Жағда Бабалықұлы. Жылқыда кездесетін кейбір аурулардың халық емі

2780

Қазақ этнографиясының, қазақтың салт-дәстүрінің, қазақы танымның білгірі болған Жағда Бабалықұлы атамыздың артында мол мұрасы қалды. Қазір назарыңызға ұсынып отырған мақала — соның бір парасы ғана. 1999 жылы «Маңмаңгер» журналына жарияланған мақаланы қайта беруді жөн көрдік.

Argymaq.kz

Түйнек

Түйнек – өлі тиюдің бір түрі. Қазақ емшілерінің айтулары бойынша түйнек: қи түйнек, қара түйнек болып екіге бөлінеді. Байқауларға қарағанда семіз, шелді, шарбы, шажырқайы қалың, бүйрегі бітеу малда түйнек аз кездеседі. Ал арық, ішмайсыз, әсіресе ішмай бітпейтін кәрі мал мен жас малда түйнек көбірек кездеседі. Жыл бойы байқағанда түйнектің ең көп шығатын кезі – көктем айлары болған. Сондай-ақ қай кез болса да мал ішінде қидың сұйылған кезі де себеп болатын көрінеді.

Түйнек тоқ малды қатты айдаудан, көлік малын қатты жүріске салудан, малды тосын үркітуден, әсіресе көктемде арық малдың шошынып қарғуы, секіруі, әдейі жығып аунатудан, кейде өз еркімен аунауынан, жүріп келе жатып жалт бұрылуы сияқты оқыс қозғалыстан болатын көрінеді.

Түйнек дегеніміз – ішектің түйінделіп бұралуы, ішектің бір тұйығы қатарындағы ішектің үстінен, шажырқай, бүйрек май шандырларының тесігінен немесе шап шандырларының тесігі, жыртығы болса, соның бірінен ішектің бір тұйығының өтіп, асылып қалуы деген сөз.

Ішектің түйнектелуінен ішкі өзектің табиғи тәртібі бұзылады. Несеп-жын тоқтап қалған тұсын кернеп, іш кептіреді, тыныс тарылады. Органдардың қорыту, сіңіру, айдау, сыртқа шығару жұмысы нашарлап, ішек-қарын істен шыға бастайды. Кейде ішек жарылып, малды өлтіріп жіберуі мүмкін.

Қи түйнек пен қара түйнектің белгілері ұқсас. Сырқат кенет басталады. Екі бүйіріне кезек-кезек қарайды. Жер тарпиды, тынышсызданады. Жата қалып аунап, қайта тұрады. Жатып аунауды жиі қайталайды, гүрс етіп құлап түседі. Керіледі, күшенеді, қиналып, есі шығып, қаратерге түседі.

Емдеу жолы:

Емшілер түйнек болған малдың бұралған ішегін қалыбына келтіру үшін шалқасынан жатқызып, оңға-солға аунатады. Малдың алды мен артқы жағын кезекпен жоғары көтеріп байқайды. Шонданайының үстінен инені көлденең өткізіп, ауыстыру арқылы малды керілтеді. Малдың бауырынан бақан өткізіп, бір-екі көтеріп түсіреді. Қойды жайдақ атқа өңгеріп, тұра шабады.

Бұл шара-әдістердің мақсаты – ішектің тұйығы өтіп кеткен шандырларды үзіп жіберу. Егер осы әдіс-тәсілдермен мал жазылса – мұның қи түйнек болғаны.

Осы әдістердің бірде-бірі ем болмай, малға өлу қаупі төнсе, онда малдың тақыр шабынан керісінше жарып, ішке қол жүгіртіледі де, бұралған ішекті жазып таратады. Ішек асылған шандырды үзеді не қиып жібереді. Тілген жерді тігіп, дәрілеп, ерекше күтімге алады. Жармаса болмайтын түйнекті қазақ емшілері «қара түйнек» деп атайды.

Қызылмай

Жұқпалы емес. Ыстық күнде қатты айдап, ыстықтай су ішкізсе, ат-көлікті ыстық күнде мініп, ауыр жүк артып, қинаса, тоқ мал, семіз мал тез қызылмай болады. Әсіресе, бұған түйе малы жылдам шалдығады.

