Бүгін Астанада Теңге ілуден II Азия чемпионаты өтеді
Бүгін Астананың 20 жылдығына орай елордада Теңге ілуден ІI Азия чемпионатының жалауы желбірейді.
«Биыл Ұлттық спорт қауымдастығы «Астананың 20 жылдығына 20 ұлттық-спорттық іс шара» кампаниясын бастады. Осы кампанияның алғашқы шарасы 1-2 маусым күндері Елордамызда өтеді. Ол — Теңге ілуден ІІ, Аударыспақтан ІІІ Азия Чемпионаты. Аталған сайысқа онға жуық елдің 50-ден аса спортшысы, ал жалпы құрамаларды қосқанда 100-ге тарта делегат қатысуы жоспарланған. Бір қарағанда, аз ел көрінгенімен, енді ғана насихаты жасала бастаған Теңге ілу мен Аударыспақ үшін бұл – үлкен нәтиже» — дейді Бекболат Тілеухан.
Оның айтуына қарағанда, Теңге ілуден ІІ Азия және Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттарының жалпы жүлде қоры – 14 000 000 теңге.
«Теңге ілуден әр елден – 1, ал өткізуші мемлекет ретінде Қазақстаннан – 2 спортшы қатысады. Аударыспақтан Азия чемпионатына 9 мемлекеттен 44 спортшы қатысады. Аударыспақ жарыстары 5 салмақ және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша (60, 70, 80, 90, 90+) өткізіледі. Екі сайыста да бас жүлдеге 1,5 млн теңгеден беріледі» — дейді депутат.
Бүгін Астана іргесіндегі «Қазанат» атшабарында басталатын дүбірлі додада ел намысын Қазақстан Республикасы спорт шебері Мағжан Сапарбек пен Теңге ілуден бірінші ашық Азия чемпионатының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Ғалымжан Ізжанов қорғайтын болады.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 2018 жылы 1 маусымда 14 сағатта басталады.
Дүбірлі додаға Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Алтай Республикасы, Ауғанстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстен, Түркия қатарлы 9 мемлекеттен 10 спортшы қатысатын болады.
Журналистер үшін: Жиналатын орын «Қазмедиа орталығы» ғимаратының алды. «Қазанат» атшабарына жүретін уақыт 13:00.