Биылғы Президент кубогы Қаракөзге бұйырды

3775

Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен,  демеушілердің қолдауымен  Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында Конституция күніне және Астана қаласының 20 жылдығына орай ҚР Президентінің Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті.

Осымен 20 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден жалпы саны 170-тен астам сүйгүлік қатысты. Көрермендерді қиқулатып, қошеметіне бөлеген тартысқа толы бәйгенің нәтижелері төмендегідей:

Тай жарысы:

1-орынға Жамбыл ауданының атынан топқа түскен «Хантәңірі» жүйрігі келді.

2-орынды Қарасай ауданының намысын қорғаған «Фердоус» атты жүйрік иеленді.

3-орынды Талғар ауданында бапталған «Тұмар» атты жүйрік қанжығасына ілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Жорға жарысы:

Бірінші келген Астана қаласының «Эдельвейсі» болды. Мәре сызығын екінші болып Алакөл ауданынының «Космос» атты жорғасы кесті. Үздік үштікті Сарқан ауданынан топқа түскен «Теміртас» түйіндеді. Жеңімпаздарға сәйкесінше «Лада гранта» автокөлігінің кілті,  150,0 және 120,0 мың теңге табысталды.

Құнан бәйге:

Бірінші орын – Қарасай ауданының «Нұрқасқасы».

Екінші орын – Талғар ауданынан келген «Барбара» .

Үшінші орын – Жамбыл облысының «Астана» атты құнаны.

Бұл жолы да жеңімпаздар үштігіне жоғарыда аталғандай сыйлықтар табыс етілді.

Топ бәйге:

1-орын – Жамбыл облысының «Жүректоры» атты сәйгүлік иеленді. Жеңімпазға «Нива» автокөлігінің кілті табысталды.

2-орынды иеленген Қарасай ауданының «Қарашаш» атты жүйрігінің иесі «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады. 

3-орын да осы Қарасай ауданының  «Жел» атты тұлпарына бұйырып, иесіне 150 000 теңгенің сертификаты берілді.

Осыдан кейін ат жарыстың төресі саналатын 25 шақырымдық Аламан бәйгенің де кезегі келіп жетті. Оған еліміздің әр түкпірінен 50 жүйрік қосылды. Нәтижесінде жеке дара озып, топты жарған Жамбыл облысының «Қаракөз» атты жүйрігі иесі Артығали Миразовқа «УАЗ Патриот» автокөлігінің кілтіне ие болуына жағдай жасады. Мәре сызығын жеңімпаздан сәл ғана қалып кесіп өткен Қарасай ауданының «Бұйражал» атты сәйгүлігінің иесіне «Нива» автокөлігінің кілті сыйға берілді. Сондай-ақ үшінші және төртінші орындарды Жамбыл ауданынан келген «Көкдауыл» мен «Нұрқасқа» атты қос жүйрік иеленді. Жүлдегерлерге сәйкесінше «Лада Гранта» автокөлігі мен 200 мың теңге қаржылай сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ осы күні көпшілік алдында өнер көрсеткен «Қыз қуу» мен «Аударыспаққа» қатысқандар жанкүйерлік  етуге жиналған мыңдаған көрерменнің көңілін көтеріп,  қошеметіне бөленді.

inform.kz 

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!