Кәп Құмарұлының ат сынау үлгісі
Елік бас, теріс езу, елең құлақ,
Өр кеуде, бөкен танау, құлан сирақ,
Тік бақай қысқа біткен берік белді,
Тұяғы кер құланға бітер тұяқ.
Құс топшы, барыс сүбе, жылан бауыр,
Бота көз, күдір жота, киік сауыр,
Кең құрсақ, жібек сіңір, сілбісі кең,
Аршын төс, бүркіт қабақ, мінезі ауыр.
Жез бақай, тесік өкпе, алма мойын,
Кең сағақты, серке сан, желкесі ойдым,
Білеуленіп бұлшық ет бөлек біткен,
Арасы алшақ жатыр қалбағайдың.
Тар мықынды, тартық жон, талтақ бұтты,
Жарағаны сүмбедей, сұлу сыртты.
Шашалығы сіңірлі, тік тілерсек,
Мыңнан біреу шығады мұндай жылқы.
Өретін тұлпар жалын төгілдіріп,
Бойға шақ үзеңгілік, тебінгілік,
Па, шіркін ат ойнатқан қандай ғажап,
Алқылдап омырауда өмілдірік.
Ат қайтты қарақшыдан тізгін керіп,
Ақ шүйке артта тозаң жентектеліп,
Ызғындап талай ұшқыр алға шықты,
Еліккен ет күшіне тентек желік.
(Суреттер Дәулеткерей Кәпұлының жеке қорынан алынды)