Бұғабай Мұқырбаев: Адай жылқысын баптаудың өз ерекшелігі бар

1433

Бірнеше күннің алдында сәті түсіп Маңғыстаудағы әйгілі атбегі, Францияға дейін бәйгеге ат қосып жүрген айтулы сейіс Бұғабай Мұқырбаевпен жолығып қалған едік.

Алашқа әйгілі Адай жылқысын баптап, аламанда ат оздырып жүрген ағамыздан осы бір ерекше жануардың бапталуы, оған қатысты ел аузындағы аңызға бергісіз әңгімені үзеңгі үстінде сұрап үлгерген едік.

— Адай жылқысы теңіз суын іше береді дейді. Оның қандай ерекшелігі бар?

— Ешқандай ерекшелігі жоқ. Үйренген. Оның үстіне біздің жерде күн ыстық. Шөлдейді. Үстіртте Каспийден басқа көзге көрініп жатқан су жоқ. Содан табиғаттың өзіне бейімделеді. Сен теңіздің суын айтасың, біздің жақтың жылқылары анау-мынау мал жей бермейтін ащы шөптерді де талғамай жейді. Ерекшелігі сол ғана.

— Онда неге басқа жылқылар да теңіз суын іше бермейді? Мысалы оңтүстік, Қызылорда да ыстық. Бірақ ол жердің жылқылары теңіз суын ішпейді ғой?..

— Дұрыс айтасың, ол жақтың жылқысы теңіз суын ішпейді. Себебі үйренбеген. Оларға теңіз суын ішкізгің келсе, құлын кезінен апаруың керек қой, теңіздің жағасына. Сонда ол бейімделеді. Мысалы мен қыста Астанаға келсем, аяғым сырқырап, жүре алмай қаламын. Өзіңді де ыстық Ақтауға апарса, алғашында жүре алмай қаласың (күлді).

— Бәріміз білеміз, Адай жылқысы алысқа шабумен атағы шықты. Сіздіңше, алысқа шабатын ат пен жақынға жарысатын аттың баптауында қандай айырмашылық болады?

— Ешқандай айырмашылық жоқ деуге болады. Бабы бірдей негізінен.

— Егер баптауы бірдей болса, бұлар неге алысқа шабады, басқа жылқы неге алысқа шаппайды?

— Менің ойымша, ағылшын тектес, таза қанды жылқылардың жүрегі үлкен секілді. Жүрегі үлкен болғандықтан, қан айналысы жылдам, жиі, қатты соғатын болуы керек. Сол себепті олар алысқа шаба алмайтын секілді. Бұл менің өз ойым.

Ал Адай жылқысының басты ерекшелігі – 50-60 шақырымға шауып келіп қан айналысын өлшеген кезде, дене температурасын дереу түсіреді. Ентігін тез басып, қан айналымы тез қалпына келеді. Яғни тез демалып, келесі қашықтыққа тез дайын болады.

Екеуінің айырмашылығы осы. Әйтпесе екеуінде де төрт аяқ бар, екеуінде де бас бар. Біздің жылқының ұтатын жері сол ғана.

— Адай жылқысын кез келген жарысқа тағаламай-ақ қоса береді деген рас па?

— Рас. Өмір бойы тағасыз қосып келдім бәйгеге. Былтырдан бері ғана тағалап жүрмін.

— Табандап, ақсап, тасырқап қалмай ма?

— Жоқ, ондай дым да болған емес.

— Тұяғы ерекше болып тұр ғой?..

— Табиғаттан, жер жағдайына бейімделгендіктен болса керек деп ойлаймын.

— Адай жылқысынан өзге тұқымнан шыққан жүйріктер баптап көрдіңіз бе?

— Әрине. Қазірге дейін полукров дейміз ғой, жартылай таза қанды, жартылай қолтума будандарды баптаймын. Ұзақ бап тілейді. Әрең-әрең бағындырамыз. Ал таза ағылшындар бізге қол болмайтын секілді. Себебі оған түрлі дәрі-дәрмек керек, жем-шөбін де талғаммен жейді.

— Қазіргі көп бәйгенің қашықтығы ары кетсе, 31-35 шақырым. Ал бір кезде «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өткен кезде сіздер қашықтықты 60-80 шақырымға көтеруді ұсындыңыздар…

— Өз өңірімізде 60 шақырымға жеткіздік. Соған шапты аттар. Өзім қосқан ат ІІІ орын болды. Қолтума Адай жылқысы болатын.

— Бәйгенің қашықтығын ұзартудан пайда бар ма? Не үшін ұзартқыларыңыз келді?

— Атты, жылқы тұқымын сыналтуымыз керек қой. Баяғы аталарымыздың заманында сонау Маңғыстаудан қазіргі бз тұрған Ақмола өңіріне хабаршы небары 6-ақ күнде келген екен атпен. Біз сондай аттарды табуымыз керек. Болашақта қазақ жылқысының төзімділігі мен шыдамдылығы жоғары тұқым болып қалыптасуы керек.

