Салт атпен саяхат – ұлттық рух пен достықтың мектебі

Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Ұлтымыздың тарихы мен тағдыры, ерлігі мен елдігі аттың жалында, түйенің қомында қалыптасты.
Бабаларымыз кең байтақ даланы ат үстінде қорғап, ұрпағына азаттықтың асыл мұрасын аманат етті. Сондықтан жылқыны қадірлеу, атқа міну мәдениетін сақтау – ұлттық болмысымызды сақтаудың маңызды бір жолы.
Салт атпен саяхат – табиғатпен үндесіп, халқымыздың бай мұрасын терең сезінуге мүмкіндік беретін ерекше дәстүр. Ат үстінде келе жатқан адам өзін еркін сезінеді. Tуған жердің әр белесі мен жотасына, әр өзені мен көліне басқа көзқараспен қарайды. Бұл – тек серуен емес, рухани тәрбие мектебі, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын көрінісі.
Жаңадан келгендер үшін мұндай саяхаттың алғашқы қадамдары атқа міну мәдениетімен танысудан басталады. Тәжірибелі нұсқаушылар қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, атты басқарудың негізгі тәсілдерін үйретеді. Алғашқы жаттығулардан кейін ғана қатысушылар қысқа бағыттар бойынша серуендеп, біртіндеп ұзақ сапарларға дайындалады. Осылайша әрбір азамат атпен тіл табысуды, табиғатпен үндес өмір сүруді және жауапкершілікті сезінуді үйренеді.
Осы бағытта ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт атпен саяхат мәдениетін дамытуға үлес қосып келе жатқан ұйымдардың бірі – At-Travel салт аттылар клубы. Бұл клуб бүгінде атқа құмар жандардың басын қосқан үлкен рухани ортаға айналды. Клуб құрамындағы әрбір үзеңгілес – талай белесті бағындырған тәжірибелі салт атты. Олар әртүрлі салада еңбек еткенімен, ат үстінде бәрінің мақсаты ортақ. Атқа деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет пен ұлттық дәстүрге деген адалдық оларды бір шаңырақ астына топтастырған.
Үзеңгілес аға-бауырларымыз Берік Ақылбеков, Таңжарық Сұлтанұлы және Ержан Жаубай, т.б. бірге өткен әрбір сапар ерекше естеліктерге толы. Киелі жерлерді аралап, тарихи мекендердің тағылымын таныған сәттер жүректе мәңгі сақталады. Әр сапар туған өлкенің тарихын тереңірек тануға, табиғаттың ғажайып сұлулығын сезінуге жол ашады. Ат тұяғы жеткен әрбір мекеннің өзіндік шежіресі бар екенін ұғынасың.
Сапар барысында достықтың шынайы құндылығын сезінесің. Ұзақ жолда бір-біріңе сүйеніп, қиындықты бірге еңсеру адамдарды жақындастырады. Ат үстінде өткен әрбір шақ төзімділікке, сабырға, жауапкершілікке және өзара қолдауға тәрбиелейді. Сондықтан салт атпен саяхат – тек табиғатты тамашалау емес, адам бойындағы жақсы қасиеттерді шыңдайтын өмір мектебі.
Клуб мүшелерінің басым бөлігі – тәжірибелі нұсқаушылар. Олар жастарға бағыт-бағдар беріп, атқа мінудің қыр-сырын үйретіп келеді. Осындай тәлімгерлердің арқасында салт атпен жүру мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық мұрамыздың өміршеңдігі сақталады. Бұл – ата-баба аманатына деген адалдықтың көрінісі.
Бүгінде At-Travel клубының мүшелері ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға да үлес қосып келеді. Олар жылқыға деген құрметті арттырып, қазақтың атқа міну мәдениетін жаңғырту жолында белсенді еңбек етіп жүр. Себебі ат – тек көлік құралы емес, ол қазақ руханиятының, мәдениетінің және тарихының ажырамас бөлігі.
Осы ретте клуб жетекшісі Берік Ақылбеков ағамыздың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, ұлттық мұраға деген жанашырлығы және үзеңгілестерге көрсететін қамқорлығы клубтың дамуына үлкен серпін беріп келеді. Атқа міну мәдениетін дәріптеу жолындағы еңбегі көптеген азаматқа үлгі.
Салт атпен саяхат – әрбір қатысушы үшін жай ғана демалыс емес. Бұл – ұлттық болмысты танудың, рухани байып, жаңа достар табудың ерекше жолы. Ат жалында өткен әрбір сапар туған жердің тарихын тануға, табиғаттың әсемдігін сезінуге және ата-баба мұрасын құрметтеуге үндейді.
Қазақ «Ер қанаты – ат» дейді. Бұл сөздің астарында ұлттың бүкіл болмысы жатыр. Сондықтан жылқыны қадірлеу, атқа міну мәдениетін дамыту және оны кейінгі ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай игі бастамалар арқылы қазақтың салт атпен жүру мәдениеті жаңғырып, ұлттық рухымыз асқақтап, келешек ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Дидар Оралбекұлы
At-Travel салт аттылар клубының II санатты тәжірибелі нұсқаушысы, журналист-ұстаз
Argymaq.kz




