Алдан Смайыл: Рухани жаңғыру үшін рухани тазару керек

147

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 12 сәуір күні еліміздің болашағы үшін айтарлықтай орны бар, бүгінгі ұрпақтың ертеңі үшін ерекше бағдарламаларды қамтыған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялаған болатын.

Бүгінгі таңда еліміз көлемінде жаппай қолға алынған бұл бағдарламаның берері көп. Дегенмен жалаң ұран, жылтыр сөзбен емес, нақты іспен, көзге көрінер нәтижеге жету үшін әлі де атқарылар іс аз емес.

Ал қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл ағамыз рухани жаңғыруды жүзеге асырудың көптеген тетігін атап көрсетті.

Рухани жаңғырудың қайнары – ұлттық салт-дәстүр

— Рухани жаңғыруды неден бастаған жөн?

— Рухани құндылықтарды түгендеуден және ұлттанудан бастаған абзал. Осы жерде ұлттану дегеніміз не деген сұрақ туындайды. Қазіргі қазақты тану, оның қасиеті қайсы, қасіреті қайсы – осыны анықтау, ұлттың мінезін біліп, сырына үңілу.

Ал ұлттық қасиетке келер болсақ, ол бағзы заманнан қалыптасып келеді. Онда ғұндардан қалған империялық асқақтық та, көктүріктер заманындағы байсалдылық та, сыртқы жаулармен ұзақ шайқастарда шыңдалған батырлық та, дархан даладан дарыған кеңдік те, көшпелі өмірден қалған енжарлық пен жалқаулық та, кешегі кеңес ғасырындағы жағымпаздық пен жалтаңдық та, опасыздық пен сатқындық та бар. Ұлттық мінезді, міне осындай жағымды-жағымсыз қасиеттер айқындайды.

Ал бүгінгі қазақтың мінезі мен қасиеті өзгерді ме? Өзгерсе қай жағынан? Ол өзінің діні мен дәстүріне берік пе? Ұлттық құндылықтарын дәріптей ала ма? Тарихтан тәлім алып отыр ма? Қазақ азаматтарының біраз бөлігі неге осы күнге дейін орысша сайрайды? 400 мыңнан астам қазақ баласы неге орыс мектебінде оқып жатыр? Елге ие болады деген саяси зиялылар неге халықтың қалтасына қол салады? Қазақтың ортасынан гей деген пәле қайдан шықты? Жас балаларды зорлау мен қорлау неге жиілеп кетті? Нәрестені көше мен қоқысқа тастап жүргендер шынымен қазақтың қыздары ма? Дінді неге жіліктеп, түрлі ағымдардың жетегінде кеттік?

Міне, осындай өрескел қасиетсіздіктерден арылмайынша, ұлт тұтастай рухани жаңғыра алмайды. Қайран Абай, қазақтың мінін бетіне басып, кемшіліктен арылтуға сонша неге ұмтылды деп ойлайсыз? Сол кемеңгер айтқан «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауыздар» тұрғанда, «қазаққа іші жау болып, сырты күлмеңдер» тұрғанда, «партия жиып, пара алған, пейілі кедей байлар» тұрғанда, «жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіргендер» тұрғанда рухани жаңғыруың қиын. Сондықтан мемлекет осылай қайта түлеу кезінде ұлттық қасиет пен ұлттың мінезін қалыптастыратын ұлттың өмір салтына ерекше назар аударуы қажет.

— Мұндай жағдай халықаралық тәжірибеде бар ма?

— Өрелі елдер бұған бізден көп бұрын мән берген. 1972 жылы АҚШ президенті конгрестің жанынан арнаулы комитет құрып, әлеуметтік перспективалық ақпарат жүйесін жасау жөніндегі дектерге қол қойды. Бұл комитетті сенатор Э.Кеннеди басқарды. Ол жасаған жүйеге АҚШ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының басты мақсаттарының бірі ретінде өмір салтын қорғау міндетін енгізді. Осыдан соң «Әлеуметтік көрсеткіштер» деп аталатын жалпы мемлекеттік жүйе жасалды. Сол арқылы АҚШ-тың қатардағы азаматтарының өмір салты параметрлері айқындалды. Олар тар ауқымда алғанда жеке адамның, кең ауқымда алғанда тұтас ұлттың мінезі мен қалыптасуына әсер ететін 8 блокқа жіктелді. Атап айтсақ: денсаулық, қоғамдық қауіпсіздік, білім, еңбек, табыс, тұрғын үй, демалу мүмкіндігі және демократия.

