Көкпардан Қазақстан лига ойындары өтеді

Республикалық «Көкпар» федерациясының кезектен тыс конференциясында федерацияның өткен жылға қорытындысы тыңдалып, биылға жоспары айтылады.
Сонымен қатар Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов Көкпар федерациясының жаңа президентін тағайындау туралы ұсыныс білдіріп, Айдарбек Қожаназаров сайланды.
Бауыржан Әбдірашитұлы өз еркімен құзыреттілігін тоқтатты. Саланың дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Осыған орай қазіргі Мәжіліс депутаты, Көкпар Федерациясының құрметті президенті, ұлттық спорттың басы-қасында жүрген Айдарбек Қожаназаров сайланды. Көпшілігіміз жақсы танимыз, Қостанайда көкпарды дамытып, үлкен деңгейге көтере алды. Сіздің басқаруыңызбен федерация дами түседі деген сенімдемін,- деді Еркебұлан Ілиясов.
Көкпар федерациясының жаңа президенті сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, саланың дамуы үшін қандай шара қолданатынымен бөлісті.
Көкпар спортынан «Қазақстан көкпар лигасын» бастаймыз. Жүлде қоры 25 млн теңге болады. Қазір басқа спорттық шаралар кестесін қарап, лиганы өткізу уақытын нақтылаймыз. Сонымен қатар көкпарды аймақтарда кеңінен насихаттау үшін барлық облыста федерация филиалдарын ашып, маркетинг, жарнама жағын күшейтеміз. Чемпионаттың жүлде қорын көбейтіп, жақсы ойын көрсеткен командаларға ынталандыру сыйлығын қарастырамыз, — деп атап өтті Айдарбек Қожаназаров.
Сонымен қатар Чемпионат барысында жекелеген спортшылар мен жақсы дайындалған аттарға белгілі бір номинациялармен ынталандыру көзделіп отыр. Салым салған ат иесіне де жүлде қорының белгілі бір пайызын беру жоспарда бар. Бұл ат иесі көкпаршыларға атын бермей қоятын жағдайлардың алдын алу үшін жасалып отыр.
Конференция қорытындысында Көкпар спортының бүгінгі ахуалы талқыланып, Жастар арасындағы ҚР Чемпионатының жеребесі өтті.
Argymaq.kz