Домбыра – қазақтың генетикалық коды

164

Президент шілде айының алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде атап өту бойынша Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға белгілі.

Осы ерекше мерекеге орай елімізге танымал өнер иелерінен, әсіресе дәстүрлі әнші, айтыс ақыны және күйшінің пікірін білген едік. Сонымен қатар қазақтың қара домбырасын жандарына серік еткен өнерпаздардың ойын қазақтың этнографиялық жәдігерін түгендеп жүрген ғалым Ақеділ Тойшанұлының пайымымен түйіндедік. Ендеше домбыра жайлы домбырашылардың пікірін оқып көріңіздер.

Ықылас Ожайұлы, ақын, дәстүрлі әнші: Домбыра – қазақтың генетикалық коды

Абыздың домбыра ғой дуалысы,

Алаштың әруағы – бұла күші.

Сезсеңіз еңіреген екі ішектен,

Бұрқырап боз жусанның тұрады исі – дейді. Ал шынтуайтына келгенде домбыраның нағыз тақылетін, табиғатын танытқан өлеңдер санаулы ғана. Көбіміздің айтатынымыз Қадыр Мырза-Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлеңі. Шындығына келсек қазақтың әр аспабының артында үлкен тарих, зор таным жатыр. Ал домбыра – қазақтың генетикалық коды, халықтың аспаптық бейнесі. Сондықтан да домбыра қазақтың өзі секілді қоңыр, өзі секілді парасатты, өзі секілді кең. Сондықтан да, домбыра қазақтың тура мінезін көрсетеді.

Қай кезде де ұлттың үнін сол елдің ұлттық музыка аспабы сақтайды. Ендеше Елбасымыздың қазақ домбырасына үлкен мәртебе беріп, арнайы мерекелік күн белгілеуі, бұл – қазақтың қазақы болмысына жасалған құрмет. Себебі жаңа айтқанымдай, домбыра құр ғана бір заттың атауы емес, ол – үлкен құндылық, ерекше болмыс. Сол болмысқа бөлінген назар, соған көрсетілген құрмет деп есептеймін. Және мұндай шешім шығару, домбыраның арғы жағында қазақтың тұтас, бірімен бірі байланып жатқан табиғи сабақтастығына деген қамқорлық. Сол себепті де «Домбыра күнін» белгілеу, оған арнайы Жарлық шығару өте бір құптарлық, ерекше қуанырлық шешім деп санаймын.

Серікзат Дүйсенғазин, айтыс ақыны: Айтыс пен домбыра егіз ұғым

Қазақтың қара домбырасы қашанда айтыс ақындарының досы болған, солардың қолқанаты болған. Домбырасыз айтысқа шыққан ақынды ежелгі қазақ қабылдаған жоқ. Айтыс пен домбыраны ажыратып қарау мүмкін емес. Бірақ кейінгі кезде, жиырмасыншы ғасырдың басында сырнаймен шығып айтысқан ақындар болды, әрине. Жанақ бастатқан саусақпен санарлық қана ақын қобызбен айтысқан. Ал жалпы көпшілік ақын домбыраның сүйемелдеуімен айтысты. Себебі айтыстың бір қыры осы домбыра әуенімен сүйемелдеу арқылы ашылып отырды.

Айтыскер мен домбыраны бөле жара қарамайтынымыздың тағы бір айғағы, көптеген ақындарымыз өмірімен қоштасар алдында домбырасымен қоштасады. Мысалы Әсеттің Кемпірбаймен қоштасуында немесе Естайдың «Домбыра, сен де аман бол, жан жолдасым» дейтіні де осының бір көрінісі. Осыдан-ақ жаңағы сөзіміздің дәйегін көреміз. Яғни домбыра ақындардың дем беретін, арқасын қоздырып, жанына медеу болатын ерекше жан серігі, қасиетті аспабы.

Содан да болар қазіргі қоғамның өзінде домбырасыз ақынды ешкім елестете алмайды. Тіпті Жамбыл атамыздың тұсында да домбырасыз ақынды бағаламағаны жайлы айтылатын бір әңгіме бар. Жамбыл Жабаев атамызға бір топ жазба ақын амандасуға келген екен. Сонда Жамбыл, «Сен кімсің?» депті біреуіне, әлгі кісі, «мен ақынмын» деген екен, Жамбыл атамыз «домбырасыз жүрген қандай ақынсың» деп үйден қуып шыққан деген де әңгіме бар.

