Алпамыс батырдың Байшұбарды таңдауы

15645

… Байбөрінің бір құлы бар еді. Оның аты Құлтай болып, тоқсан құлдың басы еді. Бір күні жылқының басында жатыр еді. Алпамыстың атасы менен анасы жалғыз ұлымыздан айрылып қалармыз деп келінінің кеткенін айтқан жоқ еді. Бір күні Алпамыс тілләдан істелген ерін иініне салып, көп жылқының басында жатқан Құлтай бабасының қасына келді.

Алпамыс жеті жасына келгенде жылқыларының ішінде әдейі Алпамысқа арнап жүрген дүлділ құлыны жеті жасына шығып еді, ешбірінде мінген емес еді, оның атын Байшұбар деуші еді. Бұл Байшұбар: «Мені бір ер мінер, қандай батыр мені мінсе құйрығымнан тартып тоқтатқан кісі мінер» деп еді. Бұл ойы өзіне мақұл көрініп жүруші еді.

Алпамыс бабасына келіп: «Қалмаққа кеткен келініңіздің ізінен кетемін, маған бір ат бер», — дейді. Сонда бабасы: «Жақсы пейіліммен саған еншіңе айтып жүрген бір атым бар еді. Көп жылқыны үстіңнен тоғытып айдайын. Сен бір тастың тасасында жат, сенің қайратты ер жігіт екеніңді білейін, өзіңе лайықтап айтқан құлынды ұстап ал. Балам, сенің жақсы екеніңді көрейін, еншіңді танып ұстасаң, қолымнан ерттеп берейін» — дейді.

Енді жылқыны Алпамыстың үстінен тоғытып айдады. Алпамыс жылқының бәріне қарап жатыр. Жылқылар Алпамыстың үстінен өтіп жатыр. Өзінің атасы Байбөрі байдың көп жылқысының ішінен толып жатқан бедеуден біреуін де көңілі жаратпады. Жылқының бір қара көрінім соңында бір Байшұбар ат көрінді. Жалы құлағынан асқан, төрт аяғын тең басқан, құйрығы бір қолтық сексеуілдің шырпысындай, жал кекілі жібектей. Алпамыс жатқан ақ тастың үстінен жортып өте берді.

Алпамыс көре салып, білегіне күшін жиды, секіріп орнынан тұрды. Алпамыс сұлтан нақ он төрт жасында аттың құйрығына жолбарыстай қол салды. Алпамыс деген алып еді, жануар Байшұбар нар сияқты тізесін бүкті, қанжығалап құлағын тікті үш мәртебе зор салды, Алпамыс жібермеді. Алпамыс алып зорлығын білдірді. Байшұбар аттың өзінің уәдесі бар еді: «Мені құйрығымнан тартып тоқтатқан ер мінер» деген. Сол уәдесіне келді, «маған ие болуға жарайтын адам екен» деп тұрып қалды.

Алпамыс Құлтай бабасының қасына мініп келді. Сонда Құлтай бабасы:

— Құтты болсын мінген атың,

Сен, сен – менің мәдатым.

Құтты болсын Шұбарың,

Мойныңа таққан тұмарың,

Шапқанда тарқар құмарың.

Әр жерлерде күніңе жарар,

Шырағым, мінген Шұбарың.

Осы сөздерді айтып болған соң Алпамыс Байшұбарға тілләдан ер салды, қос тартпасын шалды.

Болаттан дабыл төңкеріп,

Артына қалқан бөктеріп.

Қарағай найза өңгеріп,

Астындағы Шұбарын,

Өз басымен тең көріп.

Құлтай атты бабадан,

Бедеудің мінді беліне.

Сапар қылды майданда,

Тайша қалмақ еліне.

Ойлы-қырлы жолменен,

Бұл жапанда шөлменен.

Ақша жүзін солдырып,

Қамқа көңлін толтырып,

Баршынжанның жолында

Мінген Шұбар болдырып…

«Алпамыс батыр» жырынан үзінді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.