр. Қырғын доданың ортасынан көкпарды қақпайлап алып шыққандармен аралық әп-сәтте қысқара түскен. Жақындай бере екеуі де ақылдасып алғандай астарындағы ат-айғырларын тартып-тартып жіберді. Кәнтөжін Нұрғали қамшысын аузына тістеп, ақжал күреңді қолына ұстап, сынаптай аққан бетте араласып кетті.
Олар да мұндай шалт қимылды күтпесе керек. Қамшылар жақтан сыналап сырғып келген Кәнтөжін Нұрғали көксеркені тақымына басқан додашы жанындағылар ес жиям дегенше, сорғалаған күйі бес саусақты салақтаған дененің сирағынан шеңгелдей салды дейсің… Сол аққан ағынымен серкені жұлып әкеткен. Дереу оң жақ тақымына баса беріп, көкпардың артқы сирағынан ердің қасымен қоса ұстаған сәтінде, сираққа орала шұбалып жүрген қайыс қанжығаны көзі шалды. Әлгілер көкпарды жұлып алғандай болса, қанжыға ұстап қалсын деген ғой. Әй, мерездік-ай!
Әне-міне дегенше Көкбестінің қыза-қыза кұлашы жазылатын әдетімен ұзай түскен. Бірақ бір қаупі бар: ол — ақжал күрең-ді.
Кәнтөжін көкпаршының құлақ тұсынан дүбір күшейе түскен. Өзі енді ғана байқады, не айдалаға емес, не ауылға емес, тура тұнжыраған кәрі Ертіске қарай шауып келеді екен. Додадан көкпарды құтқарғандай алып шығуын шықты-ау, бірақ аттың басын қайда бұрмақ?.. Көз алдында — тұңғиық тартқан Ертіс, ту сыртында — талап жердей топ-тобымен аңдыздаған аттылар. Бос бүйірге бұлт етіп шығып кетпес үшін олар да қос қанатын кең жая алқымдап келеді.
«Алдың – су, артың – ну…» деген осы-ау деп ойлады ол. Мына додадан бөлініп шығу оңай болмас… Қай жағына қайырылсаң да қанталапай. Қандай амал бар? Хош.
Сүмбіле туа суынған Ертіспен аралық жақындай түскен. Кәнтөжін көкпаршы ешбір түйінге келе алған жоқ. Қайдан келсін, ақжал күрең құйрық тістесіп, өкшелеп келе жатса. Әбден мылжа-мылжасы шығып, иленген терідей былбырап, қол-аяғы сынған, басы кесілген көкпарды Ертістің арғы бетіне жүздіріп өте шыққысы бар-ау… Атына сенетін сияқты.
Ақжал күреңді үзеңгі қағысты. Кәнтөжін шал көкпар сирағын қолымен, денесін тақымымен қыса түсті. Бірақ қарсыласы қолға да емес, көксеркеге де емес, тізгін тартылған езулікке байлаулы қыл шылбырдан жабыса ұстаған-ды. Қолы қарысып қалғандай айғырдың басын босатар түрі жоқ. Ертіске карай еңсеріп барады.
Арғымақтың белі, азаматтың білегі сынға түсетін тұс.
Еңкейген еңіс. Ертіс жағасының есілген құмды еңісі. Кәнтөжін додашы сілікпесі шыққан көкпарды Ертістің тұңғиығына тоғытып алмақ па, әлде құмды жағаға лақтыра салмақ па, ол арасын өзі де бағамдап үлгермеді. Кенет Көкбестімен қатар шапқан Ақжал сүрініп, ақсары жігіт ағасы ақ құм үстінде аунап қала берді. Көкпарлы Көкбестінің тізгіні ақсарының қолынан сусып кетті…
Кәнтөжін Нұрғалиға бұрылуға мұрша жоқ. Жер тар. Алды жар. Аткөпір көк су. Артында доғадай иілген, дүрілдей лекіген нөпір шабандоз. Сүренді салып келеді. Беті жаман.
Көкпарға қызығушылық құмарлығы емес, дода дуынан шал бойында долылық билей жөнелді. Өз-өзін қас пен көздің арасында ұстай алмай қалған. Серке сирағын қоя бере салып, тегеуірінді тақыммен қысып, аузындағы қамшымен шықпыртып-шықпыртып жіберді. Бұрылуға бейімделіп келе жатқан Көкбесті жануар тәні тызылдай ауырып, келіп қалған керіш құмды жардан түнеріп жатқан терең Ертіске бір-ақ қарғыды.
Шалдың қып-қызыл қанталаған көз алдында ақ тер-көк тер боп көкпар тартқан әлем төңкеріліп, шыр көбелек айналып бара жатты. Екеуі де тереңге тоғытылып, толқынға көміліп шықты. Мұздай қарыған судан адам жаны тіксінді, жылқы тәні түршікті. Тынысын тереңнен алып, тұңғиық күйде толқып жататын кәрлі Ертіс елгезек ағысымен ала жөнелді. Көкпар тақымнан бұлт етіп шығып, толқынмен толқи көтеріліп, қарттың қарын талдыра бастады. Артқы аяғынан ұстаған қарулы қол қаншаға шыдары белгісіз. Босаса — безе жөнелмек. Күні бойғы тартыстан денесі суға тигелі көкпардың таңы да сыр берген.
Жаға алыс. Ерке Ертістің есер ортасына іліккен. Көкбесті ағыспен ығыса түскен. Бел алып шыға алар емес… Кергіге түскен көксерке ұлы өзенде елеусіз қалқып барады. Толқын қуалай құлдырап кетуге шама жоқ… Айырылмас қол бар.
Додагер асау дүрмек қара Ертістің ақшулан толқынындай лықсып келіп, жар жиегіне жете ілгерінді-кейінді ат басын іркіп, бір орындарында тұрақтай алмай топырласып қалған.
Бүйірлерінен толқын ұрып, айналасы ақ көбіктенген Нұрғали мен Көкбесті жанталас үстінде жүзіп барады. Жағадағылар аттарын ойната өзара ду- ду.
Көкбестінің арқыраған ащы үні естілді… Жар жағалағандар жым-жырт бола қалды. Кең дала дауыл алдындағыдай тып-тыныш. Түнеріңкі аспан, тылсым төңірек. Сүмбіленің суына малтыққан жылқы мен адам ғана көкпармен қоса арпалысып барады.
Көкбесті күркірей тағы кісінеді… Олар кәрі Ертістің ортасындағы ұлы ағысқа тұтылған.