Қостанай жылқы зауытындағы жылқы ауруына қатысты түсініктеме берілді
Бұл туралы ақпаратты Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы өздерінің сайтында жариялады.
Жауапты мекеменің айтуынша «Қазақ тұлпары» ЖШС-і жылқыларына ветеринарлық алдын алу іс-шаралары жоспарлы түрде басталған. Қан алу жануарлардың ауруларын зерттеу және анықтау үшін жүргізілген.
Сол кезде жұқпалы жылқы анемиясымен (ИНАН) ауыруы мүмкін күмәнді аттар анықталды. Соған байланысты алдын алу шаралары жүргізілді. Барлық жануарлар клиникалық тексеруден өтті және қосымша жұқпалы анемия бойынша тексерілді. Қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық ережеге сәйкес бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, жылқылардың бәрі оқшауланды. Олар тұрған қораларға дезинфекция жасалды. Тезектері жиналып, биотермиялық жоюға дайындалды», — делінген сайттағы мәліметте.
Арнайы хабарласқанымызда, орталықтың жауапты мамандары осыдан артық мәлімет бере алмайтындарын айтты.
Естеріңізде болса, бұған дейін Қостанай жылқысына қатысты бірнеше материал жарияланды. Интернетте «жылқы зауытында мал ауруы тарады» деген ақпардың рас-өтірігін анықтап көрмек болған едік. Алайда, «Қазақ тұлпары» басшылығынан тиісті жауап берілмеді, тек жергілікті ветеринар мамандардың пікірі ғана айтылған болатын.