Халықаралық ат жарысы. Адай жылқысы тағы да топжарды (ФОТО)

497

Халықаралық Ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен FEI 100 км қашықтыққа халықаралық турнир өтті.

Турнирге Қазақстан және БАӘ спортшылары мен Қостанай және Адай тұқымдарының жылқылары қатысты. Еліміздің әр өңірінен 16 жүйрік қатысты. Спортшылар мен сәйгүлңктер бір күнде 100 км қашықтықты жүріп өтіп, төзімділікті, шеберлікті және ақыл-ой күшін көрсетті.

Халықаралық ат спорты федерациясының жылқы төзімділігі жөніндегі техникалық комитетінің басшысы Мұхаммед Әли Амер Омар әл-Хадрамидің айтуынша, жарыстың бұл түрі қазақтың дәстүрлі ат жарысына өте ұқсас. Қазақ жылқыларының дайындығы өте жақсы және мұнда ғасырлар бойы жылқы шаруашылығы дамығанын көруге болады.

Қазақстанның ат спорты бойынша халықаралық жарыстарды өткізу әлеуеті жоғары. Өйткені Қазақстан географиялық тұрғыда өте жақсы орналасқан. Ол: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдер арасында өте тиімді жерде тұр. Сондықтан Қазақстан осы өңірде ат спорты үшін даму орталығына айналуы мүмкін, — деді әл-Хадрами

Іс-шараның мақсаты – елімізде ат спортын насихаттау және дамыту, Қостанай, Адай және т. б. қазақи жылқы тұқымдарын дамыту. ҚР төрешілер алқасының төрешілік сапасын және кәсіби дағдыларын арттыру, талантты шабандоздар мен жылқыларды анықтау және оларды халықаралық турнирлерге қатыстыру.

Өздеріңіз білетіндей, Адай және Қостанай тұқымдарының жылқылары жойылып кету алдында тұр және қолдауды қажет етеді. Сонымен қатар, Қазақстан Ат спорты бойынша халықаралық турнирлерде ұсынылмаған. Сондықтан ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты болашақта Қазақстандық жылқыларға халықаралық жарыстарға жол ашу үшін халықаралық Ат спорты федерациясы мен төрешілер комиссияларының төрешілеріне отандық жылқы тұқымдарын таныстыру болды.

Ат иелерінің басты мақсаты – 2026 жылы Сауд Арабиясында өтетін алысқа шабатын ат жарысы бойынша әлем чемпионатына іріктеуден өту болатын. Өйткені бұл турнир сол чемпионатқа іріктеу десе де болатын.

Біз әлемге Адай және Қостанай жылқы тұқымын ашқымыз келеді, осы жылқы тұқымдары үшін олардың әлемдік турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасағымыз келеді. Біз 2025 жылы да Қазақстанда жарыстың осы түрін өткізуді жоспарлап отырмыз. Отандық спортшыларды 2026 жылы Қостанай және Адай тұқымдарының жылқыларымен әлем чемпионатына қатыстыру – біздің басты мақсатымыз – дейді жарысты ұйымдастырушы Шыңғыс Досмұхамбетов.

Аламанды ҚР Ат спорты федерациясы, «Байсерке Агро» агрохолдингі және «Қобыланды» ат зауыты ұйымдастырды.

Іс-шара БАӘ вице-президенті шейх Мансур Аль Нахаян мен оның Emirates International Endura командасының қолдауымен өтті. Шет елден келген мамандар жарыста төрешілік етіп, еліміздің ветеринарлары мен төрешілерін үйретті.

«Байсерке Агро» ЖШС «Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясы» РҚБ — мен бірлесіп жылқының денсаулығына, қауіпсіздігіне толық қамқорлық жасайтын жылқының әл-ауқат кодексін бекітті. Жылқының әл-ауқаты мен денсаулығы спорттағы басымдық болып табылады.

Турнир жеңімпаздары:

1-орын – Көк Жебе аты, шабандоз Омар Нұрсұлтан (Маңғыстау облысы);

2-орын – Бақторы аты, шабандоз Даргербек Хабай (Жетісу облысы);

3-орын – Тобылғы торы аты, шабандоз Кумаров Нұрсұлтан (Маңғыстау облысы);

4-орын – Гүлсары аты, шабандоз Жаналиев Виктор (Абай облысы);

5-орын – Қахарман аты, шабандоз Бейсбаев Дәулет (Жетісу облысы);

6-орын – Нобель аты, шабандоз Мехок Орхидея (Венгрия);

7-орын – Неаполь аты, шабандоз Наталья Долгих (Алматы облысы).

Көк Жебе атты жылқының иесі 1-орын үшін Ravon автокөлігін, ал қалған барлық жүлдегерлер бас демеуші Байсерке-Агродан ақшалай сыйлық алды.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.