Моңғолия қазақтары атты қалай баптайды?

4223

Жуықта жолымыз түсіп Моңғолияның батыс шебіне қоныс тепкен ағайын арасында болып қайттық. Ел аман, жұрт тыныш… Пандемиядан кейін ел жаппай той қамымен шауып жүр. Оның сыртында бұл ел биыл көне Ғұн ұлысының 2230, Моңғол империясының 815, ұлт-азаттықтың 110, Халық төңкерісінің (тәуелсіздіктің) 100 жылдығын атап өтті.

«Наадам» деп аталатын мемлекеттің ұлттық мерекесі ежелден бері «ер жігіттің үш өнері» саналатын балуандар бәсекесі, ат жарыс, садақшылар сайысы негізінде ұйымдастырылды. Осы орайда біз байөлкелік туғандардың тойына куә болып, құнан, дөнен, бесті және жуан аттар мен айғыр жарысын тамашалап, аймақтық «Атбегілер» одағының негізін қалаушы және танымал бапкер Шәріп Сәйпіғалиұлымен жолығып, қазіргі таңда жергілікті атбегілік өнер жайлы сұхбаттастық.

– Шәке, әңгіме басын өзіңіз құ­рып, негізін қалаған байөлкелік «Атбе­гілер» одағы жайынан бастасақ…

– Байөлкелік «Атбегілер» одағы 1998 жылы алғаш құрылды. Қазір 12 сұмында (ауылда) бөлімшелері бар. Өткен жылдарғы есеп бойынша одаққа 12 мыңдай адам мүше болып ілесті. Біздің міндет – ат баптауға ниет еткен жастарға қолдау көрсету, кейбір жағдайда олардың құқын қорғау, бәйге-жарыс кездерінде ат жарыс ережесінің дұрыс атқарылуын қадағалау, төрелік айту, т.б.

Ал біз әкімшілік-құқықтық тұрғыдан 1995 жылы құрылған жалпы Моңғолия «Атбегілер» одағына бағынамыз. Одақ төрт жылда бір рет үлкен Құрылтай өткізіп, туындаған мәселелерді шешіп отырады. Қазіргі таңда одақтың жолдауымен тәжірибелі атбегілер Жапония, Корея, АҚШ, Еуропа елдеріне барып, сол жақтың жүйрік жылқыларын баптау ісімен айналысып жүр.

– Жүйрік баптаумен айналысатындар көп шығар?

– Екінің бірі жүйрік ат ұстайды. Жүйрік баптаушылардың көбейгені соншалық, оларды іріктеу үшін одақ 1999 жылдан бастап, аймақтық бөлік­терге бөліп, бәсеке-бәйге жүр­гізуге мәж­бүр болды. Біз батыс аймақтық бөлік­ке жатамыз. Яғни мемлекеттік ұлы бәсекеге қатысу үшін аймақлық бәй­геден алдыңғы қатардан көрінуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, еуропалық елдердің футболы көптеген дивизоннан немесе лигалардан өтіп келіп, чем­пионатқа қатысатыны сияқты дүние.

– Байөлкелік атбегілерде аймақ­тық бәсекеден озған жүйрік бар ма?

– Өкінішке қарай, біздің қазақ азаматтары аймақтан ат оздыра алмай тұрмыз. Бірақ біз тәжірибе жинақтап, қазақ атбегілерінің де шама-шарқын дамыту үшін аймақтық бәсекені өз же­рімізде ұйымдастырып жүрміз. Не­бір сәйгүліктер келді. Басқасын айт­пағанда, өткен жылдары тек алты жас­тан жоғары үлкен аттар санатына ілін­ген 1 394 жүйрік бәйге жолына шықты.

– Бәйге жолының қашықтығы қанша?

– Еліміздегі ереже бойынша: үлкен аттар 25-26 шақырымға, айғыр 22-24 шақырымға, бесті аттар 20-22 шақы­рымға, дөнен 17-19 шақырымға, құнан 15-17 шақырымға, тай 12 шақырымға жарысады.

– Менің пайымдауымша, аймақта ала жаздай, апта сайын ат жарысы өтеді екен. Бірақ осының бәрін қорытындылайтын, жылына бір рет ұйымдастырылатын аймақтық ресми бәйге чемионат деген бар ма?

– Аймақтық чемпионат десек те болады, жыл сайын наурыз мейрамы кезінде ресми түрде аламан бәйге өткіземіз. Аймақ атбегілері соңғы жылдары жазғы, күзгі, қысқы, көктемгі жарыс түрлеріне арнап жүйріктерін баптайтын әдет тапты. Тіпті қазіргі таңда қысқы ат жарыс түрі қатты қарқын алып барады.

