Нұрғали ОРАЗ. Жылқының көз жасы

9024

Абрар ақсақалға арнаймын

(Автор)

Қасқа бие тү-у баяғы құлын күніндегідей кұлдыраңдап, алыстан мұнартып көрінген бір асуды бетке алып, бар пәрменімен заулап барады. Бір ғажабы, шапқан сайын есейіп, жасына жас қосылып, құлыннан тайға, тайдан құнанға, құнаннан дөненге, дөненнен бестіге айналады. Бірақ анау, алыстан мұнартып көрінген асу да ол бауырын жазып, тұяғын сермеген сайын жылыстап, көкжиекке қарай жылжи көшіп, жеткізбейтіндей көрінеді.

“Қайран жануар-ай, жануар-ай!” – дей береді әлденеден секем алып, жүрегі суылдай жөнелген Абат қарт күбірлеп. Әне, қап-қара жалын жел тарап, құйрықты жұлдыздай ағып жетті-ау дегенде кенет әлгі асудың үсті батар күннің қанқызыл шапағына боялып… жо-жоқ, қып-қызыл өртке оранып, құлын дауысы кұраққа ұша кісінеген қасқа биені жұтып-ақ жібергені… Апыр-ай, осы бір сұмдық суретті қай жерден көріп, қай қиырдан шолып тұрғаны белгісіз Абат қарттың жүрегі шаншып-ақ кеткені. “Ой, Құдайым-ай, түсім екен ғой”, – деді ол көзін ашқан кезде жүрек тұсын алақанымен басып. Бірақ әлгі шаншуы оянған соң да басыла қоймады. Өзекке түскен ащы өкініш пен үмітсіз сағыныш секілді бір күйік кеудесін ашытып, тынысын буып барады.

Сол күні қарт ұлы сәскеге дейін мал қорасының маңынан ұзап ешқайда шықпады. Қайта-қайта айналсоқтап келіп, қасқа биесінің жалынан, арқасынан сипады. Біраздан бері қорадан шығып, өз бетінше жайылудан да қалған кәрі биенің жауырыны дір-дір етіп, иесіне мұңын шаққандай мең-зең болып қарайды. “Е-е, қарттық деген осы екен ғой”, дейтін секілді есті жануар көкейіндегісін көзімен ұқтырып. Абат қарт күндегісіндей бір уыс жемді шылап беріп еді, бірақ қасқа бие бүгін оны да жей алмады. Тек иесінің алақанын ақырын ғана иіскеп, көзін жұмды.

Сірә, жазмышқа мойын ұсына бастаған-ау. Иә, жануар, “тумақ бар да, өлмек бар”. Бұл жалғанда одан ешкім қашып құтылған емес. “Бір күні мен де… – деді Абат қарт іштей күрсініп, – иә, бір күні мен де…”

Сонсоң бақи дүниенің алдында бақұлдасып қалайықшы, жануар дегендей қасқа биенің мойнынан құшақтап, жалына бетін басты. Ол да… Иә, есті жануар, ол да басын иесінің маңдайына сүйеп, ризаласып, қоштасқандай болды. Қасқа биенің жанарындағы жылт еткен бір нәзік сәуле – үміт сәулесі, әлде иесіне деген ыстық ықыластың белгісі – көпке дейін сөнбеді. Бәлкім, фәни жалғанның осы бір жылт еткен жарығы кейін оның өзімен бірге бақи дүниеге бірге кететін болар…

Абат қарт түскі асын ішіп, қораға қайтып келгенде қасқа биенің көзінен тарам-тарам жас ағып, жылап тұрғанын көрді. Ә дегенде абдырап, не істерін білмей дағдарып қалған қарт: “Жануарым-ау, жануарым-ау!.. – дей берді оның арқасынан қағып. Дауысы біртүрлі құмығып, дірілдеп кетті. – Мұның не?! Саған жәбір көрсеткен жеріміз жоқ еді ғой…”