Осы параметрлер бойынша АҚШ билігі америкалықтардың технологиялық жай-күйіне стратегиялық талдау жасайды, ұлттық мінезі мен дағдысы қай бағытта өзгеріске түсіп жатқанын анықтап отырады. Ұлтқа ішкі және сыртқы ақпараттың психологиялық әсерін дер кезінде біледі. Мәдениеттер мен салт-дәстүрлер алмасу процесін бақылауда ұстайды. Жиналған деректерге байланысты мемлекет тиісті шешім қабылдайды және оны жүзеге асырады.

Қазақстанда осындай мемлекеттік жүйе бар ма? Жоқ болса, оны құру қажет. Мұнсыз, яғни ұлтты әлеуметтік-психологиялық тұрақты зерттеусіз оның тарихи салт-дәстүрін сақтау және осы заманға сәйкес жаңғырту оңай емес. Дәлірек айтсақ, мүмкін емес.

Біз осыны ескере отырып, рухани жаңғырамыз десек сыртқы кері әсерлерге тосқауыл қоюға тиіспіз. Феминизм, адам құқын жамылып азғындау, көпмәдениеттілік пен көптілділікке әсіре әуестік, ақпараттық толассыз агрессия қазақта бұрын ешуақытта болмаған сорақы мінез-қылықтардың болуына әкеп соқты. Бұлай жалғаса бермеуі керек.

— Мұны тоқтатудың жолы бар ма?

— Ол үшін мына бір мәселенің барынша маңызды екенін айтқым келеді. Ұлттық қасиет пен намыс, ұлттың тілі мен өмір салты, рухани талап-тілегі – бәрі заңмен қорғауды қажет етеді. Өзара сыйластық, шынайы махаббат, туысқандық, бауырмалдық сезімі секілді адамға тән асыл қасиеттер де солай. Біз өкінішке қарай, заңдарды адам мен адамгершілікке бейімдей алмай келеміз. Айтыңызшы, адамның тұлға емес, биологиялық тіршілік иесі түрінде материалдық қажеттіліктерді ғана іздеушіге, ал халықтың барлық рухани қайнарлардың көзі ретіндегі қасиеттерін сұйылтып, технократтық топқа айналмауын қамтамасыз ететін қандай заң қабылданды?

Мәжілісте депутат болып жүргенде осы мәселені көтердік. Көтеріп қана қоймай, заңды жаздық. Гүлмира Исімбаева, Гүлнәр Сейтмағамбетова үшеуіміз дайындаған заң жобасы: «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» деп аталды. Парламентте 6 жылдан астам уақыт өрге сүйреумен болдық. Депутаттардың қолдауымен қос палатадан өткіздік. Бірақ заң күшіне енбеді. Заң жобасындағы дәстүрлі емес сексуалды жыныстық қатынасты кәмелетке толмаған балалардың арасында насихаттауға болмайды деген тармақ кедергі келтірді. Тосқауыл қойылғанда бұл ашық атап көрсетілмесе де білдік.

Ал Ресейдің Госдумасы дәл осындай заңды бізден бір жыл кеш қолға алған еді, барынша жедел қабылдады. Сол кезде осы ел Сочи олимпиадасын өткізгелі жатқан. АҚШ пен Еуропаның гейлері, оларды қолпаштайтын халықаралық ұйымдар олимпиадаға блокада жасаймыз деп үсті-үстіне дабылдатқанына қараған жоқ.

Рухани жаңғыратын ұлт пен оның мемлекетіне осындай табандылық керек.

Ал әлгі заң Мәжілісте қайта талқыланып жатыр. Бірақ қазіргі нұсқасында гейлерге ұнамайтын тармақ жоқ.

