«Тұлпар күні». Олжас Бектенов депутаттарға жауап берді

647

Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаты Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына хат жолдап, елімізде «Тұлпар күнін» атап өтуге қатысты ұсыныс жасаған болатын.

Осы ұсынысқа орай Олжас Бектенов арнайы жауап берді.

Жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты сауалды қарап, келесіні хабарлаймын. Жылқы шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген. Соңғы бес жыл ішінде жылқы шаруашылығын дамытуға бюджеттен 9,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде ағымдағы жылға шамамен 900 млн теңге қарастырылды – делінген Премьер-министрдің жауабында.

Оның сөзіне қарағанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша жылқы саны 4,4 млн басқа жеткен.

Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Жылқы етін және бие сүтін өндіру мен өңдеу бағыттарында оң серпін байқалуда. Соңғы бес жылда жылқы етінің өндірісі 30 %-ға артып, 170,9 мың тоннаны құрады, ал бие сүтінің өндірісі 21 %-ға өсіп, 33,4 мың тоннаға жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, соның ішінде жылқы еті мен бие сүтін қайта өңдеуді ынталандыру мақсатында бұл бағыттар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша (2,5 % мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге) Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландырылатын жобалар тізбесіне енгізілді – дейді Бектенов.

Сондай-ақ ол «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыру мақсатында 5 % мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру тетігі іске асырылып жатқанын айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа бағытталған өнімдерді, оның ішінде құрғақ бие сүті мен жылқы етін шет мемлекеттердің ветеринариялық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Жылқы шаруашылығы субъектілеріне техника мен жабдық сатып алуға 25 %-ға дейінгі мөлшерде инвестициялық субсидиялар ұсынылады, сондай-ақ жылқы және жабдық сатып алуға жеңілдетілген несиелер мен лизинг мүмкіндігі қарастырылған – дейді Үкімет басшысы.

Ол АӨК-ті дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жылқы шаруашылығын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп жатқанын айтты.

Жоба аясында жылқы басын көбейту, тұқымдық іріктеу жүйесін жетілдіру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті күшейту, ғылыми зерттеулерді дамыту және өнім экспортын кеңейту жөніндегі шаралар көзделген. Ақтөбе облысында Қазақ жылқы шаруашылығы және мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу институты құрылды. Институтты дамыту мақсатында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, оның орналастырылуы, қаржыландырылуы және кадрмен қамтылуы жөніндегі шараларды көздейтін кешенді жоспарды бекітті. Аталған мекеме базалық қаржыландыру алушылар тізбесіне енгізіліп, 2024 жылы 53,3 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, оны 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларына енгізу мәселесі қарастырылуда – дейді Олжас Абайұлы.

Премьер-министр Ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлау 11 жоғары оқу орнында және шамамен 300 колледжде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Атап айтқанда, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Ауыл шаруашылығы өндірісі» мамандығы аясында «Жылқыны шаруашылығы, жылқы еті мен қымыз өндіру технологиясы» пәні оқытылады. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Спорттық жылқы шаруашылығындағы ветеринария» және «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» бағдарламалары іске асырылып жатыр, олардың шеңберінде «Жылқы шаруашылығы», «Жылқыны азықтандыру» және өзге де пәндер оқытылады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында 476 білім беру бағдарламасы тізілімге енгізілген. 56 кәсіби стандарттың 44-і осы бағдарламаларды әзірлеу кезінде қолданылады. Орта білім беру ұйымдарының оқу материалдарына жылқы шаруашылығы элементтері енгізіліп, олар оқушылардың байқау, аналитикалық ойлау, эстетикалық қабылдау, еңбек және коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған – дейді ол.

Оның айтуынша Ұлттық ат спорты түрлерін дамыту аясында өңірлерде аударыспақ, бәйге, жамбы ату, көкпар, жаппай көкпар және теңге ілу сияқты жарыстарға ерекше назар аударылып келеді.

Елімізде 15-ке жуық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 17 спорт клубы және бір спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Жыл сайын республикада халықаралықтан бастап аудандық деңгейге дейін 1 000-нан астам жарыс өткізіледі. Сонымен қатар, әр төрт жыл сайын Ұлттық спорт түрлері фестивалі мен «Ақбидай» республикалық ауыл ойындары ұйымдастырылады. 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада этноспорт бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Қоғам тарапынан жоғары қызығушылықты ескере отырып, осындай іс-шаралардың ауқымын кеңейту жоспарланып отыр – дейді Премьер-министр.

Ол Алматы қаласындағы ипподромның инфрақұрылымын мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу үшін жаңғырту қажет екенін, осыған байланысты уәкілетті органдар қажетті инвестициялар тарту мәселесін қарастыратынын атап өтті.

«Тұлпар күні» арнайы мерекесін бекітуге келетін болсақ, тиісті нормативке маусым айының екінші жексенбісі кәсіби мереке Малшылар күні ретінде белгіленгенін (Еңбекминінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 бұйрығы) хабарлаймыз. Аталған мереке жылқы шаруашылығы саласының мамандарын қоса алғанда, мал шаруашылығы саласының барлық қызметкерлерін қамтиды. Ағымдағы жылы осы мереке аясында саланың шамамен 200 қызметкері, оның ішінде жылқы шаруашылығының 30 маманы марапатталды. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешіміне сәйкес 11 шілде күні ұйымға мүше мемлекеттерде Дүниежүзілік жылқы күні атап өтіледі. Осыған байланысты «Тұлпар күні» арнайы ұлттық мерекесін белгілеу мәселесі қосымша пысықталатын болады – деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше иппотерапия қызметі кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында (ДСМ-нің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығы) көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген.

Қазіргі уақытта иппотерапияны «Неврология және нейрохирургия» (балаларға арналған) бейіні бойынша емдеудің екінші кезеңінде медициналық оңалтудың клиникалық хаттамасына енгізу мәселесі қарастырылуда. Жылқы шаруашылығын дамыту мәселесі Үкіметтің бақылауында – делінген Бектеновтің жауабында.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.