Қасқа бие қалт-кұлт еткен тізесін бүгіп, жатуға ыңғайланды. Абат қарт оның омырауынан демеді. Тақтай еденге бүйірін төсеп, бір қырымен жантая бере жануар кәдімгі кәрі денесін айықпас дерт меңдеген сырқат кісілерше “уһ” деп қинала күрсінді. Абат қарт оның үстіне бір қабат жабу әкеліп жауып, жан-жағын қаусырып, қымтап қойды. Қоңыр күздің мынау сығырайған кемпіршуағы қасқа биенің кәрі сүйегін жылыта алмай, үп еткен лептің бәрі шаншу боп қадалып жатқандай көрінді оған. Кірпіш қораның жартылай ашық қалған есігінен түсіп тұрған жарықты көлегейлеп, ішке үңілген бір кісінің сұлбасы табалдырықтан аттай бере:

– Ау, немене, кәрі биеңді құшақтап, өлімге қимай отырсың ба?! – деген таныс дауыс жетті құлағына.

Осы көшенің арғы бетінде тұратын құрдасы екен. Абат қарт үн қатпады.

– Өлейін деп жатыр ма?! – деді құрдасы тағы да қарап тұрмай.

– Е-е, қартайды ғой жануар, – дей салды Абат.

– Иә, құр сүлдесі ғана қалыпты ғой!

Бұл жолғы жауаптың жоралғысы ретінде Абат қарт басын шұлғыды. Тап осы сәтте қасқа биенің демі сырылдап, тынысы бітіп бара жатқандай еді.

– Оу, деді құрдасы пышақ іздегендей қалтасын қарманып. – Мы… мынау тіпті, кетіп бара жатыр ғой, бауыздап жіберейік те.

– Керегі жоқ, – деді Абат қарт басын шайқап.

– Арам өледі ғой!

Ақсақал тағы да басын шайқады…

Құрдасын шығарып салған соң, еш шаруасы болмаса да шөп қораға қарай бұрылды. Үйілген сарғыш маяны бір айналып өтіп, айырмен шөп жинағансып, біразға шейін сол жерде күйбеңдеп жүріп алды. Сөйтіп жүріп Абат қарттың назары ауылдың батыс жағындағы ұзыннан ұзақ созылып жатқан сары белге қарай ауды. Қоңыр күз жапқан боз шекпенінің етек-жеңін қымтанып ап, қалғып кеткен алып қарияға ұқсап қапты… Сары белге қарай апаратын қара жолдың үстін шөп басып, кей тұстарын көзден жасырыпты. “Көпте-е-ен бері бұл жаққа ешкім ат ізін салған жоқ қой”, дегендей құлазып, тіршілік дүбірін аңсап жатқандай…

Жалпы мынау, жалпақ дүниенің өзі де қоңыр күзде қалжырап, шөгіп, жүдеп қалғандай шаршаңқы, көңілсіз күйде екен.

Күн бесінге қарай ауғанда қасқа биенің көзі жұмылып, соңғы демі үзілді…

 * * *

 Абат қарт арбаға күрең атты жекті. Содан соң біреуі тоғызыншы, біреуі он бірінші сыныпта оқитын екі немересін шақырып ап, қасқа биенің денесін ала арқанмен тартып, үшеулеп арбаға салды. Сөйтті де, делбені өз қолына алып, сары белді бетке ұстап, тартып кетті. Күрең ат біразға дейін құлағын қайшылап, қасқа биенің жансыз денесінен шошып, жан-жағына үрке қарап келе жатты. Абат қарт діттеген жеріне тезірек жету үшін емес, әлдебір жаманатты сезіп, секем алған күреңнің көңіліне демеу болу үшін ғана делбені жиі-жиі қағып қояды. Көптен бері із түспей, құлазып жатқан қасқа жол жалғыз арбаның сылдырына қуанғандай, бар ынта-шынтысымен тербетіп, кей тұстарда тіпті аспанға лақтырып-лақтырып алғысы келеді.