Қазақстанда киесіз жер деген жоқ

— Рухани жаңғыру барысында тағы қандай шараларға мән беру керек деп ойлайсыз? Киелі жерлер туралы ойыңыз қандай?

— Тарихта бар, өркенді елдердің ғалымдары білетін және зерттеген рухани кереметтерімізді ұлттық рухани жаңғырудың құдіретті күшіне айналдыру парыз.

Мен сонау 90-ыншы жылдан бері мына мәселені ұдайы көтеріп келемін. Астана Ақмолаға көшкенде Премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке барып та айттым. Кейін Парламентте талай рет қозғадым. Ол – түркі жазуын, Күлтегіннің көк тасындағы жазуды, көк түріктің әліпбиін ардақтау туралы ұсыныс еді.

Өзіңіз айтыңызшы, біздің төл әліпбиіміз бар. Сонымен тасқа қашалған тарихымыз бар. Ендеше оны неге жыл сайын Ұлы Дала өркениетінің жауһары, адамзат мәдениетінің үздік құндылықтарының бірі ретінде мемлекеттік, ұлттық ауқымда атап өтпейміз? Осындай іргелі елдік қадам арқылы бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың мақтанышына неге айналдырмаймыз?

Ресей мен басқа славян мемлекеттері өздерінің осындай әліпбиін – криллицаны құрметтеуді өткен ғасырдың соңына таман қолға алған болатын. Содан бері үзбей дәріптеп келеді. Белгіленген күні криллица жөнінде ғылыми конференциялар өтеді, мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Мәскеу, Санкт-Петербург, т.б. өзге де қалаларда жұрт ашық аспан астында ұлттық ғажайыбына деген ілтипатын білдіреді.

Осыны көріп отырып тып-тыныш жатқанымызға қалай күйінбейсің? Премьер-министрлерге, олар ауысып жатты ғой, бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Соңғы сауалыма салиқалы жауап келді. Онда: Руна-бітік жазуы мерекесін елімізде атап өтуге келетін болсақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі осы мәселе бойынша нақты негіздемелер мен құжаттарды әзірлеп, 2014 жылдың республикалық бюджеттік комиссиясына ұсынады» делінген. Рахмет дедім. Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2014, 2015, 2016 жылдарға арналған бюджетінде бұл тілек «Түркі жазбалары мен мәдениеті күні» деген атаумен енгенін көріп және қуандым. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп бұған тоқтап қалмай, Мәжілістегі сол кезде Дариға Назарбаева төрайым болған Әлеуметтік-мәдени даму комитеттінің осы мәселе күн тәртібіне енген көшпелі отырысын Еуразия ұлттық университетінде өткіздік. Оған белгілі тіл ғалымдары, Білім және ғылым вице-министрі қатысты. Бітік жазуы күні 18 мамырда жыл сайын аталатын болсын деп пәтуаластық.

Ұмытпасам сол жылы күзде ғой деймін, түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Бодрум қаласында өткен саммитінде бұл ұсыныс Қазақстан тарапынан жасалған ұсыныс ретінде қаралып, қолдау тапты.

Рухани жаңғыру барысында осыған нақты қол жеткізейік. Ата-баба жасаған өркениет шынайы жаңғырудың құдірет күшіне айналсын. Бізге осындай мемлекеттік деңгейдегі тұрақты өтіп тұратын жоталы шаралар керек. Науқандық шаралармен алысқа бармайсың.

Мұны бір десек, екіншіден, біздің рухани тамырымыз Қазақстаннан тысқары жерлерде жатқанын да ескеруге тиіспіз.

Біз неге бастапқы тарихымыз, астарлап айтсақ, даңқты тарихымыз қайнарланған Орталық Моңғолия мен Шығыс Түркістандағы археологиялық мұраларымызды сол аймақтарда тұрақты жұмыс істейтін ғылыми орталықтар ашып зерттемейміз?

Бұл мәселені, аса қажетті мәселені, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі түркітанушы, археолог Қаржаубай Сартқожа көтерген болатын. Мәжіліс депутаты ретінде маған да айтты. Екеуміз тізе қосып, Үкімет басшыларының табалдырығын тоздыруға кірістік. Моңғолиядағы Майхан-уул (Шатыр тау) жерасты кесенесінің жанынан Қазақстанның ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы өтінішімізді қолға ұстап, зыр жүгірдік.

