Көкпардан Әлем чемпионаты өтіп жатыр (ФОТО)
Түркістан қаласындағы су жаңа атшабарда көкпардан әлем чемпионаты басталды.
Халықаралық додаға Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстаннан үздік 9 команда жиналды.
Кеше алғашқы топтық ойындар өтіп, командалар алғашқы ұпайына ие болды. 20 наурызда жартылай финалдық ойындар өтсе, 21 наурызда жүлделі орындар сарапқа салынып, жеңімпаздар анықталады.
Көкпардан әлем чемпионатының бас төрешісі Жанысбек Саев дүбірлі додада 9 елден 96 спортшы бақ сынап жатқанын, аттарын ала келген Өзбекстаннан басқа командалардың барлығына Қазақстан ат жасақтап бергенін айтты.
Шақыру алған Қырғызстан, Әзербайжан, Пәкістан командалары жарысқа қатыспайды. Әлем чемпионаты әділ өтуі үшін додаға қатысып жатқан әр елден төреші келген.
Бұл жарысқа жақсы дайындалдық. Шабандоздар күннің суығына қарамастан аттарын суытып, бабына келтірді. Аттары сақадай сай болып келді. Жаттығу жасап, шабандоздарды іріктеп, командаға 12 адам жасақтадық. Ұлттық құрамаға барынша жас шабандоздарды алып жатырмыз. Үздік өнер көрсеткен жас көкпаршылар ұлттық құрамадан ойып тұрып орын алады, – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момынов.
Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы, ҚР Көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы және Түркістан облысы айтулы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ат салысады.
Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры – 30 000 000 теңге.
Айта кетсек, көкпардан әлем чемпионаты соңғы рет 2017 жылы Астанада өткен еді. Араға тоғыз жыл салып биыл киелі Түркістанда қайта жалауын желбіретті.
Осы орайда көкпардан Қазақстанмен иық тірестіре алатын Қырғыз құрамасы неге келмей қалды деген заңды сұрақ туындайды. Естуімізше олардың уәжі «Әлем чемпионаты өтетінін кеш хабарлады» дегенге саяды. Ал біздің салаға жауапты азаматтар айыр қалпақты ағайынды бір емес, екі рет шақырғандарын алға тартады.
Қырғызстан командасын екі рет шақырдық, бірақ олар келе алмайтындарын айтып, келесі жарыстарға міндетті түрде барамыз деп уәде берді. Қырғызстанмен Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алдында жастар арасында жолдастық кездесу өткізсек деген ниетіміз бар, – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момынов.
Естеріңізге сала кетейік, биыл күзде Қырғызстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні хабарланған болатын.
Argymaq.kz














