Павлодарда жаңа ипподром ашылады

20 маусым күні сағат 10:00-де Павлодар қаласында жаңа ипподром ашылады. Соған орай классикалық бәйге түрлерінен республикалық «ERTIS-BAYAN CUP» турнирі өтеді.
Бұл туралы өңір басшысы Асайн Байханов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтауға және төл спортымызды кеңінен насихаттауға айрықша көңіл бөлуде. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде спорт нысандары салынып, ұлттық спортқа кеңінен қолдау көрсетілуде. Жаңа ипподром – өңірдің спорттық инфрақұрылымын жетілдіруге және жылқы шаруашылығы мәдениетін дамытудың маңызды қадамы – деді облыс әкімі өз жазбасында.
Турнирде Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген үздік шабандоздар мен сәйгүліктер бақ сынайды. Қонақтарды тартысты бәйгелер, ұлттық көрмелер, әсерлі қойылымдар, бағалы сыйлықтар және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концерт күтеді. Келушілердің қолайлығы үшін арнайы тегін автобустар ұйымдастырылады.
Сіздерді ең айтулы шараға – жаңа ипподромның ашылу салтанатына (Шарбақты көпірінің арғы жағы) шақырамыз! – деді Асайн Байханов.
Argymaq.kz



