Елік жирен мен Ерке жиреннің бәйгесі

Әлі есімде – 1987 жылдың маусым айы. Кеңес дәуіріндегі қалыптасқан үрдіс бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын үлкен дүбір – төл тойы, яғни «Шопандар тойы» тағы да жалғасын тапқан шақ.
Бұл жолы Ақсуат ауданының барлық совхозынан жүйріктер іріктеліп, мерейлі додаға жиналмақ. Әр өңір өздерінің үкілеген үміттерін, маңдайалды тұлпарларын әкелген. «Той десе қу бас домалайды», «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген тәмсілдей, ел ішінде ерекше бір елең-алаң, қобалжу мен қуаныш қатар өрбіген.
Әдеттегідей, дәстүрлі шопандар тойы Тарбағатайдың етегінде орналасқан «Балалар лагері» маңында өтетіні белгілі болды. Табиғаты көркем бұл өлке – аудан орталығынан 25-30 шақырымдай жерде. Жусаны аңқыған жазық пен мөлдір бұлақты тау баурайындағы салқын, саялы мекен. Жазық пен өр, ылди аралас келетін бұл жер бәйге үшін таптырмас алаң.
Сол бір дүбірлі думанды тамашалауға ауыл-аймақ түгел жиналды. Жас пен кәрі, тайлы-тұяғы қалмай, ат сабылтып, тау баурайына ағыла келген. Әркімнің аузында бір ғана сұрақ:
– Биылғы 25 шақырымдық бәйгеде қай жүйрік топ жарар екен? Ерке жирен бе, әлде Елік жирен бе?..
Бұл екеуінің есімі ел ішінде біршама уақыттан бері қатар аталып жүрген. Бірі – «Амангелді» совхозының, Көкжыра ауылының үкілеген үміті – Елік жирен. Бұған дейін талай 25 шақырымдық аламанда алдына қара салмаған сәйгүлік. Ал екіншісі – «Ленин жолы» совхозының Қызылкесік ауылынан шыққан Ерке жирен. Бір жыл бұрын 15 шақырымдық дөнен бәйгеде дара шығып, даңқы дүркірей бастаған. Енді міне, екеуі де нағыз сын сағатында қатар сап түзеп, бағын бәйгеде көрмек.
Қызығы – Ақсуатта аты аңызға айналған тағы бір Елік жирен 1960 жылдары да дәл осы «Амангелді» совхозынан шыққан екен. Бір ғажабы, қазіргі Елік жирен де сол елдің намысын қорғап тұр. Тектілік – тегінен екені рас шығар. Ал Ерке жирен – Хамза Байтілеуовтің үкілеп-баптаған тұлпары. Бұл – Қабанбай батырдың Қубас атының ізі қалған, тұлпар тұяғының ізі үзілмеген қасиетті өлкенің киесі дарыған күлік еді.
Ерке жиреннің өрен жүйрік екендігі құнанында-ақ байқалған еді. Хикаясы да қызық. Жыл сайын көктем шыға совхоз малшыларына мініске жарар ат болсын деп тай үлестірілетін дәстүр бар-тын. Хамза Байтілеуов сол жылы тай алуға сәл кешігіп жетсе керек. Тайлардың көбін жұрт алып кеткен екен, қалғаны – арық-тұрақ екі-үш тай ғана. Солардың ішінен Хамзаның көзі сүйріктей сидаң аяқ, басы етсіз, сүйегі жеңіл, түсі жирен тайға түседі. Қолға үйретіп, бас білдіріп, мініске жарата бастайды. Құнан шыққан жылы әлгі арық тайдың тұрқы түзеліп, көркі кіріп, бірден көзге түседі. Сол маңда бір атақты жүйрік, бірақ қашаған ат бар екен. Қораға айдап кіргізу – талай адамның әлі жетпей жүрген машақаты. Бірнеше атпен қуса да, ұстай алмай, жұрт әуре-сарсаңға түсіп жатады. Осыны көріп тұрған Хамза жұртқа:
– Мына жирен құнанмен қайырып көріңдер, – дейді.
Бұған дейін де жиреннің шабысына көзі жетіп жүрген Хамза бұл жолы ішінен бір сынамақ ниетте еді. Құнан жалт беріп, қашағанның соңынан түсе жөнеледі. Жирен құнан жүйткіп барып, қашағанды қайырып, қораға айдап кіргізеді. Осы көрініске куә болған жұрттың бәрі жиреннің ерекше шабысына таңдай қағып, тамсанып қалады. Келер жылы аудан көлеміндегі дәстүрлі шопандар тойында 15 шақырымдық дөнен бәйгеге қосады. Сәйгүлік мәреге өзгелерден қара үзіп келіп, дара озады. Осылайша Ерке жиреннің атағы Тарбағатай өңіріне жайыла бастайды. Енді биыл 25 шақырымдық аламан бәйгеге түспекші. Қарсыласы атақты Елік жирен.