– Қысқы жарысқа қандай жүйрік түрлері қатысады?

– Қысқы жарысқа тек айғыр жарыс­тырып жүрміз. Себебі айғыр қыста күйектен шығады, яғни бос болады. Соны пайдаланып жүйрік айғырларды жарыстырып, кімде қандай жүйрік айғыр барын анықтап, ары қарай селекциялау жұмыстарына пайдаланамыз.

– Байөлкелік қазақтар тарихында танымал, ұрпақ жалғасқан атбегілер әулеті бар шығар?

– Біздің Сенгіл дейтін ауылда Қадыл Айдаубайұлы дейтін атбегі ағамыз тұрады. Осы кісінің отбасы – әкеден бері жалғасқан атбегілер әулеті. Біз аймақтың соңғы 80 жылдық тарихына сараптама жасап көрдік. Осы жылдары Сенгіл ауылының атбегілері ең көп бәйге алған екен. Мысалы, біз сөз етіп отырған Айдаубай ақсақал 3 дүркін бас бәйгеге ие болса, оның ісін жалғаған баласы Қадыл баптаған жүйріктер 2 дүркін бас жүлдеге ие болыпты. Яғни әкелі-балалы атбегілер 5 дүркін топ жарыпты. Одан кейін 80-жылдары дүниеден өткен атақты Күнгейбай атбегінің балалары, одан қалды немерелері де ат баптап, үлкен жарыстарда бәйге алып жүр.

– Сізге төтесінен бір сұрақ қойсам. Қобда бетін мекендеп отырған қазақ­тар­дың қолындағы жылқының тек-тұқы­мы қай негізден және моңғол жыл­­­қысынан айырмашылығы қан­дай?

– Біздің байөлкелік қазақтардың жылқысы Алтай жылқысы тұқым-тү­рінің жұрағаты. Қолданыс ерекшелігіне келер болсақ, тау жылқысы. Әсіресе күдір, тасты-таулы, қатты қыртысты жерде өмір сүруге бейім, терісі қалың көбірлі, суыққа төзімді болып келеді. Ал моңғол жылқысының терісі жұқа болады. Ішкі өлкедегі моңғол жылқы­сы даланың керқұланымен табиғи түрде будандасқан жаңа тип ретінде белгілі. Сондай-ақ Гобы сияқты шөл жылқылары шапқанда алғашқы тебіні қатты болады. Біздің жылқылардың алғашқы тебіні баяу болғанымен, еті қызған сайын шабысы артады, өте төзімді, орта екпінмен ұзаққа сілтейді.

–  Қазақтың байырғы ат баптау тәсілі мен моңғолдың жүйрік баптау тәсілінде қандай айырмашылықтар бар?

– Осы тақырып бойынша біршама зерттеу жасап көрдім. Негізінен алғанда бірдей, бірақ жергілікті табиғаттың өзгешелігі, ауа райы, жер жағдайына байланысты ат баптау ісінде аздаған айырмашылық бар. Әсіресе қазақтың көне тәсілі көп жағдайда моңғолдармен сәйкес келмейді. Мысалы, моңғолдар ат суытпайды, оның орнына қан алады.

Моңғол атбегілері жүйрікті жылдың төрт мезгіліне сәйкестіріп баптай алады. Бізде ол жағы кемшін. Екіншіден, моңғолдар ат баптағанда жемді көп қолданады. Соңғы кезде дәрімен баптайтын әдіс-тәсіл тауып алды. Сол сияқ­ты моңғолдардың жүйрік аттан тері алу әдісі де басқаша. Бұлар көбінде бітеу, жабық тер алады, қазақтар ашық, жадағай тер аламыз. Ертеректе өзім көрген қазақ атбегі­лері жүйрігін мініп жүріп баптайтын. Яғни оны күдір жермен жүргізіп табан-тұяғын жетілдіретін. Ал моңғолдар қан­дай жағдайда да жүйрікті мініс үстінде бап­тамайды. Ашығын айтар болсам, моң­ғол атбегілерінен үйренетін дүние өте көп.

– Моңғолдар ат суытпайды деді­ңіз, ал сіздер қалай суытасыздар?

– Жүйрік атты суытуды біздің жақ­та «ат тынықтыру» дейді. Яғни жүй­рікті тынықтыру, ол үшін әуелі қан айналымын қалпына келтіріп, бойын­дағы зорығын шығарамыз. Бізде көп жағ­дайда қаңтарып байлап тынықтырады, екінші тәсіл таң асырады. Таңасыруды толық тынықтыру деп айтамыз.

