Атты тур. Бесінші күн. Қарабұлақтағы кеш

3931

25 маусым, сейсенбі. Әлкей Марғұлан ауылының мектебіндегі таңғы астан соң бүгінгі 50 шақырым – Әлкей Марғұлан-Қарабұлақ жолына аттандық.

Аттанар алдында ауыл әкімі арнайы келіп шығарып салды.

WhatsApp Image 2019-07-02 at 11.49.25.jpeg

Біздің қатарымыз тың жігіттермен толықты. Дмитрий Ругис пен Әбді Мұратов және Ерлан Құсайынов та бүгінгі сапарды бізбен бірге өткізбекші.

Күннің ыстығы таңғы уақытта да айтарлықтай білініп тұр. Жол да ауыр болатын түрі бар.

Әлкей Марғұлан ауылынан аттанған соң, бірден оңтүстікке қарай бет алдық. Ауыл адамдары аттанарды «Ертіс-Нұра арнасын бағыттап жүресіздер» деген-ді. Алайда біз бірден Қарабұлақ қыстағына тіке тарттық.

Күнде қосардағы екі аттың бірін біз жетекке алатынбыз. Бүгін жетек алмай, салт жүрдік. Содан да болар, Сұлусарыға тыным болмады. Әрі таулы өлкеде бірде өрге шығып, бірде еңіске түсіп, сусылдап тоқтамадық.

IMG_1980.jpg

Сұлусарының арғы түбі Қатонқарағай жақтың жылқысы екен. Өр-еңіске, ой-шұңқырға аяғын ілмей еркін жүретін бұл жануар біздің жан серігімізге айналды.

WhatsApp Image 2019-07-03 at 08.50.40.jpeg

Күн таудан арқан бойы көтерілгенде-ақ бүгінгі күннің бидайдай қуыратынын түсіндік. Жол бойы өзен жоқ, тұзды, сортаң, ащы көлдер бар.

Түскі асты тау ішіндегі осындай көлдердің бірінің жағасында іштік.

WhatsApp Image 2019-07-03 at 09.30.43.jpeg

Дуглас Ларсон бүгінгі сапардың ауыр болатынын сезгендей астан кейін ары-бері жаяу жүрді. Ат үстінде ұйып қалған денесін сергіткісі келсе керек. Буглас атта сәл еңкейіп отырады. Оған иығыңды тіктеп, бүкіреймей отыр деп түсіндіргеміз. Дегенмен қалыптасып қалған дене өз дегенін істейді.

WhatsApp Image 2019-07-03 at 09.30.44 (1).jpeg

Жалпы ат үстінде тік, еркін, жинақы, сергек отырған жақсы. Сол кезде ұзақ жолда шаршау болмайды. Әйтпегенде бүкірейіп отырсаңыз әуелі екі бүйіріңіз ашиды, одан кейін екі жауырыныңыз құрысады, сосын екі иығыңыз салбырап, қолдарыңызды көтере алмай қаласыз. Тіпті мойыныңыз да құнысып қалуы мүмкін.

Шалғынды көлдің жағасындағы түскі астан кейін атқа қондық. Бағыт сол – Қарапбұлақ қыстағы.

IMG_2049.jpg

Таусылып болмас тау арасынан шығып, қуаң даланы қуалай жорттық. Көшбасшымыз Берік Ақылбеков бұл өңірде бұған дейін де сан рет болған екен. Біз межелеген Қарабұлақтың әлі біраз жер екенін айтты.

«Алғаш жүрген кезде күн кешкіріп кетті. Қарабұлаққа жетеміз деп межелегенімізбен – жеткізбейді. Бір кезде алдымыздан бір машина келді. Кабинада қазір біз бара жатқан қыстақта тұратын Дәуіт Аулабаев отыр. Ол кезде біз таныс емес едік. Сол жолы таныстық. Содан бері жақсы араласып кеттік. Бүгін де Дәукең алдымыздан шығатын шығар» — деді Берік ағамыз.

Айтқанындай, алдымызда ақ НИВА көрінді. Ел көшіп келгендей мәре-сәре болдық. Енді ше, күнібойғы ыстық, қанжығадағы судың барлығы таусылған, сары далада майға түскен сары бидайдай қуырылып келе жатқанда, алдыңнан шығып, екі торсық су берген адам әкеңдей көрінері сөзсіз.

Қарабұлаққа жеттік. «Қарабұлақ» деген аты болғаны болмаса, сылдырап жатқан бұлағы жоқ, қолдан қазған бастауы бар, шағын ғана қыстақ екен.

Қыстақ шағын болса да, қарсы алған үй иесінің пейілі кең. Сегіз қанат ақбоз үйді тігіп, қымызын сапырып, етін былқытып қойып күтіп отыр.

IMG_1985.jpg

Кешкі ас алдында бой сергітіп далаға шыққанбыз. Кешкі алауын барынша төгіп батқан күннің шұғыласы айқара аспанды екі түрлі етіп тастапты. Ғажап көрініс.

IMG_1997.jpg

Кешкі сауын, мал қоралау, кәдімгі жазғы ауылда болатын күнделікті тірлік мұнда да қайнап жатыр.

Қарлығаш жеңгеміздің қолынан кешкі ас ішіп, Жасұланның әнін тыңдап біз де бір серпіліп қалдық.

Ертең Қарабұлақ-Қараши арасының 45 шақырымын жүріп өтуіміз керек.

Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен «Киелі Қазақстан» экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).

Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күн мен төртінші күннің жолжазбасын осы жерден оқыңыздар.

Ержан ЖАУБАЙ, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.