Ол кезден бір ғасырға жуық ілгерлеп кетсек те, қазіргі технология дамыған заман болса да, әлі күнге дейін қазақ әуелі қолында домбырасы бар ақынды тыңдайды. Айтысқа ағылып барады. Демек, домбыраның үні қазақтың қанында бар. Сондықтан да қасиетті қара домбыра айтыспен, ақынмен егіз ұғым. Домбырасыз айтыс жоқ, айтыссыз домбыра жоқ деуге де болады. Қос өнер бірімен бірі біте қайнасып, біріне бірі кірігіп кеткен.

Осы тұрғыдан алғанда алда аталып өтетін «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне айтыс ақындарының да үлкен үлесі бар деп ойлаймын. Ол күні тек домбыра шертіп қана қоймай, республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыс өткізсе де артық болмас еді. Күй тартысын өткізсе, бұл нағыз халықтың игілік үшін басын қосатын, рухани жаңғыруымызға негіз болатын мерекеге айналады деп ойлаймын.

Қайрат Айтбаев, күйші: «Домбыра күні» домбырамызды төрге шығарады

Қазақ тарихында 19-ғасыр күйдің дәуірлеген кезі. Осыған сәйкес домбыраның да дәурені жүрген дәуір осы кезең еді. Себебі, бұған дейін қазақ халқының негізгі аспабы қылқобыз болған. Ал бұған дейін сыбызғымен, қобызбен ойналып келген күйлер, домбыра дәуірлеген тұста қайта жаңғырып, қайта шертіле бастады. Соның негізінде қазақ халқының дәуірлермен құрдас небір жауһар күйлері жаңаша түлеп, жаңаша қырынан танылды.

Өз басым бір машина сыйлайық, домбыраңда бер дегенде бермедім. Бұл менің дүниеге қызықпайтынымна немесе сол машинаны менсінбегендіктен жасаған әрекетім емес, домбыраға деген құрметімнен еді. Бір мен ғана емес, бар қазақты, өнердің, музыканың, ұлттық болмыстың қадірін білер қазақты домбырасыз елестету мүмкін емес.

Ал Елбасының «Ұлттық домбыра күні» мерекесін белгілеп беруі, ұлы бастама деуге болады. Осыдан кейін қазақтың ұлттық өнеріне, ұлттық болмысына деген көзқарас басқаша болады деп ойлаймын. Себебі, өздеріңіз білесіздер, үлкен концерттерге сыйлы қонақтар келгенде, домбыра шертетіндер босағада отырып, сол қонақтарды қарсы алады да, қонақ залға барып жайғасып, көзі мен құлағы сахна төріндегі өзге музыкаға ауған кезде домбырашылар елеусіз қалатын еді. Бұл көп адам байқай бермейтін дүние. Зейіні симфониялық оркестірге ауған атқамінерлер, өздерін босағада қарсы алған домбыра үніне құлақ асудан қалған еді. Немесе сахнада домбыра шертетін (сүйемелдеуші топ) жігіттер тізерлеп отыра қалып шертеді. Ұлттық өнердің тізесін бүгуге бола ма?

Елбасы Жарлығынан кейін осындай ұлттық музыкамызға, ұлттық аспабымызға жасалып жүрген келеңсіздіктер тыйылады деп ойлаймын. Ең бастысы қазақ домбырасына қазақ билігінің көңілі ауады. Қазақ өз қасиеттісін, өз ұлттық мұрасын өзі мойындағаннан кейін, өзгелердің де назар аударатыны белгілі.

Ақеділ Тойшанұлы, фольклортанушы-ғалым: Домбыраға халық рухының, ділінің, арман-шерінің, сағынышы мен сырының нілі сіңген

Бабаларымыз өнерді «арғы әлеммен» сырласудың құралы ретінде ұққандықтан оны үнемі тылсыммен, сиқырлықпен байланыстырып киелі сипатта ұғынған. Байырғы танымда өнерді өмірдің жалғасы, шексіз мәңгілік, адамның қайта жаралуының құралы ретінде рәміздейтінін осы домбыра туралы мифтерден білуге болады. Мысалы, домбыраның пайда болуы туралы аңыздардан осы тұспалдарды байқауға болады.

Домбыраға халық рухының, ділінің, арман-шерінің, сағынышы мен сырының нілі әбден жұғып, алтын аңыз боп сіңгенін, домбыра өткенді оралтып, өлгенді тірілтетін құдіретті аспап екенін анық байқауға болады.

Ержан Жаубай, 2018 жыл

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.