Қызылмай – зілді дерт. Қызылмайдан мал қатты күйзеледі. Ет майы бұзылады. Сүйекке, кемікті жерлерге қан ұйиды. Жілік майларына қан кетеді. Қатты зардаптан малдың аяғына қан кетеді. Егер қызылмай болған мал дер кезінде емделмесе, іріп-шіріп, қиналып өледі. Өлмей қалған күнде де оның әбден сауығып, тазаруына бірнеше жыл керек.

Емдеу жолы:

Қазақ емшілері қызылмай болған жылқы мен түйені емдеп, оны тез қалпына келтіретін болған. Жұмысқа пайдаланудан, мінуден мүлде босатып, малдың жағдайына қарай өріске жіберуді дұрыс көреді. Аяқтарынан, барлауынан қан алады. Суық райлы шөп-дәрілер береді. Таза бидайды езіп, соны ішкізеді. 200-300 грамм шайды қайнатып, суытып береді. Мал дертінің салмағына қарай емнің басқа түрлерін де жасайды. Емнің жаққан түрін көбірек қайталайды.

Тышқаншық

Жылқы мен сиырдың өте тез, жіті өтетін ауруы. Мал өрістен, оттан, шөп, судан мүлде қалады. Іші кеуіп, күйзеледі. Екі жағына кезек қарап, аунап, жанталасады. Жан тері шығып терлейді. Егер тез емделмесе, тышқаншықтан жылқы да, сиыр да өледі.

Бұл екі түліктің тышқаншығы, ауру белгілері, емдеу жолы, тіпті емдеу әдісі де бірдей. Бірақ жылқы тышқаншығын емдегенде оның шықшыт безінен, сиыр тышқаншығын шап безінен емдейді.

Емдеу жолы:

Емшілер айтылған бездерге біз шаншып, сол бізбен безді тіліп, бір-екі бөлікке бөліп жібереді. Егер біз немесе бізге ұқсаған зат болмаған жағдайда, безді сыртынан болса да жаншып, езгілеген жөн.

Кей кезде аттың екі тануының астын ала, көлденеңінен пышақ жүгіртіп, қан ағызады. Біз де, пышақ та жоқ болса, саусақтай таяқша ағашты аттың екі танауына қатар жүгіртіп, қан ағызуға болады. Жалпы алғанда ауру асқынған кезінде қан ағызу малды ажалдан арашалайды.

Бір ғажабы безіне біз сұғып, бізбен безді тескілеп жатқанда мал мыңқ етпейді. Қайта рахаттанғандай, сүйсінгендей қалып білдіреді. Жанына баста, олай етпес еді.

Көзге ақ түсу

Бес түлік малдың бәрінде болатын қасірет. Көзге бір нәрсенің ұшып, ыршып түсуінен немесе соғылып, ұрылудан көзге зақым келіп, көз жанарына жара түседі. Жара жазылған кезде көз қарашығында үлкенді-кішілі ақ түйір қалады.

Көзге ақ түсер кезде көз ылғи түйіледі, жасаурайды, көзді ашқызбай, шаншып ауырады.

Емдеу жолы:

Қазақ емшілері көзге ақ түсу қаупінің алғашқы кезінде-ақ емдейді. Олардың көп қолданатын емінің бірі – шырша қарағайдың, не жатып өсетін аршаның көмірін ұнтақтап, уқалап, оған аздаған қант араластырып, сол талқанның шаңын көзге ептеп үрлеп түсіреді. Осы емді күнара қайталау керек. Егер ауру асқынып кетпесе, көзге ақ түсірмей аман сақтап қалу мүмкіндігі бар.

Қанжілік

Жілікке қан түсу, жілік майына қан түсу, жілігі қанға толу, жілігіне қан құйылу, жілік майы қанталау, жілік майына және кемік бастары мен қақ сүйектерге қан жайылу, жілік кемігінің қанталауы деп аталады. Бұл жілік майының табиғи қалыбының өзгергенін немесе өзгеріп жатқанын білдіретін ұғымдар. Бірақ ол жұқпалы сырқат емес.

Қазақ тілінде «жілікті», «жілік майлы», «жілік майы сорғалап тұр», «кемік майы сорғалап тұр», «жілік майы тоқпақтай» деген сөз тіркестері кезігеді. Бұл жілік майының табиғи қалыбының өзгеріске ұшырамағандығын, яғни «ақжілік» деген ұғымды аңғартады.

