«Ұлы дала рухы» фестивалінде 25 шақырымды «Қаратау» бағындырды (ФОТО)

6594

Астананың 20 жылдығына орай  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы және Ұлттық және ат спорты орталығының ұйымдастыруымен үш айға созылған ерекше фестиваль бүгін аяқталды.

14 облыс, үш қаланы қамтыған дүбірлі доданың аламан бәйгесінде аузымен құс тістеген өңшең саңлақ сынға түсті. Биыл «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтпей, жүйріктер де табан қыздырып, жер танабын қуыра алмай тықыршып жүрген секілді. Жарыс жолына 19 қыл құйрық тізілді.

«Әп» дегенде 8-ші номерлі Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген Аспархан есімді сәйгүлік пен 17-ші номерлі Атыраудан келген Нәсіп есімді жүйріктің арасында ауыздық тістескен бәсеке басталып кетті.

Астанадағы «Қазанат» атшабарының мүмкіндігіне сай, 25 шақырымды 14 айналым жасау арқылы жүріп өту керек болатын. Осы орайда Астанаға бір үлкен аламан алаңның керек екенін ішіңіз сезген шығар, құрметті оқырман.

Сонымен не керек, алғашқы айналымда артта қалған 17 аттан суырылып шыққан қос тұлпар 500 метрдей алға кетті. Дегенмен Несіптің несібі болмады ма, Аспарханның аласапыранына төтеп бере алмады.

Қазанатқа жиналған көпшіліктің делебесін қоздырып, қиқуын аспанға көтерген Аспархан ақырғы айналымға дейін маңына қара ілестірмеді. Аспарханның арынына төтеп беріп, ауыздығына алақанын ойғызған шабандоз Жексенбі Алдияр да әккі екен, тізгінді бір босатып, бір тартып отырып 13-ші айналымға да барды.

Бұл аралықта 19 аттан не бары 5-ақ жүйрік қалған болатын.

Бұл бесеуі: 11-номердегі Жұматай Ақжол тақымына басқан Алматы облысының Албанторысы; 10-номердегі Жексенбі Алдияр тізгіндеген тағы сол алматылық Қаратау; 8-номердегі Саймасай Дамир жалына жармасқан қордайлық Аспархан; 18-номердегі Рет Тоқтамыс тақымдаған Астананың алғыры – Нұрқасқа және 4-номерлі Тоқжанов Әділжан мінген Алматы облысы Қарасай ауданының намысын көтерген Эдельбейс болаты.

Соңғы айналымның соңғы 300 метрі қалғанда Аспарханның адымы қысқара бастады. Әрине, бұл жүйрікті де түсінуге болады. 14 айналым бойы алдына қара салмай отыру оңай ма. Дегенмен орамды жүйрік ортада жүреді дегендей, Қаратаудың қарқыны қарлы шыңнан қар көшкіні домалағандай болды. «Алдына ат салмаған Көктұйғынға, бір бәле Көкшетаудан келген екен» дегендей, алдына ат салмай келе жатқан Аспарханның алдына, Қаратау қарғып-қарғып шығып кетті.

Бәйге бойы Аспарханның алымына айыздары қанып отырған көрерменнің Қаратаудың қарқынына сүйсінбеске әдді қалмады.

Тура елдің алдында жылғадан аққан жылымдай жылыстаған Қаратау мәре сызығын соңғы сәтте бірінші болып қиып өтіп кете барды.

Аламанда алапат жүріс танытқан Аспархан амалсыз екінші орынды місе тұтты. Әуелі әлі де жер ұзақтау болса үшінші орындағы Нұрқасқаға жол беріп қоюы да мүмкін еді. Ал төртінші келген Албанторы мен бесінші орынды даусыз алған Эдельбейс екеуі құйрық тістесе өтті.

Сонымен Аламан бәйгеге тігілген 5 жүлдені бөлісіп алған жүйріктер мыналар:

І орын – Қаратау, таза қанды 4 жасар қаракер айғыр. Алматы облысы Қаратал ауданы. Шабандозы – Жексенбі Алдияр, ат иесі – Жексенбиев Бақытжан, Смаилов Жеңіс, бапкері – Нұржігіт Таюылдиев. (4 млн 500 мың теңге)

ІІ орын – Аспархан, арабы тұқымды төрт жасар жиренқасқа айғыр. Жамбыл облысы Қордай ауданынан. Шабандозы – Саймасай Дамир, ат иесі – Өсербаев Мұрат, бапкері – Мұхамедов Елдос. (1 млн 500 мың теңге)

ІІІ орын – Нұрқасқа, ағылшын тұқымды бес жасар күреңқасқа айғыр. Астана қаласы. Шабандозы – Рет Тоқтамыс, ат иесі – Төлегенов Нұралы, бапкері – Қазбеков Мақанғали. (750 мың теңге)

IV орын – Албанторы, ағылшын тұқымды бес жасар торы айғыр. Алматы облысы Талғар ауданы. Шабандозы – Ақжол Жұматай, ат иесі – Бұлғынов Мерхат, бапкері – Ноғаев Бақытжан. (500 мың теңге)

V орын – Эдельбейс, таза қанды төрт жасар қара айғыр. Алаты облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы. Шабандозы – Тоқжанов Әділжан, ат иесі — Жұрқабаев Талғат, бапкері — Омаров Сабыржан. (200 мың теңге)

argymaq.kz

(Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.