Қаржаубай осы жерден тапқан кесенеден 46 қабырға суреті, 105 адам және жылқы мүсіндері, 122 алтын әшекей, 62 дана байырғы Түрік, Соғды, Византия алтын ақшалары, темірден жасалған құлып, басқа да 36 бұйым шыққан. Осыдан-ақ бұл кесене ежелгі Сақ, Ғұн, Көк түрік этномәдениетінің сабақтастығын дәлелдейтін айрықша тарихи нысан екені көрініп тұр ғой. Соны ескергені шығар, Моңғолия республикасы Премьер-министрінің кабинеті 2011 жылғы қазанда қазақ археологтарымен бірлесе отырып, кесенені мұражайға айналдыру жөнінде шешім қабылдайды. Енді Қазақстан бұған көңіл бөлмесе, тарихи орынға Жапония немесе Қытай қол салуы мүмкін.

Осыны, сондай-ақ, шетелдердің Моңғолиядағы тарихи жерлерге ерекше қызығуда екенін айтумен болдық. Мәселен, Жапония Шыңғыс ханның алғаш ту тіккен астанасы Аурык-Орда қаласының орнына базасын салған. 125 шақырым электр желісін тартып, 150 шақырым асфальт жол салған. Ұшақ қонатын алаңы да бар. Түрки мемлекеті Күлтегін мен Білге қаған кешеніне мұражай тұрғызған. Германия Қара-балғыста (Орда-балық) базасын тұрғызған. Қазір барлығы да зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал біз ше?

Қанша есікті ашып, қанша лауазымдының мазасын алғанымызды айтпай-ақ қояйын, мәселені екі адам – Дариға Назарбаева мен Тамара Дүйсенова шешкенін ғана айту парызым.

— Ол кісілер қалай шешті?

— Дариға Нұрсұлтанқызы Премьер-министрдің орынбасары болып тұрғанда аталған мәселені алдына барып көтергенбіз. Есінде жүрген ғой, Тамараның Моңғолияға іс-сапармен баратынын естіп, онда ғылыми орталық ашудың жай-жапсарын біле кел дейді. Тамара Дүйсенова бізді шақырып алып, мәселенің мәнісіне қанды. Араға апта салып оралған соң қоңырау шалып:

— Сіздер көтерген шаруаның орынды екендігіне көзім жетті. Өзімнің байлам-пайымдарымды Дариға Нұрсұлтанқызына айттым, сол кісінің тапсыруымен Үкімет басшысына хат дайындаймын — деді.

Көп ұзамай Премьер-министрдің Майхан-уулда Қазақстанның ғылыми базасын ашу жөніндегі шешімі шықты.

Өкінішке қарай, әлгі база әлі күнге жоқ. Рухани жаңғыру аясында осы маңызды шаруа қайта қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Рухани жаңғыру сырт елдердегі тарихи орындарымызды қамтымай, оларды зерттемей, ұлттың тәлімді құндылығына айналдырмай толық бола алмайды.

— Қазақстанның киелі жерлерін анықтадық дейік. Бірақ Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандарды бұған дейін де білеміз ғой. Сондықтан оны дәріптеу үшін бірдеңе істеу керек шығар?

— Иә, киелі жерлерге келсек, оларды айқындап алған дұрыс, әрине.

Бүгінде Қазақстан аумағында 30 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 25 мыңы – археологиялық. Мұның бәрі Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген. Солардың арасында шетелдерге де мәшһүр Тамғалы және Теректі әулие тас суреттері, Бекет ата, Шолпан ата, Шақпақ ата жерасты мешіттері, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері, Қарахан, Айша бибі, Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл мазарлары, басқа да көптеген тарихи орын бар.

Тәуелсіздік алған жылдары әр ру өздерінің түпкі аталары мен бабаларына асқақтатып ескерткіштер орнатты, зираттарын күмбездеді.

Мемлекеттің тарапынан ардақталып жатқан тұлғалар да аз емес.

