Қасқыр Қасен. Аңыз бен ақиқат

101

Ол туралы аңыз көп. «Ол қасқыр аулағанда қызыл қолмен аулайды екен». «Тіпті, оған қарудың да керегі жоқ». «Ол қасқырдың қайда екенін ізінен-ақ біледі», «Қасекең қасқырдың несебін іше береді екен», «Қасекең қасқырды тірідей ұстап алады екен» деген секілді алып-қашпа әңгімелер сан-саққа жүгіреді.

Мың естігеннен бір көрген артық дегендей құрдастары «Қасқыр Қасен» атап кеткен жігіт ағасымен жолығудың сәті түсті. Сонымен Қасеннің қасиеті жайлы сұрай кеттік.

Әуелі әңгімесін қазіргі кездегі аңшылық жайынан бастаған Қасен Мұхамеджанов жастайынан жылқы баққанын айтады.

«Әкем де жастайынан жылқы бақты. Біз де бала болған соң қолғабыс етіп, барып кел, шауып келіне жүреміз ғой, сол кезде ол кісілердің қасқырдың атын атағанын бір рет естімеппін. «Жаманауыз» дейді, «ит-құс» дейді, т.б. Себебі атын естісе тісі қышып, жылқыға шабады деген сенімдері бар еді. Әрине, ол дәстүрлі наным ғана еді. Қазіргідей жетілген қару, техника тұрған жоқ, ұзағанда шоқпармен немесе шитімен атып алатын. Болмаса атпен қуып жетіп, ұрып алатын еді» — дейді Қасекең.

Сөздің мөрті келіп қалғанда қазіргі қармотоциклмен, не машинамен қуып жүріп қасқыр алатындар еске түсіп, атпен қасқыр соғып алуға бола ма деп сұрадық.

«Өз басым көрген жоқпын. Бірақ сол кезде ауылда Сұлтанхамит деген ақсақал жылқышы болды. Сол ақсақалдан қасқырды атпен қалай аулайтыны жайлы сұрадым. 80-ге таяп қалған қария, менің сөзіме «рас сұрап отырсың ба?» дегендей қарады. Содан кейін, «Әуелі екі атты дайындаймыз. Жаздай тойынған қасқырды күздегі алғашқы қансонарда қуғынға салу үшін атты кәдімгі бәйгеге қосатындай етіп жаратамыз. Алғашқы қар түсіп, қансонар болғанда екі атпен қасқырға шығамыз. Бір атты жетекке аламыз, бір атқа мінеміз. Алғашқы қарда қасқырдың ізі сайрап жатады. Бойын көрген сәтте артынан қуалаймыз. Бір ат болдырғанша қуып, ол тоқтаған кезде, жетектегі екінші атқа мініп, ұтылап қуамыз. Қысқы күн қысқа, күні бойы қуған қасқырды күн қараңғылаған кезде жайына қоя беріп, келген жерге атты қаңтарып тастап жата кетеміз. Таң ата қуғынды қайта жалғастырамыз. Бұл енді қуғын емес, жаңағы ізбен барамыз. Қасқыр ұзамайды, ары кетсе екі шақырымдай жерде етпетінен, бауырын қарға төсеп жатып қалады. Сол кезде артынан келіп, желіп жүріп соғып аламыз» — дейді қария. Мен таңқалып, «желіп жүріп соғып алығаны қалай» деп сұраймын ғой. Сөйтсем, бауырын қарға төсеп жатқан қасқырдың бүкіл денесіндегі тер ағып, оның сыртында денесінің жылуымен қар еріп, қайтадан мұз болып қатып қалады екен. Содан жүгірген кезде жаңағы бауырына қатып қалған мұз артқы тірсектерін қағып, көсіліп шабуға мүмкіндік бермейді. Сол кезде қуып жетіп, құрықпен-ақ соғып алады екен.

Бұл жағдайда қасқыр соғушыға күні бойы, тіпті таңға дейін шыдайтын төзімділік керек қой. Кейде екі ат та болдырады, сонда жолда кездескен қойшылардың атын міне салады екен. Орнына өз атын тастап кетеді» — дейді жастайынан көшпенді өмірдің қыр-сырына қанып өскен Қасен Мұхамеджанов.

Өзі де жылына бір рет міндетті түрде қасқыр аулауға шығатын азамат қазіргі кезде аңшылардың нысапсыз болып кеткенін айтады.

«Қазіргі кезде бір жылда бір қасқыр алып отырсаң да қанағат қой. Ал 15-20 қасқырды сұлатып тастап, оны әлеуметтік желіге салып мақтану деген аңшылық қасиетке де, адамшылық ынсапқа да жатпайтын әрекет. Қасқыр аулау, аңға шығу деген саяхат, демалыс болуы керек. Ол құнығуға, адами нәпсіге айналмауы керек» — дейді аңшы ағамыз.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Қасен өзі де қасқыр аулауды жақсы көреді. Осы кезде неге «Қасқыр Қасен» атанып кеткенін сұрадық. «Қас» деген алғашқы үш әрібі ұқсаған соң жалғастыра салған ғой», — деп қалжыңдаған Қасен өзінің «Қасқыр Қасен» атануының себебін бір күлкілі оқиғамен байланысты екенін айтады.

