Алматыда көкпар мектебі ашылды
Республикалық «Көкпар федерациясының» Алматы қалалық филиалы Алматы қаласындағы №17 жас өспірімдер спорт мектебінен көкпар бөлімін ашты. Мектеп директоры Аманжол Қазымбетов көкпар бөлімінің нәтижелі жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайды тудырып отыр. Мектептің ішінен жаттығу жасайтын, жататын орын бөлді. Ат құлағында ойнайтын, көкпарға икемі бар алғашқы сегіз баланы бөлімге қабылдады. Алдағы уақытта мектептің көкпар бөлімі Б.Момышұлы атындағы әскери мектептің өрендерімен толықтырылып отырылатын болады. Ол туралы екі мектеп арасында меморандумға қол қойылды.
Мектептің көкпар бөлімін атпен, ертоқым, балаларға арнайы киім, аттардың жем-шөбімен «Көкпар федерациясының» Алматы қалалық филиалының директоры, меценат Данияр Дәукей қамтамасыз етуде. Бұл бөлімді ашуға Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру істері басқармасының басшысы Қайрболат Хайдаров, Туризм және спорт академиясының басшысы Қайрат Закрьянов, мектеп басшылары Аманжол Қазымбет пен Жарлепесов Сәбит көп еңбек сіңірді. Жаңа құрылған топ «Б.Момышұлы атындағы көкпар командасы» деп аталды. Сонмен қатар, бұл команда алғаш рет көкпар тартуға арнап арнайы жасанды серкені пайдаланады. Жаңа ашылған көкпар командасына сәттілік тілейміз.
Арғымақ.кз