Қымыз қазақтың брендтік сусыны болуы керек

7959

Ата-бабамыздан мұра боп қалған ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз, яғни ұлттық өнімдеріміз қазіргі кезде кеңінен дәріптеліп, қазақ халқының ұлттық өнімі ретінде әлемдік сауда нарығына шығарылуда. Қымыздың адам ағзасына аса шипалы екенін ғалым академиктеріміз ұзақ жылдар бойы үзбей дәріптей отырып, бие сүтінің пайдасы мен емдік қасиеттерін кең көлемде сөз етеді.

Қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкiн емес. Бұл ғажайып сусын қазақтардың барлық салтанатты думандарында бiрiншi кезекте берiледi. Ол туралы өлеңдерде, мақал-мәтелдерде айтылады, әйел адамның қабiлетiн ең алдымен оның қымыз әзiрлеуiне қарап бағалаған. Ыдыс түбiнде iшiлмей қалған қымызды төгiп тастау күнә болған. Қазақтар жүздеген жылдар көлемiнде қымызды айырықша ыдыста – торсық пен сабада дайындаған.

Қымыз– жылқы сүтінен алынатын қышқыл сүт өнімі. Қазақтар жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, жазғы, күзгі, қысқы қымыз деп атаған. Бие сүтінің ерекшелігі жылқы малының жеген шөбіне және биенің жасына байланысты болғандығы белгілі.

Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай, оның аталуы да алуан түрлі.

Қазіргі медицинада қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра отырып, өкпе, сүйек және бүйрек туберкулезін, жүрек, қан тамырлары ауруларын емдегенде, сондай-ақ витаминдер жетіспегенде, зат алмасу бұзылғанда қолданады. Антибиотикалық дәрі- дәрмектер қымыздың құрамындағы: дәрумендермен, қоректік заттармен, ашытқылармен қосылып ағзаға оңай сіңеді. Өзінің адам ағзасына жасайтын күрделі және әр жақты әсеріне қарай қымыз тіршілік көзі ретінде ықпал етеді және маңызды тамақ өнімі. Қымыздағы тағамдық және емдік қасиеттердің мұндай байланысы бүгінде өзге өнімдер мен сусындардың ешбірінде де кездеспейтіндігін баса назарға алады академиктер.

Қымыздың әсері бүкіл ағзаны өзгертеді. Физиологиялық және биохимиялық процесстер күшейіп, зат алмасу қалпына келтіреді.

Әдетте сауылатын биелер: сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөледі.

Бие сүтінің сапалылығы белгілі бір дәрежеде сүтті жылқы тұқымдары өсірілетін географиялық аймаққа, ондағы жайылым жағдайына және т.б. жағдайларға байланысты. Енді бір ерекшелігі биелерді 8 айға дейін саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады.

Қазіргі таңда еліміздің жылқы шаруашылығындағы басты қызығушылық – сүт пен ет өнімдерін мол беретін, өндіріс шығыны аз қазақы жылқыны өсіру болып отыр. Қазақы жылқы, басқа жылқыларға қарағанда өзіне тән ерекшеліктерімен құнды: Өйткені жылқының бұл сорты жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімделген және ірілігімен, сүттілігімен бағаланады.

Қоңдылығы жоғары жабы типті қазақы жылқының тірілей салмағы 450-530 кг-ға дейін жетеді. Биелері тәулігіне орташа есеппен 10-15 литр, ал ең үздіктері құлынының емген сүтімен есептегенде 21 литрге дейін сүт бере алады.

Қазақстандағы табынды жылқы шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты, жылқы шаруашылығы бөлімінің ғылыми қызметкерлері, селекционер-ғалымдары өнімді бағыттағы қазақы жылқы тұқымдарын шығарды.

1976 жылы көшім жылқы тұқымын, 1998 жылы мұғалжар жылқы тұқымын таныстырды.

Қазіргі таңда мұғалжар тұқымының ішінде өсіру ортасына және өнімдік деңгейіне байланысты төрт типке бөлінген жылқылар өсіріледі. Олар: Қарағанды облысы, Шет ауданында «Шолақ Еспе», «Табыс-Агро Д» жылқы зауытында қожамберді типі;

Қызылорда облысының Арал ауданында «Құланды» ЖШС жылқы зауытында өсірілетін құланды типі;

Ақтөбе облысының асылтұқымды шаруа қожалықтарында қайыңды және ембі типі өсіріледі.

Олардың сүттілігі орта есеппен жылына 2200-2300 литр.

Сүтті-етті бағыттағы көшім тұқымы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы «Көшім» ЖШС, «И.Серғазиев» және Ақжайық ауданда орналасқан «Сабит», «Кошим» жылқы шаруашылықтарында сонымен қоса Ақмола облысы Ерейментау ауданы «Масақбай» шаруа қожалықтарында шоғырланған. Биелерінің сүттілігі орта есеппен жылына 2100-2200 литр.

