Нәбидолла КИКЕБАЕВ: Қазақтың Қазанатын қалпына келтіру мәселесін көтеруге шамамыз келмей отыр

6822

Қазақ үшін қай заманда болмасын жылқының алатын орны ерекше. Оған дәлел, сан ғасырлық тарихымыздағы елге қорған болған батырларымыздың серігіне айналған тұлпарлар туралы аңыздар ел ішінде жетіліп артылады. Әріге бармағанда әйгілі Ақан серінің Құлагері туралы небір тарихи туындылар бүгінгі күнге дейін мәнін жойған жоқ. Тіптен оны қойып, халықтың шаруашылығында Қамбар ата тұқымының мінсе көлік, ішсе қымыз, жесе тамақ болып, біте қайнасып кеткен рөлінің өзі – бір төбе. Бірақ, өкінішке орай, тарих еншісінде ұлттық құндылықтарымыздың біраз бөлігіне жәдігер ретінде қарайтынымыз жасырын емес. Солардың қатарына қазақтың қазанатын да жатқызуға болады. Соңғы егемен алған жылдардан бастап осы қазанатты өсіру мәселесі қайта қолға алына бастағаны көңіл қуантады. Атап айтсақ, Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылында орналасқан «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты бұл игі іспен тиянақты айналысуда. Білікті басшы, ғалым Нәбидолла Кикебаев басшылық ететін мекеме қазақтың қазанатын өсіріп шығаруда айтарлықтай жұмыстар атқаруда.
Бұл мекеменің қызметкерлері үшін атақты А.Сүлейменовтің «Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал біздің қазақ жылқыдан жаралған» деген сөзі қанатты қағидаға айналған.

«Жалпы, қазақ жылқысы қырдағы табиғи жайылымда жайылса ет сапалы болады. Бір жағы осы түліктің басын көбейтуіне үлесін қосады. Жылқыдан түсетін пайда шаш етектен. Қазіргі таңда, елімізде жылқыға қатысты бар мәселені шешіп, түліктің осы түрін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашу керек. Институт ашылса жылқыға қатысты ғылыми жұмыстардан бастап, ет, қымыз өндіру секілді басқа да өзекті мәселелерді шешумен шұғылданар еді. Осындай орталықтың жоқтығынан атам заманнан қазаққа тән болып келген қазы-қартаны француздар, қымызды немістер, көкпарды қырғыздар иемденіп жүргенін көріп отырып еріксіз бармақ тістейсің. Осыдан қарап, жылқы тектес халқымыздың ұлттық брендіне айналған асылдарымыз көрінгеннің еншісінде кетпеуі керек. Біздің қазақтың қазанатын қайта түлетуге талпыныс жасауымызға осы мәселелер түрткі болды», – деп налыйды «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаев.

Ғалым айтқан мәселелердің барлығы қазақ жылқысының қасиетіне, оны сақтау мәселесіне келіп тіреледі.
1999 жылы Нәбидолла Кикебаев Қостанайдағы асыл тұқымды жылқы зауытына басшы болып тағайындалды. Сол кезде қазір атағы алысқа кеткен зауыт совхоздың бір бөлімшесі ғана болыпты. Өкініштісі, сол көнеден келе жатқан зауытқа басшылар көңіл де бөлмепті. Үйірге түсетін айғыр жаңартылмай, уақытында қажетті ғылыми жұмыстар жүргізілмегендіктен сол кездері асыл тұқымды сәйгүліктер жоғалудың алдына қалыпты.
2000 жылы Қостанай жылқы зауыты Мемлекет басшысының тікелей назарына алынады. Осы игі қадам жаңа басшы Нәбидолла Кикебаевтың жұмысына да қанат бітірді. Мекеме «Қазақ тұлпары» деген атауға ие болды.