Таңасыру тәсілі – тоқ, семіз, қоңды жүйріктерді суытқанға қолайлы. Мұн­дайда ат суытудың негізінен үш мезгілі болады. Ол аттың қаншалықты арық-семіздігіне байланысты. Егер жол жүріп келген атты күн батып бара жатқан кезде отқа қойса – күн таластырып суыту, жатарда қойса – қазансуыт, таңға жуық жіберуді таңасыру дейді.

Жылқы суымаса, қаны бұзылып, ар­қасы ісіп, жүдеп-жадайды. Тоқ кү­йін­де шапса тезегі аударылып кетеді де, дереу өледі. Өйткені тоқ ішектегі жыл­қының тезегінің үлкендігі жас баланың жұдырығындай және төрт бұрышты болады. Егер ол күшпен аударылып кетсе, пішінін өзгерте алмайды да, ішектен жүрмей тұтығып тұрып қалады.

– Байырғы қазақ атбегілер ұғы­мында «жүйрік қырлау» деген тәсіл барын білесіз. Бұл тәсілді қазақ­стан­дық атбегілер қолдана қоймайды, ал сіздер жақта бұл тәсіл қалай атқа­рылады?

– Бұл тәсілді біздің жақта қолданады. Бұл баптың ішіндегі бап. Яғни ат бап­таудың шыңы. Кейбір атбегілер бап­таған жүйрігінің шабысын жоғары екпінде тұрақтандыру үшін қолданып жатады. Біздің атбегілер жүйрік ішін тартқан, толық бабына келген соң барып қырлайды. Яғни баптаудың орта шенінде іске асырады. Бірақ бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді.

– Жоғарыда сіз жергілікті жылқы тұқымына «тау жылқысы» деген ат бер­діңіз, бұл тұқымның басқа жыл­қы­лардан қандай ерекшелігі бар?

– Тау жылқысының басқа жылқы­ларға қарағанда тұяғы берік болады. Екінші ерекшелігі алды еңкіш, арты биік, тірсек сіңірі өте мықты ке­леді. Жүйріктерінің арты алшақ бітеді. Артынан қарағанда алдыңғы аяғы бұты­ның арасынан толық көрініп тұрады. Тау-тасқа көп жүргендіктен бұлшық еті жұмыр, бұлтиып, шығыңқы тартады. Дене пішіні әртүрлі келеді. Қыза шабатындар ұзын, қабылан денелі, ал шыға салма жүйріктер төртбұрыш, текше, алды-арты тең, дөңгелек денелі болады. Күдір жүйріктер қоян денелі келеді. Сол сияқты сілеусін пошымдылар да кездеседі. Құлан, тарпаң бітімділер өрен жүйрік деп есептеледі. Жоғарыда айтқанымыздай, алды еңкіш жүйрікті өршіл жүйрік деп бағалайды. Оның денесі ұзын, алдыңғы аяқтары қысқа, артқы аяғы ұзын еңкіш денелі болады.

– Сіз әңгіме басында «моңғолдар ат суытпайды, орнына қан алады» де­­діңіз, осыны тарқатып түсіндіріңізші?

– Жылқыдан қан алуды кез келген адам атқармайды. Қанды тек оташы ғана алады. Егер жүйріктен қан алғанда сәл қиыс кетсе, ол жылқы мүгедек болып қалады. Шынын айтайын, біздің өлкеде жүйріктен шебер қан алатын адам өте аз. Сондықтан да қан алуға құмар емеспіз. Оның бер жағында біз таулы салқын жерде өмір сүреміз. Салқын жерде ат тез суиды. Ал ыстық шөлді аймақта еріксіз жүйрік суыту үшін қан алу тәсіліне жүгінеді.

– Байөлкелік атбегілер, яғни сіздер жергілікті тау жылқысына селекция жүргізіп, жүйрік тұқым алу жағын қарастырып көрмедіңіздер ме?

– Осы мәселе бойынша өзіміздің атбегілермен ақылдасып жүрміз. Бізге будандаспаған таза тұқым керек. Ішкі жақтан моңғол жылқыларын әкелуге болар еді. Бірақ олардың өзі екінші будан тұқым. Ондай жылқыдан үшінші рет жақсы тұқым шықпайды. Нақтырақ айтқанда, қандай жүйрік тұқым үшінші тұқымында гендік қасиетін сақтай ал­май­ды. Сол себепті айғыр өзінің үйі­рінің генін сақтау үшін кіндігінен тара­ған ұрғашы байталға шаппайды ғой.

Сондықтан біз ойлана келе, өзіміз­бен көрші аймақта «Тес» тұқымы дейтін жылқы бар. Оның арғы түбі біздің жыл­қылар сияқты Саян тауынан бастау алады. Осы жақтан жүйрік тұқымды айғыр сатып әкеліп, жұмыс істеп жатырмыз.

Әңгімелескен, Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.