Биылғы «Алтын тұлпар» аламаны ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бас демеушілігімен, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алтын тұлпар» дәстүрлі республикалық турнир өткізілмек.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған аламан бәйгенің жарыс жолы 51 шақырымды құрайды. Бәйге өткен жылдағыдай ұзындығы 12.5 шақырымды құрайтын үлкен аумақты шеңберді 4 дүркін айналып шабу арқылы жүргізіледі. Жарыс жолының бойына әрбір 2 шақырым сайын барлығы 7 бақылау бекеті орналасады. Бекеттерде телекамералар мен төрешілер, адам және мал дәрігерлері, тәртіп сақшылары тұрып, бәйге барысын бақылайды. Жарысқа қатысатын шабандоздарға түсі әртүрлі арқасында сандық нөмірі бар арнайы футболка кигізіледі.
Бұл туралы бүгін Қазмедиа орталығында өткен аламан бәйгені ұйымдастырушы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мәлім етті.
Аламан бәйгеге еліміздің 14 облысы және Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүлік бәсекеге түсуге мүмкіндік қарастырылған. Жарысқа жүйрік тұқымдардың барлығы қатыстырылады. Ең алғаш алпысқа жуық, өткен жылы 90-ға тарта ат шапқан дүбірлі додаға түсер сәйгүліктердің саны биыл арта түсер деген сенім бар.
«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің биылғы жүлде қоры 23 млн теңгені құраса, бас жүлде 10 млн. теңге. Мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға диплом және қаржылай жүлде беріледі.
Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан аламанның алғашқы ұйымдастырылуы «Нұр Отан» партиясының 15 жылдық мерейтойына арналған. Ал өткен жылы еліміздің еңсесін көтерген Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне шапқан еді. Биылғы дүбірлі бәйге Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр.
Осы жиын барысында сөз алған Бекболат Тілеухан журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап бере келіп, қыркүйектің 11-де өтетін аламанға атбегілер мен ат бапкерлерінің көптеп қатысуын, ұлттық өнеріміздің насихатталуына ат салысуларын сұрады. Сонымен қатар бүгінгі күнде қоғамдағы басты мәселеп болып отырған допинг жайы да сөз болмай қалған жоқ.
«Бүгінгі күнде спортшылар арасындағы допинг дауы өте алаңдатарлық деңгейде. Десе де бұл жүйріктерді де айналып өтпейтіні анық. Қалай дегенмен де атқа, жүйрікке жаны ашитын, ақшаға емес, ұлттық құндылыққа, елдің қызығы үшін деп қызмет ететін ат бапкерлерінің түсінігіне қалдырып отырмыз. Себебі бізде әзірге жүйріктерді допингтен тексеретін орталық жоқ» — деді Бекболат Тілеухан.
Аталмыш шара аясында «Ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылады. Шын жүйрікті жазбай таныған сыншыларға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Шоқай сыншы», «Киікбай сыншы» атындағы арнайы жүлделер бар.
Аламанның өтетін жері де белгілі, жылдағыдай Астанадан 35 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылы маңында өтеді. Бәйге болатын күні халық үшін елордадан арнайы қоғамдық көлік қатынайтын болады.
argymaq.kz