«Мен алғаш бұл жерге келгенімде заманның өзі аумалы-төкпелі болатын. Халықтың алқымынан алған нарық жылдары еді ғой. Бірақ, соған қарамастан жылдар бойы ешкімге керексіз болып қалған ғасырдан астам тарихы бар мекеменің жұмысын қайта құрып шықтым. Басында менің істеп жатқан жұмыстарым мен алға қойған мақсаттарыма сенбегендер де болды. Зауытта патша заманынан қалған ат қорадан басқаның бәрі жаңартылды. Спорттық жылқылардың генетикасын жақсарту мақсатында сырттан араб, ағылшын тұқымдас айғырлар сатып алынды. Германиядан әкелінген құрал-жабдықтар арқылы айғырлар ұрығын 196 градустық суықтағы сұйытылған азотта қатыру ісі жолға қойылды. Осындай жұмыстың арқасында биелер жасанды жолмен ұрықтандырылады. Бұл уақытты та, қаржыны да үнемдейді. Ғылым дәлелдегендей, асыл тұқымды айғырлардың лабораторияда сұйық азотқа қатырылған тұқымы жүз жылға дейін сапасын жоғалтпай сақталады. Қазақ даласында Құлагер сынды талай арғымақтар болды ғой. Олардың бүкіл тектілігі де, жақсы қасиеттері де өздерімен бірге кетті. Тіпті, кешегі Кеңес Одағы кезінде атағы жер жаран әйгілі Абсенттен, осы Қостанай зауытының іргесіне сүйегін арулап көмген Неон және Билитер деген асыл тұқымды айғырлардан да тұқым алынбаған», – дейді білікті басшы Нәбидолла Ақанұлы.

Қазіргі таңда «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының үш зертханасы бар. Бұл жер малшаруашылығы ғылымына енді ғана қадам басқан жас ғалымдар шыңдау шеберханасы секілді.
Елімізде Нәбидолла Ақанұлының тікелей мұрындық болуымен бірнеше тың тақырыптағы ғылыми диссертациялық жұмыстар қорғалды.

«Біздің зауыттағы жұмыстың басты мақсаты – тұқымы жоғалып кеткен Қазанатымызды қайта түлету. Бұл – ұлттық мақтанышымыз ғана емес, ұрпақтың ұлттық санасын ояту үшін де керек іс. Орыстар мен украиндар тұқымы жоғалып кеткен «русская верховая», «украинская верховая» деген жылқы тұқымын өткен ғасырдың 70-90-шы жылдары қалпына келтіріп алды. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде Мәскеуден қазақстандық ғалымдарға «сендер ет бағытындағы жылқы тұқымының сапасын жақсартыңдар» деген нұсқау берілді. Ал Ресейде орыстың ұлттық рухын көтеретін «русская верховая» деген жылқыны қалпына келтіруге қарқынды кірісті. Әрине, орыс ұлтының мақтанышы мен мүддесін ойлаған бұл істен сол кездегі үкімет ештеңесін аянып қалған жоқ, нәтижесінде көздеген мақсатқа жетті. Ал біз қазақтың Қазанатын қалпына келтіру мәселесін көтеруге шамамыз келген жоқ», – дейді ішіндегі сырын ақтарған ғалым.

Нәбидолла Қазанаттың қайта ораларына сенімді. Соңғы он-он бес жыл аралығында «Қазақ тұлпары» командасы республика бойынша таза қанды импортты жылқылармен қатал бәсекелестік жағдайларында 369 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 147 – бірінші орын, 125 – екінші орын және 87 – үшінші орынды иеленген екен, 19 автокөлік еншіледі. «Тайбурыл-2004» мамандандырылған жылқы көрмесіне 11 түрлі тұқымды жылқылардан 70 жылқы қатысып, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының Бота (Аргон-Бандуристка) атты биесі «Абсолютті чемпион» деген атаққа ие болып, «Бас сыйлық» иегері атанды.

«Етікші етікке жарымайды» дегендей қазіргі таңда біздің өңіріміз үшін жетіспей тұрған мәселелерге де тоқталып кеткен жөн секілді. Асыл тұқымды жылқы өсіріп отырған облыстардың бірі болып отырғандықтан өңірде әлі күнге дейін ат спорты мектебінің жоқтығы көңіл қынжылтады. Оның сыртында жылқының емдік қасиеттерінің өзі бір төбе ғой. Соның ішінде басқа облыстарда қолға алынып жатқан жылқы терапиясы немесе иппотерапияның Қостанай облысында кенже қалып жатқаны тағы бар. Болашақта осы екі саланың басын біріктіретін мектеп ашылса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді сөз соңында «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаев.

meshit-gazezМешіт Ғазиз

(Суреттер авторға тиесілі)
BAQ.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.