Біз солардың бәрін киелі жерлерге жатқызамыз ба, бұл жағы маған белгісіз. Жалпы алғанда қазақта киесіз жер деген жоқ. Алтын бесік Алтай да, сайын Сарыарқа да, әсем Жетісу да, көркем Көкше де, ұлт ұлықтаған Ұлытау да, асқақтаған Алатау да, қасиетті Қаратау да киелі. Атақты хандар орда еткен Сығанақ пен Сарайшық та киелі. Жер анамыз қай заманда киесіз болып еді?! Сондықтан бұл орайда мың ойланып, жүз толғануға тура келеді. Өз басым әзірге осы киелілер тізіміне Астана қаласындағы қазіргі Қажымұхан стадионы тұрған жерді де қосар едім. Неге десеңіз, дәл осы жерде қазақ халқының Кенесары бастаған алғашқы ұлт-азаттық көтерілісі басталған. Хан Кене басқарған үш жүздің батырлары: шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, қыпшақ Иман мен Басығара, арғын Жеке батыр, табын Жоламан, дулат Жәуке мен Сұраншы, атығай Аңғал батырлар әскери бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан еткен. Ұлт тәуелсіздігін аңсаған сол қаһармандарға әлі күнге тағзым етілмей келе жатқаны біздің сүйегімізге таңба. Мен мұны да талай айттым. Әуелі ескерткіш-монумент қояйық дедім, ол сөзіме ешкім құлақ аспаған соң, бүгінде әлгі ерлердің есімдері жазылған мемориалды тақта ілейікші деп жалынып жүрмін.

Киелі жерлер көп, әлі де анықталар, мәселе мынада. Соларды бүгінгі балалар міндетті түрде көруі керек. Ұлтқа, оның тарихы мен рухани құндылықтарына жастардың құштарлығын оятудың ықпалды жолы осы. Әлгінде тілге тиек еткен ежелгі кесене-мазарларды басқа өңірлерді былай қойғанда, сол өңірдегі мектеп оқушыларының өздері біле бермейді.

Сонау 90-шы жылы, ұлттық сана туралы әпіл-тәпіл айта бастаған тұста, Целиноград қаласында бір топ қазақ азаматы айқасып жүріп ашқан бірінші-екінші сыныптардың балаларын қазақ деген байырғы ұлт бар екенін, оның ұлы тұлғалары мен бай тарихы бар екенін пәк жүрегімен сезінсін деп, көптеген қайшылықтарға қарамастан Ұлытау мен Түркістанға сапарға жіберіп едік. Сол өлкедегі тарихи-архитектуралық ғажайыптарды көрген, емін-еркін аралаған, сырына қанған жеткіншектер өздерінің қазақ екендіктеріне, сол халықтың перзенттері екендігіне мақтанып оралды.

Егер ұдайы осылай болсын десек, бүгін жас толқын әлгіндей сезімде тұлғалансын десек, рухани жаңғыру аясында мектеп туризмін қалыптастырайық.

— Жүз есім туралы не айтар едіңіз?

— Әңгіме жүз жаңа тұлға жайлы емес, жүз жаңа есім туралы болып тұр ғой. Егер тұлға жөнінде айтылса, мың ойланып, жүз толғаныуға тура келеді. Тұлғаны, асылында, халық, оның дәуірлері мен ғасырлары анықтайды.

Ал 100 есімнің, менімше, жүгі жеңіл. Солардың ішінен екі не үшеуі тұлғаға айналса, ол да үлкен олжа.

— Латын әліпбиіне көшу туралы ойыңыз қандай?

— Бұл мәселе осымен төртінші рет көтеріліп отыр. Сөз жоқ, көшкен дұрыс. Уақыт, заман талабы осындай.

Ал егер, аталған әліпбиге орыс тілділер, олардың мектептері мен бұқаралық ақпарат құралдары көшпейтін болса, бұл дұрыс емес. Қос тілді елдің қос әліпбиі болуы біз бағанадан бері айтып отырған рухани жаңғырудың аяғына тұсау болуы әбден мүмкін. Өйткені мұндай жағдайда қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл болуы қиындайды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.