«Жастайымнан ауылда өскен соң, қалаға келгеннен кейін де хабарласып, аңға бірге шығатын достар көбейді. Менің жердің жайын білетінімді және қасқырдың «қулығынан» хабардар екенімді ескеріп көбі жолбасшылыққа алатын еді. Бір жолы қаладағы бір дөкей жердің басшысы, әрі досым болып жүрген бір азамат хабарласты. «Осылай да, осылай, бір апта болды қасқырға шыққанымызға. Ештеңе кездеспей, қанжығамыз қандамай қойды, бізге жолбасшы болып, қасқыр тауып берші» — деді. Бүкіл техникасы сай, қару-жарағы толық жігіттер екен. Мен де қалжыңдап, «байлап отырған қасқырым жоқ, іздеп көрейік» — дедім. Өзің білесің, қасқыр малы бар жерде жүреді ғой. Соны ескеріп, мал жайылымдарының аумағынан 10-15 шақырым жерді аралап шықтық. Қасқыр аулауға келген екеуі қармотоциклмен із қуған боп таудың басына қарай шығып кетті. Мен өзен жағалап жүріп, қашан басқаны белгісіз, бір қасқырдың ізіне тап болдым. Сосын іздің қашан басқанын, қалай кеткенін байқастап, айналып қалып едім, әлгі тауға шығып кеткендер қайта оралды. «Ой не ғып тұрсың?» — дейді, мен: «Сендер аспанға қарамаңдар, міне, қасқырдың ізі бар, ізді жерден іздеу керек» — деп күліп жатырмын.

Күн ашық болған соң, қасқырдың қай кезде жүріп өткенін ажырата алмай, күмәндандым біраз. Дегенмен қарап тұратын емес, ізді қуып, бір-екі төбені асып түстік. Аңшыларым менен озбай, артымнан еріп отыратын болды.

Ізді қуып оншақты шақырым жүрген соң, қар іздің жан-жағына шашырап, қасқырдың көсіліп шаба бастағаны білінді. Бірден артынан қуғын түскенін сезгенін білдім. Әрі біз мінген қармотоциклдің дауысын да естіп қойған болуы керек. Сонымен ізбен шамалы жүрген соң, бір төбенің басында қасқыр сиген екен. Менің күмәнім әлі де басым, біздің дыбысымызды естіп қашты ма, әлде басқа бір жағдайға байланысты көсіліп шапты ма белгісіз. Содан артымнан әлгі екеуі де келіп жетті. Ақырын байқастап тұрдым да, тобылғы түбіндегі қасқырдың саруына саусағымды тығып жібердім. Аңшыларым маған бірден қарай қалды. Менің ойым, сару қатып қалған ба, жоқ әлі қата қоймаған ба соны білу. Ана екеуінің маған қарай қалғанын байқадым да, дереу саруға тыққан саусағымды емес, басқа саусағымды жалай қойдым. Екеуінің түрі бұзылып кетті. Байқаймын, сару қата қоймаған, болжамымның дұрыстығына қуанғанымнан «қасқыр мына төбенің ар жағында кетіп барады» дедім. Айтқандай алдымыздағы төбешікке шықсақ арғы жағында тағы бір төбенің етегінде кетіп барады екен.

Қасымдағы жігіттердің бірі «Үлкен кісі атсын, сіз тимей-ақ қойыңыз» деді. «Жарайды» дедім. Алдын орап, жақындатып бердім. Мылтық үні тарс етіп еді, қасқыр бір-екі домалап барып, атып тұрды. Оқ алдыңғы аяғынан тиген екен. Мен таяп барып қармотоциклден түсе қалып едім, қасқыр маған қарай тұра ұмтылды. Өзімше ана екеуінің аңқаулығын пайдалнғым келіп, өзіне қарай ұмтылмақшы болып едім, ауыр киіммен онша қозғала алмай, тоқтап қалдым. Осы екі арада екінші аңшы да жүрегінен атты қасқырды. Мен де жүгіріп келіп, жығылған қасқырдың желкесіне баса кетіп, «бекер аттың-ау, қызыл қолмен-ақ ұстап, байлап беретін едім ғой» деп қоямын. Ішімнен қасқырдың құлағанына қуанып тұрмын. Шын мәнінде қасқыр шабатын болса, орнымнан тырп ете алғандай емеспін, аяқтарым дірілдеп, үстімдегі киімді әрең көтеріп жүрмін» — дейді Қасен Мұхамеджанов.

Сонымен не керек, осы сапардан оралған соң аңға бірге шыққан екі досы Қасекеңнің дақпыртын қасқырдан ары дүрілдеткен ғой.

«Қасқырды алып, ауылға келген соң, терісін сыпырып, жайғастырып жатырмыз. Жаңағы үлкен жерде жұмыс істейтін, абыройлы азамат досым онша көп сөйлемейтін, ауыр мінезді адам еді. Маған қарап отырады да басын шайқай береді. Ауыл адамдары не болғанын сұраса, «мына Қасендей адам көрген жоқпын. Бұл қасқырдың дәретін жалады, қасқырды жалаң қолмен ұстап аламын деді, тіпті қасқырдың дәрет алып, қайда кетіп бара жатқанын бірден біледі екен» деп таңданысын жасыра алмады. Артынан бұл әңгіме елге жайылып, тіпті қисынға келмейтін әңгімелер қосылып, тарап кетті» — дейді «Қасқыр Қасен».

Осы әңгімеден кейін құрдастары Қасен Мұхамеджановты «Қасқыр Қасен» атап кеткен.

«Биылдыққа қасқыр аулауға шыға алған жоқпын. Қалада тірлігің бітіп болмайды ғой. «Жалауды» да қойдық» — деп қалжыңдайды өзі жайлы аңыздың шындығынан көпіртіп айтуы көп екенін ескерткен азамат.

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.