Міне, аңызға айналған қос тұлпар – Ерке жирен мен Елік жирен бір аламанға қатар түсті. Бұл – жай ғана бәйге емес, нағыз жүйрікті, шын тұлпарды анықтайтын үлкен сын. Көпшілік тынып қалған. Ішкі толқыныс аспанмен астасып, демін ішіне тартқан ел де, жер тарпыған тұлпарлар да тағатсыздана күтіп тұр. Төрешінің белгі беруімен даланы дүбірге бөлеп, бәйге басталды. Бір айналым – бес шақырым. Бес айналымнан тұратын бұл ұзақ додада алғашқы кезеңнен-ақ қос жирен – Елік пен Ерке – үзеңгі қағыстыра тартты. Топты жарып, екеуі ғана суырылып шықты. Бірінен-бірі оздырмай, бірінен-бірі қалып қоймай, төрт айналым бойы қапталдаса шапты. Көзді ала бергенде бірінің басы алда, енді бір сәтте екіншісі ілгерілей түседі. Жиналған жұрт: «Бұл бәйге тек осы екеуінің сайысы болады-ау!» – деп іштен тастай қатып, әркім өз ішінен таңдауын жасап қойған.
Елік жиреннің үстінде – жасы қырықтар шамасындағы еңселі, салмағы бар шабандоз. Ертоқымы да салмақты, жүгі де аз емес. Ал Ерке жиреннің үстінде – шымыр, шынашақтай ғана жеңіл бала шабандоз. Бесінші, соңғы айналым басталғанда Ерке жирен кілт ілгері озып, екпіндей түсті. Қалың жұрт демін ішке тартып, тағатсыздана қадалды. Көп ұзамай Елік жиреннің үстінен ақ көбіктей тер бұрқырап ақты. Шабысы баяулай бастады. Ақыры мәреге Ерке жирен бірінші келіп, бәйге сызығын кесті. Халық дүркірете қол соқты. Жеңістің желі есіп, тау бөктерін дүр сілкіндірді.
Елік жирен жарыстан кейін су жағасына кесе-көлденең жата кетті. Ел ішінде: «Денесінде артық қазы қалыпты, бабына келмегені содан» деген сөз тарады. Ағын суға бауырын төсеп, оқшау қалған Елік жирен сол жарыстан кейін ешбір аламанға қатысқан жоқ. Ал Ерке жирен сол жеңістен соң дәуірдің нағыз жүйрігіне айналды. Сол жылы ауданнан озып, аты дүркірей шыққан соң, Ерке жирен Абай ауданында өтетін, Мұхтар Әуезовтің 90 жылдығына арналған дүбірлі республикалық бәйгеге аттанады. Бұл – республиканың әр түкпірінен іріктеліп келген кіл жүйріктердің бабы мен бағын сынайтын үлкен дода еді. Сол сәт – Ерке жиреннің нағыз сынға түскен, аңызға айналған мезеті болды.
Жалпы саны 54 ат бәйгеге қосылады. Әр өңірдің де үкілеген үміті, сенімді тұлпарлары еді. Бірақ Ерке жирен оларды шаңына да ілестірмей, көмбеден қара үзіп өтті. Шабысынан от шашқан жүйріктің екпіні мен өршілдігіне ел таңдай қағып, тамсана қарады.
Қазақ – тұлпар көрсек қаны қызып, делебесі қозатын халық. Осы бәйгеде Ерке жиреннің шабысын, өр мінезін көріп, намысын таныған ақын Мерғали Ибраев оған арнап жыр жазды. Артынша, елге белгілі сазгер әрі әнші Тұрсынғазы Рахимов сол жырға әуен шығарып, Ерке жиренге арналған ән туған еді.
«Жақсы ат аяқтан кетеді» деген ертеден келе жатқан тәмсіл бар. 1989 жылы Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығына арналған дүбірлі той Баянауылда өткен-ді. Сол үлкен аламан бәйгеде елдің үкілеген үміті – Ерке жирен бабында тұрды. Тұлпарлар топ жарып, көмбеге жетуге таласқан шешуші сәтте ол да алдыңғы қатарда шауып келе жатқан. Алайда көмбеге таяғанда бір шалыс басып, аяғы ақсап қалады. Соған қарамастан, соңғы күшін жиып, мәреге жеткен екен.
Мұрат Әбуғазы
ҚР Мәдениет қайраткері,
күйші, өнер зерттеуші
Argymaq.kz