Баяғыда осы сары белдің арғы бетінде де бір топ ауыл отырушы еді. Олар да мынау өмір деген мазасыз тіршіліктің бір ыстық, бір суығына батып, өз тірліктерімен өздері әуре болып жатушы еді. Бүгінде соның бірі жоқ…

Абат қарт күрең аттың ауық-ауық дір-дір етіп келе жатқан жауырынына қарап, делбені тағы да бір қағып қойды. “Біле білсең, бұл сенің – перзенттік парызың, – деді енді онымен мұңдасып, сырласқандай кейіпте. – Әттең, тілің жоқ, әйтпесе бүгін “әжем-айлап” еңіреп жылайтын-ақ күнің!..”

Осыдан соң ол қасқа биеге өзінің де өмір бақи қарыздар екенін есіне алды.

Бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан сона-а-ау бір шақта (ол кезде әлі қырықтың қырқасына да шықпаған уағы) Абаттың аяқ астынан төсек тартып жатып қалғаны бар емес пе. Бәрі де әлгі Жынның ылаңы ғой. Сол пәле жер бетіне шыққалы бері осындай бір оқыс кесел оңды-солды ойран салып тұрған-ды…

Апыр-ау, сонда деймін де, Абатты мезгілсіз келген ажал да, қақ ортасынан үзілер қайран өмір де шошыта алмады-ау. Ол тек соңымда қалып бара жатқан үрім-бұтағым – ұл-қыздарымның ендігі тағдыры не болмақ деп қамықты ғой. Олар мынау Жын жайлаған меңіреу өлкеде оңы мен солын танып үлгермей жатып жетім қалса… жылап қалса, Абаттың аруағы ана дүниеде қайтіп жай тауып, қалай тыныш жатпақ…

“Жынның дертінен жынды су ғана құтқара алады”, деп еді-ау сонда бір сәуегей.

Бірақ ауру түгілі, сау адамның өзін ақыл-есінен айырып, айуанға айналдырып жіберетін жынды суды ішкен жан да сол Жынның құлақкесті құлына айналмаушы ма еді. Тек өзі ғана емес, үрім-бұтағы, зәу-затымен сол Жынға табынып кетуші еді ғой!.. Жо-жоқ. Абат оны аузына алған емес. Жан сақтаймыз деп, әлгі жынды суды ішіп, Жынның соңынан еріп, сайқымазақ болып кеткен ауылдастарын ол білмейді емес, біледі. Сол жылы жазда Құдай жарылқап, қасқа бие құлындады емес пе. Әй, бір сүйкімді, әй, бір сұлу құлын туды ғой. Қызыл күрең мап-майда түгі күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етіп тұрды ғой!.. Иә, сол бір сүп-сүйкімді қызыл құлынмен таласып қасқа биенің бір емшегін Абат та емді. Сүттей ішті, саумал күйінде ішті, қымыз қып сапырып ішті.

“Аруағыңнан айналайын қасқа бие-ай, әуелі Құдайдың, содан соң сенің арқаңда сауығып, аман қалдым ғой мен, – деді кеудесін шер толқытып, көзі жасаурап келе жатқан Абат қарт делбені бір қағып қойып. – Бәлкім, шиеттей бала-шағамның көз жасын ескерген шығарсыңдар, бәлкім, жас еді, жалғыз еді деп есіркеген боларсыңдар. Әйтпесе мені анық көздеп, маған келген ажал еді ғой ол!..” Сол жылдан бастап Абаттың үйінен қысы-жазы қымыз үзілмейтін болды. Соңынан ерген үйелменді-сүйелменді ұл-қыздарының бәрі де Жынның дертінен аман, ақыл-есі бүтін, ойы да, бойы да биік, келісті, келбетті азаматтар болып өсіп, жетіліп жатты. “Иә, шетінен алғыр, шетінен жүйрік, шетінен тұлпар шықты ғой құлындарым. Тіпә, тіпә, тіл-көзім тасқа, тіл-көзім тасқа! – деді Абат қарт шекпенінің жеңіне түкіріп. – Бәрі де ел таныған азамат болды. Тәубе! Бұл тағдырға мың қайыра шүкір!..”

