Астанада ат спортынан Әлем кубогы мәресіне жетті

316

Астанада конкур бойынша Еуразия лигасының Әлем кубогы кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) аяқталды.

Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 60-қа жуық спортшы өз шеберліктерін көрсетіп, бақ сынады. Жарыстарға Әлем кубогы кезеңі мен Халықаралық турнирлерде бұған дейінгі кезеңдердің жеңімпаздары мен болашақ дебютанттар – Евразиялық лиганың ең мықты шабандоздары қатысты.

Жарыстың маңызын арттыра түсетін жайт – конкур бойынша Еуразия лигасының Әлем кубогы кезеңі Астанада 10 жылдан кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Сонымен қатар, елорда тарихында тұңғыш рет атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болды.

Үш күн бойы көрермендер кәсіби деңгейде ұйымдастырылған жарыстардың куәсі болды. Шабандоздар өз шеберліктерін, ал аттар ептіліктерін көрсетіп, жоғары нәтиже үшін күресті.

Қазақстан үшін ат спорты – жай ғана жарыс түрі емес, бұл – ұлттық мұрамыздың бір бөлігі әрі оны әлемдік аренаға шығарудың маңызды қадамы. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның халықаралық сайыстардағы позициясын нығайту, жас таланттардың өсуіне жағдай жасау, жаңа спортшылар буынын тарту және үш сайыс, кедергілерді еңсеру, атпен мәнерлеп жүру және басқа да түрлерін кеңінен насихаттау. Мұндай жарыстар инфрақұрылымды дамытуға, спорттық туризмнің өсуіне, жастардың назарын спортқа аударуға, ең бастысы – елімізде мықты, бәсекеге қабілетті ат спорты мектебін қалыптастыруға ықпал ететінін айта кету керек, – деді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев.

Сонымен жеңімпаздарға кезек берсек:

Maxima Masters Eurasia шағын командалық кубогы – конкур 130 см (2 айналым):

1 орын – Қазақстан құрамасы;

2 орын – Өзбекстан құрамасы;

3 орын – Қырғызстан құрамасы;

Гран-при – Еуразия лигасы Әлем кубогының кезеңі, конкур 160 см:

1 орын – Камиль Сабитов (Қырғызстан);

2 орын – Ринат Галимов (Қырғызстан);

3 орын – Хуршидбек Алимджанов (Өзбекстан);

Турнирдің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстардың маңызын атап өтіп, спортшылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Дүбірлі сайыста әр елден келген спортшылардың, өзбекстандық Хуршутбек Алимджанов, Бекзот Курбанов, Алина Шевцова, Алена Деревянконың, қырғызстандық Камиль Сабитов пен Ринат Галимовтың, Екатерина Каркавцеваның, ресейлік Ксения Хайрулинаның, армениялық Виген Констандянның, грузиялық Георгий Тохнадзеның, Қазақстан құрамасының спортшылары Олег Соколенко мен Нұрила Тұрысбекованың үш күндік сайыстағы жетістіктерін ерекше атап өткен жөн.

Спорттық шараға төрелік еткен халықаралық деңгейдегі төрешілер турнирдің сәтті әрі халықаралық ережеге сай жоғары деңгейінде өткенін айтады.

Сонымен жалпы жүлде қоры 24 000 доллар болатын ауқымды деңгейдегі жарыстар Қазақстан спортшыларына өз шеберліктерін арттырып, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алуға мүмкіндік берді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.