БҰҰ «Дүниежүзілік жылқы күнін» белгіледі

788

Моңғолия президентінің бастамасымен ұсынылған “Дүниежүзілік жылқы күні” туралы қарарды БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдап, бекітті. Бұл туралы Моңғолия президентінің ресми сайты хабарлады.

2025 жылғы 3 маусымда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жалпы отырысында Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің бастамасымен ұсынылған “Дүниежүзілік жылқы күні” туралы (World Horse Day) қарар талқыланып, қабылданды.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта әлемде 57 миллионнан астам жүк тасымалдайтын және мініс жылқысы бар. Бұл – жылқы адамзаттың күнделікті өмірінде, сондай-ақ қоғам, экономика және шаруашылық салаларында маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Жылқыны көлік ретінде, спорт жарыстарында, туризмде, демалыс пен серуен мақсатында қолданумен қатар, денсаулық сақтау мен азық-түлік өндірісінде де көп түрлі бағытта пайдаланып келеді. Әсіресе кең байтақ аумақтарда, ерекше табиғи-климаттық жағдайлары бар өңірлерде тұратын халықтың өмірінде жылқының маңызы аса зор.

Алайда соңғы жылдары адамның өмір салтының өзгеруі, технологиялық ілгерілеу, экономикалық әртараптану, климат пен қоршаған ортаның өзгеруі сияқты бірқатар факторлар жылқының саны, тұқым түрлері мен шаруашылықтағы қолданысының әлем бойынша азаю үрдісін тудырып отыр.

Осыған байланысты ежелден жылқы мәдениеті мен дәстүрін сақтап келген көшпенді, жылқышы ел ретінде Моңғолия президенті әлемдік қауымдастықтың назарын осы мәселеге аудару, жылқының маңыздылығын, қоғамдағы таным мен қатысуды арттыру мақсатында жыл сайын 11 шілдеде «Дүниежүзілік жылқы күнін» атап өту туралы қарар жобасын БҰҰ Бас Ассамблеясына ұсынды.

Моңғолияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Н.Анхбаяр бұл қарар жобасын таныстырды.

Адамзаттың өткені мен бүгінгі тұрмысында жылқының зор рөлін, ауыл шаруашылығында тұрақты даму үшін жылқы мен жылқы шаруашылығының маңыздылығын арттыру, жылқы мәдени мұрасы мен жайылымдық, көшпелі шаруашылық үлгісін қорғау, сақтау қажеттілігін насихаттайтын алаң ретінде «Дүниежүзілік жылқы күні» ерекше мәнге ие болады, – деп атап өтті.

Моңғолия ұсынған «Дүниежүзілік жылқы күні» туралы қарардың тең авторлары ретінде Австрия, Бахрейн, Бразилия, Оңтүстік Корея, Қытай, Венесуэла, Катар, Лесото, Марокко, Ресей, Португалия, Германия, Таиланд, Түркия, Жапония, Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан сынды 56 ел қолдау білдірді.

Қарарға сәйкес, «Дүниежүзілік жылқы күні» 2025 жылғы 11 шілдеде алғаш рет жаһандық деңгейде аталып өтеді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.