Ал Павлодар облсында «Алтай Карпық Сайдалы Сарытоқа» асыл тұқымды жылқы зауытында қазақ жылқысының Селеті типі өсіріледі, биелерінің сүттілігі жылына орта есеппен 2000-2100 литр.

Көшім, мұғалжар тұқымдарының және жабы типті қазақ жылқысының, адай мен найман тұқымдық топтарынның тұқымдық және өнімдік сапасын жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары, жылқылардың ұнамды типтерін көбейту және жаңа жоғары өнімді типтер мен аталық іздер шығару негізінде таза тұқымды мал өсіру әдісімен жүргізіледі.

Көшім тұқымының жаңа жоғары өнімді Жанқала зауыттық типін;

Селеті зауыттық типі негізінде жабы типті қазақы жылқысының ішіндегі жаңа Сайдалы типін;

Және осы тұқым ішіндегі Қожамберді типінен Мерген мен Сарыайғыр зауыттық аталық іздерін;

Қазақ жылқысының найман тұқымдық тобында Қаршыға және Орлик зауыттық аталық іздерін жылқы шаруашылығы бөлімінің ғалымдары ұзақ жылдар сұрыптап, зерттеу нәтижелерінің қорытындылады. Соның негізінде жаңа қазақы жылқы типін қалыптастырып шығару бойынша өз ұсыныстарын Ауыл шаруашылық министрлігіне тапсырған.

Көшім тұқымы бойынша Орал популяциясында жаңа зауыттық аталық іздер Хитрец, Байкал, Ласковый апробацияланып, 2012 жылы ҚР ӘМ РМҚМ «Ұлттық зияткерлік институтында» бекітілді.

Демек сапалы, емдік қымыз беретін асыл тұқымды жылқыларымыз жетерлік.

«Сауын саусаң, бие сау, боз қырау түспей суалмас» деген мақал тегін айтылмаса керек. Күтімі келіскен бие тіпті бір жылға дейін сүт береді. Халық арасында қымызды көңіл күй сергектігі және ұзақ жасау сусыны деп текке атамаған. Қымыз – сапалы тамақ өнімі ғана емес, сондай-ақ шипалы сусын.

Ертеректе, яғни ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін қымыз – қазақ халқы ауқаттыларының бедел-абыройын, дәулетін, салтанатын, мырзалығын, дастархан байлығын білдірген.

Франция мен Германияда қымыз өнеркәсібінің қалай тамырланып келе жатқаны бұқаралық ақпарат құралдары деректері арқылы көпшілікке мәлім. Неміс халқының «Эквимед» компаниясы профессор Кеңесхан Ыдырышұлы Дүйсембаевтың технологиясы бойынша бие сүтінен кішкентай нәрестелер үшін ана сүтінің орнына қолданылатын ғажайып қуаты бар тағамдар әзірлейді. Бүкіл саналы ғұмырын қымыз бен шұбат өндірудің ғылыми негізіне арнап келе жатқан атақты ғалымымыз, биология ғылымдарының докторы, профессор, Тарлан Платина сыйлығының иегері Зұлқайнар Сейітов мырза да қымыздың жетпістей түрін тапқан.

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов: «Бұл тек қана қымыз емес, халықтың рухы. Қымыз – тірі қан. Халқымыздың, керек болса, мемлекетіміздің асыл қаны» деген еді. Тектіден туған текті ұлдың осы айтқанында үлкен мән жатыр. Бұлай дейтініміз, Қазақстан Республикасы ЭКСПO-2017 халықаралық көрмесін өткізгелі отыр. Үш айға дейін жалғасатын бұл көрмеге ғаламшардың түкпір-түкпірінен келетін қонақта қисап болмайды деп күтілуде. Нақтырақ айтсақ, оған әлемнің 100-ден аса мемлекеті қатысып, біздің елдің өзіндік брендтік өнім деп ұсынатын дүниелеріне назар аудармақшы. Келген қонақтарымызды ұлттық сусындармен қамтамасыз етіп, жылы ілтипатмен күтіп алсақ, абыройымыз асқақтай түсері даусыз. Бұл орайда ұлттық брендіміз болуға лайықты қымыз бен шұбатқа ерекше мән беріп, көңіл бөлуіміз керек.

Ойымызды қорытындылай келе айтпағымыз, ата-бабадан мирас боп жеткен, қанмен сіңіп, сүтпен дарыған ұлттық тағамдарымыз, төл сусынымыз – қымызды мол көлемде сапалы да дәмді етіп өндіруге аса мән беруіміз қажет.

Исхан Қайрат Жәлелұлы Қазақ ұлттық аграрлық универсететінің қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарынның кандидаты, доцент. Баймуканов Дастанбек Асылбекович Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты, жылқы шаруашылығы бөлімінің бас ғылыми қызметкерлері, ҚР ҰҒА корреспондет мүше, ауыл шаруашылығы ғылымдарынның докторы, профессор.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.