– Әйт, шүу, жануар!

Бағанағыдай емес, бүгінгі тауқыметке енді күрең аттың да еті үйреніп, сары бел жақтан ескен сүмбіле самалға танауын тосып, желе жортып келеді. Абат қарттың ойына: “Адам үш күннен соң көрге де үйренеді”, деген ескі қағида оралды да, соңынан: “Жылқы ше?..” деген бір қызық сауалды ерте келді. Бірақ… жылқыда көр, зират болушы ма еді?! Бір болса, Құлагерде болар, Сұркөжекте болар, Айтұмарда болар. Иә, санаулы ғана жүйрікте болар. Енді, міне, қасқа биеде де болмақ… “Апыр-ай, жануарым-ай, бұл жалғанға өкпең жоқ шығар-ау?! Менің де саған өкпем жоқ. Бал қымызың ем болып, бүкіл үрім-бұтағымның қызығын көріп, қуанышына бөленіп келемін. Одан артық не керек маған, не керек?!. Айтпақшы, өкпе демекші, жаңа Абаттың жұмбақ тірлігіне түсінбей, “тірі малды арам өлтіреміз бе” деп абдырап қалған құрдасы не ойлап кетті екен. “Бәлкім, мал болған соң, жануарды бауыздау да керек пе еді?..” Жо-жоқ! Абат қарт өз ойынан өзі шошып кетті. Басқасы басқа-ау, қасқа биенің тамағына қайтіп дәті жетіп пышақ салмақ?! Етін қайтіп асып жемек? Сүйегін қайтіп итке тастамақ?!.

Құрдасына керегі – бір соғым болса, Абат оны ертең өз қолымен жетектеп апарып береді. Оған мұның мәрттігі де, мырзалығы да жетеді. Қажет болса, тіпті, бір ауылдың бір жылдық соғымын алып беруге бар. “Жә, аспа, Абат, таспа, Абат, – деді қарт енді өзіне өзі басу айтып. –Тәубе, тәубе!” Ол бірте-бірте жақындай бастаған сары бел жаққа қарады. Қара жол биікке көтерілер кезде біресе оңға, біресе солға бұрылып, жүгі ауыр жолаушы ентікпесін деп екі-үш жерде әдейі жыланша иретіледі. Абат қарт делбені қаттырақ қағып-қағып жіберіп, күрең атқа дем беріп, қамшылап қойды. Ол бүгін, қайткенде де, қасқа биесінің тәнін осы сары белдің биігіне апарып жерлейді. Ал жануардың жаны… Бәлкім, қазір сона-а-ау көкте, жеті қат аспанның ар жағында ұшып бара жатқан болар.

“Қош, жануар, қайыр-қош! – деді арбаның үстінде өзімен өзі күбірлеп сөйлесіп келе жатқан қарт. – Біз сені өмір бақи ұмытпаймыз. Қайран қасқа бие… Біздің қара шаңырақтың бір тірегі, бір уығы едің-ау!..”

 * * *

 Абат қарт өз қолымен үйген төмпешіктің – қасқа биенің басында біраз кідіріп, үстіне жұққан шаң-топырақты қаққыштап, арбаның жанына қайтып келгенде көрді: күрең ат жылап тұр екен. Тілсіз, үнсіз егілген жануардың көзінен жас парлап, моншақ-моншақ боп үзіліп жатыр екен… Ол күреңнің маңдайынан сипап, саусағымен жалын тарағыштап тұрып алысқа-а, сонау бір жылдары жер астынан алып саңырауқұлақтай албасты Жын атып шыққан тауға – Полигон жаққа қарады. У сіңген қара жартас тағы да қан тілегендей сұрланып: “Әй, Адам, сенің де амалың таусылмайды-ау осы!” деп ызғар шашып, тұлданып тұрғандай көрінді.

Oraz_NurgalyНұрғали Ораз

argymaq.kz (Көрнекі сурет: Гүлмира Телғозиеваның сызған суреті)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.