Ел құрамасы ДКО-ға дайындықты бастады

Ұлттық спорттың халықаралық аренасына айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алтыншы рет өткелі отыр.
Аталған жарыс Қырғыз Республикасында 30 тамыз бен 6 қыркүйек аралығына жоспарланған. Ресми регламентте 43 спорт түрі бекітілген, Қазақстан құрамасы осы спорт түрлерінің барлығына қатысуды мақсат етеді.
Ойындар бағдарламасында жанкүйердің ерекше ықыласына бөленген көкпар мен көкбөрі – көпшілік назарында. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрілігі осы халықаралық додаға қатысатын спортшыларды жасақтап, жан-жақты дайындықтан өткізу жұмыстарын кешенді түрде жүргізе бастады.
Көкпардан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Шабандоздар осыған дейін Алматы облысы, Олимпиадалық даярдау орталығында физикалық тұрғыдан жаттығудан өтті. Шілде айының 10 – 30 аралығында спортшылар ат үстінде жаттығады. Қазіргі таңда ұлттық құраманың 24 спортшысы ат үстіндегі шеберліктерін шыңдап, командалық тактика мен техникалық дайындықтарын жетілдіріп жүр.
Жаттығу жұмыстарын көкпардан бас жаттықтырушы Нұрдәулет Момынов қолға алеан. Оқу-жаттығу жиыны барысында спортшылар көкпар және көкбөрі сайыстарына қатар дайындалады.
Ұлттық құрама жарысқа дейін тағы да 2 рет оқу-жаттығудан өтеді, бірі – елдегі аттармен жаттығу болса, соңғысы – Қырғыз еліндегі бейімделу мақсатындағы қорытынды жиын болмақ.
Жиынның басты мақсаты – ұлттық құраманың физикалық және тактикалық дайындығын арттырып, халықаралық дода алдында командалық рухты күшейту.
Алдағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы ұлттық спорттың абыройын асқақтатып, жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
Argymaq.kz

