Дүниежүзілік II Көшпенділер ойынын өткізген қырғыздарға ескерту!

9927

Көкпар спортының шырайын кіргізіп ойнайтын елдің бірі – қазақ болса, екіншісі қырғыздар екенін әлем жұрты болмаса да, Азия жұрты анық біледі. Сол қырғыз мамандары аталмыш семинар-кеңесте төбе көрсеткен жоқ. Себебі, соңынан мәлім болды.

Қыркүйек айында Қырғызстанда «Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының» өткені белгілі. Сол дүбірлі бәсекенің көкпарындағы ақтық сайыс Қазақстан мен Қырғызстан командалары арасында болған. Сонда қалай да қазақ көкпаршыларын жеңуді көздеген қырғыз командасы ойын ережесін көпе-көрнеу белден басқан. Жарыстың бейне-ролигі назарға ұсынылды. Расында, қырғыз көкпаршыларының әрекеттерінен бейбіт ойын емес, кәдімгі дұшпандық пен өшпенділік көзге ұрып тұр. Көпе-көрнеу ереже бұзу былай тұрсын, ашық қатігездікке ойланбай барады. Әсіресе, қарсыласты атпен шауып келіп соғу сияқты қатаң тыйым салынған қимылдарға төрешілер тегіс көз жұмып қараған.

Ең сорақысы, мына көрініс. Есеп әлі ашылмаған. Экран 0:0 есепті көрсетеді. Алғашқы ойынның орта тұсы. Алаңда бірнеше ойыншы серке тартысып тұр. Осы сәтте алаң шетінен ойынға қосылған қырғыз жігіті құйғыта шапқан қалпы көлденең тұрған біздің ең үздік ойыншыны аяусыздықпен келіп соғып, мұрттай ұшырады. Әккі қырғыз да, аты да дін аман. Ал, аңдаусыз тұрған біздің спортшы да, ат та сұлап түскен. Қан-жоса болған қазақ спортшысын, орнынан зордың күшімен тұрған аттың көрінісі сұмдық. Анық мақсатты түрде жасалған қиянат. Адам өміріне қауіп төндірген нағыз қылмыстық әрекет. Егер әділіне жүгінсе, мұндай оқиғадан соң біздің команда ойынды жалғастырудан бірден бас таруы керек еді. Семинар-кеңеске қатысушылар осы жайтқа таң-тамаша. Ойын қалайша тоқтатылмаған? Өкінішке қарай, жарыс қайта жалғасқан. Бұл, біздің көкпаршыларды бастап барған жетекшілер тарапынан кеткен зор қателік.

Қырғыз көкпаршылары мен төрешілерінің аталмыш ойын барысындағы осындай өрескелдіктері үшін семинар-кеңеске қатысушылар жуырда Қырғызстан Республикасының Президентінің атына және сол елдегі барлық құзырлы орындарға «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығы» атынан наразылық хаттарын жіберуді ұйғарды.

«Өйткені, бұған дейінгі басқосуларда айтылған талай ескертулерді қырғыз спорт мамандары мүлде елеусіз қалдырған. Егер мұндай тәртіпсіздік белең алған ойындар алдағы уақытта қайталанса нәтижесі адам өлімімен аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан, бейбіт өмірдің, татулықтың жаршысы болған спорт жарысының беделін болашақта төмендетіп алмау үшін осындай кесімді шешім қабылдап ортырмыз. Бұны қырғызбауырларымыз түсіністікпен қабылдап, алдағы уақытта мұндай әрекеттерге жол бермейді деген сенімдеміз» — дейді семинар-кеңеске қатысушылар.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.