«Жіліксіз», «жілігі жоқ», «жілігі азайған», «жілігі солған», «жілік майы азайған», «жілік майы қылдырықтай», «жілік майы үзілген», «жілігінде май жоқ» деген сияқты атау тіркестері де бар. Мұның өзі – малдың ұзақ уақыт дертке ұшырауынан болатын салдар.

Ал қанжілік болған малдың жілік майы қанталап, қызарып, өң-түсі өзгереді. Кейде ұйыған сияқты іркілдеп, жілік қуысы толып кетеді. Оның өзі майдан гөрі қанға ұқсаңқырап, күреңденіп тұрады. Жілік майы ішіндегі талшықтардың да өңі қарайып, қарабурылданып, ісініп тұрады. Пісіргенде ол жілік майына ұқсамай, ұйыған қанға ұқсап көрінеді. Айта берсе, тіпті майдың иісі де, дәмі де өзгереді. Мұндай өзгерістер жілік майы ғана емес, кемік бастары мен қақ сүйектің өзінде білінеді.

Қатты қиналып, ауыртпалықтан жаны күйзелген мал төрт аяғын нық басып тұра алмай, аяқтарын кезектеп, басқан сайын аяңкестеніп, бүгежектеп қалады. Ақсау, сылту пайда болады. Қатты ауырсынып, кібіртіктейді. Малдың ыстығы көтеріліп, тамыр соғысы мен тыныс алуы жиілейді. Осы сырқатқа шалдықан мал мініске, жүріске, арту-тартуға, айдауға жарамайды. Егер қанжілік болған мал жақсы күтілмесе, енді серги бергенде қайта қиналып, тіпті өліп кетуі де мүмкін.

Емдеу жолы:

Қанжілік белгісі анықталған малды қазақ емшілері бос қойғызып, айдатпай, мінгізбей, ерекше күтімге алатын болған. Әсіресе, өте қымбатқа (100, 200, 300 қойға) түскен жүйріктер мен жорғаларды, әрі мықты, әрі төзімді тұғыр-тұлпарларды қанжілік сырқатынан емдеу өте қымбатқа түседі, ал дауалау ұзаққа созылады.

Мәселен, қанжілік ат ауруынан құлан-таза жазылғанша, оған қысы-жазы жүген-құрық тимеуі шарт. Оның жанына ауыр-жеңілді қанжілік болып ауырған екі-үш жылқыны бірге қосып бағады немесе ерекше күтімге алады. Қысқы күтімі жақсы болған жылқы келер қыста қабырғасын «мұздай» жабады. Бірақ жылқылардың жалдануы олардағы аурудан сейілу-сейілмеуіне байланысты болғандықтан, олардың ауруынан құлан-таза құтылғаны үлпершектеніп, шұрайланып шыға келеді. Солардың әртүрлі семіруінің өзінен сырқаты сейілгендері мен сырқаты сейілмегендерін жіктеуге болады. Бірақ малдың жетілу-жетілмеуінің басқа себептері де бар. Соған орай, емшілер тәжірибе үшін қосылған жылқының әр жылы біреуін сойып, бақылауға мәжбүр болған. Ол үшін сойылған жылқының бір жілігін шағып, жілік майының шынысы мен сірнесін, майының молдығы мен аздығын, өңі мен түсін, дәмін, тіпті иісіне дейін шикідей де, пісіріп те тексереді. Бәрі де қолмен ұсталып, көзбен көріліп, дәмі татылады. Қақ сүйектері мен кемік бастары қырағы көзді, білгір, тәжірибелі адамдардың байқауынан өткізіледі, салыстырылады.

Жалпы алғанда, жыл сайын тәжірибе үшін қосылып, бақылау үшін сойылған қанжілік жылқының жілік майы мен сүйектері табиғи қалпына келді ме? Ақжілік, ақсүйек бола алды ма әлде сырқат табы, ізі әлі бар ма? Осы сияқты сұрақтарға жауап ізделеді.

Халық тәжірибесіне қарағанда қанжілік өте ауыр сырқат. Одан малдың ада-күде жазылуы, сырқаттың ауыр-жеңіліне қарай екі-үш жылға созылуы мүмкін.

Жағда Бабалықұлы,

«Маңмаңкер» журналы

1999 жыл №1

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.