«Елорда бәйгесі». 20 шақырымда жүлде алған жүйріктер

805

Сарыарқаның салқар төсін тұяғымен дүбірлетіп, көргеннің делебесін қоздырып, естігеннің құлағын елеңдеткен аламан өтті.

Жыл сайын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының күнтізбелік жоспарына енгізіліп, бір жыл бұрын сауын айтатын бәйге түрлері бар. Соның бірі осы «Елорда бәйгесі». Биылғы аламан айшықты астананың 25 жылдық мерейтойына арналды. Алыс-жақыннан ат сабылтып келіп, аламаннан ат оздырмаққа белді бекем буғандар бұл дүбірлі дүрмекке бір жыл бойы дайындалады.

Биылғы аламанның ерекшелігі 20 шақырымдық бәйгеге екі ат дайындауға мүмкіндік болды. Бірі – қолыңызда бар дәмелі деген кез келген атты қосу, ал екіншісі – міндетті түрде Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан, болмағанда бойында «Қостанайдың» қаны бар болуы керек.

Бір кездері күллі Кеңес үкіметін аяғынан тік тұрғызған «Қазақ тұлпары» бүгінде қаны сұйылып, жілігі азып, жібіне ілініп әрең тұр. Осыны ескерген ел Үкіметі өткен жылдан бері Қостанай жылқысына көңіл бөле бастады. Содан бері тек Қостанай жылқысы тұқымы қатысқан бірнеше бәйгені де өткізіп үлгерді.

Осы жолы да «Елорда бәйгесі» турнирінде тек Қостанай жылқысы қатысқан 7 түрлі бәйге өтті. Бұған дейін Ұшқыр мен 7 шақырымда жүлде алған құнандар жайлы жазған болатынбыз.

Сонымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, Ұлттық спорт қауымдастығы мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен 20 шақырымдық бәйгеде бақ сынаған 8 сәйгүліктің үздік үштігімен таныссақ:

І орын: Қостанай облысынан келген Риба есімді айғыр. Шабандозы – Нұрислам Ораз, бапкері – Ғанибек Қыпшақбаев, ат иесі – Мұрат Ісмағамбетов. Риба – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Рубеж деген айғыр мен Банконота есімді биенің төлі. Жүлдесі – 1,5 млн теңге.

ІІ орын: Қарағанды облысынан келген Алғыр есімді айғырға бұйырды. Шабандозы – Әлихан Қайыржан, бапкері әрі ат иесі – Бекболат Серікбеков. Алғыр – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Имидосан деген айғыр мен Гүлден есімді биенің төлі. Жүлдесі – 900 мың теңге.

ІІІ орын: Қостанайдағы «Қостанай тұлпары» ЖШС-қа қарасты Гектор есімді айғырға бұйырды. Шабандозы – Қайырым Асанов, бапкері – Мусса Сейданов, ат иесі – Ернар Омаров. Гектор – Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан Грог деген айғыр мен Қарақат есімді биенің төлі. Жүлдесі – 600 мың теңге.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.