— Ол неге керек? Қазір ешкім атпен жүрмейді, машина, ұшақ, пойыз бар ғой?

— Қазақ жылқысының төзімділігін шыңдау үшін керек ол. Болашақ ұрпағымызға айтамыз, мына ат мынадай, ана жылқы тұқымы анандай дегенді. Ат мінуді дәріптеп, қазақ даласының кез келген түкпіріне атпен баруға болатынын көрсетуіміз керек.

— Адай жылқысына селекция жасайсыздар ма?

— Жасаймыз.

— Нәтиже бар ма?

— Бар.

— Қандай нәтижені айтасыз?

— Қаны көтеріліп, тазара түседі. Төзімділігі мен сүйек бітімі, беріктігі артады. Әрине, бұны біз ойдан шығармаймыз. Баяғы аталарымыз-ақ будандастырудың, селекцияның, қан тазартудың неше түрін жасаған олар. Біз солардың ізін жалғастырушылармыз. Аталарымыз да небір мықты айғырлардан тұқым алып, жауға мінер жарамды атты солардан алып отырған ғой.

— Өзіңізді немесе аттарыңызды сынау үшін алыс қашыққа жүріп көрдіңіз бе?

— Жүрдім.

— Қаншаға жүрдіңіз?

— Біз, барлық қазақ секілді әлі күнге дейін қыс қыстаудан жаз жайлауға көшіп жүреміз. Мысалы 270-300 шақырымға жайлауға көшеміз. Сол жайлауға мал айдаған кезде біздің аттар ерекше төзімді болады. Ешқандай ат ауыстырмастан барасың. Қой айдасаң да, түй ме, сиыр ма, жылқы айдасаң да сол бір атпен 300 шақырымды жүріп өтесің. Ал 100 шақырымға күнбе-күн барып келу қалыпты жағдай.

— Қанша жылқы болса, сонша баптау ерекшелігі болады, қанша бапкер болса, сонша баптау әдісі болады дейді…

— Онысы рас. Әр аттың өз ерекшелігі бар, сол секілді әр адам әр түрлі баптайды.

— Сіздің баптау ерекшелігіңіз қандай?

— Қалай деп айтайын, қандай тәсілді айтайын?

— Жалпы, атты қалай суытасыз? Арық атты қалай тойындырып, семіз атты қалай етінен арылтасыз?

— Көбінде атты еркін жаратамын. Үйірден ұстаймын. Қолға әкелген соң шабандоз баланы мінгізіп, түске дейін қыдыртып, жәй жүріспен жүргіземін. Түс қайта атты суарып, суын бастырып, кешке 3-4 сағат қаңтарамын. Осы әрекет 15-20 күнге жалғасқан соң, бұқтырып терін аламын.

— Кейбір бапкерлер терді жүргізіп алады, кейбірі бұқтырады, кейбірі тіпті моншаға кіргізеді. Қайсысы дұрыс?

— Жоғарыда айттым ғой, әркімнің ат жарату ерекшелігі бар деп. Ат жарап, өзіңе белгілі болады. Сол кезде мынаған кіргізіп (қасында тұрған 10 атқа арналған фура көлігін көрсетті – Е.Ж.), қамаутер аламын.

— Есік-терезесін жауып тастайсыз ба?

— Тіпті жаппасам да болады. Күн ыстық қой біз жақта. Мынаның ішінде тұрған жылқы өз-өзінен бусанып, терлеп кетеді.

— Атты қалай сынайсыз? Мысалы мына жерде бір үйір жылқы жүр, ішінен ең жақсысын таңдап мін десе, несіне қарар едіңіз?

— Әуелі сағағына қараймын. Сағағына жұдырық сиятындай болуы керек. Сосын кеудесіне қараймын. Кеудесі кең болғаны жақсы. Сосын төрт аяғына қараймын. Төрт аяғы тіп-тік біткен болуы керек. Сосын асық жіліктеріне, тірсегіне қараймын. Тірсегі серппелі болуы керек. Бұты талтақ болғаны жақсы. Белі қысқа жылқы төзімді болады. Осының бәрі сай келсе – ол жылқы тұлпар болады. Тұлпарды табу қиын. Таптырмайды. Кез келген атты әкеп қара, бір мүшесі кем болып тұрады. Иегі қысқа болуы мүмкін, басқа жері түгел сай, бірақ сағағы тар болуы мүмкін. Кітапта да солай сынайды емес пе? (күлді)

— Адай жылқысы әлі күнге жылқы тұқымы ретінде ресми тіркелген жоқ. 

— Иә, сол жағдай қиын болып тұр. Тіркей алмай жатырмыз.

— Ал тіркеу мәселесімен айналысып жатқан адам бар ма?

— Шынымды айтсам, ол жағынан хабарсызбын. Ат жаратып, бәйгеге қосқанымызға мәз болып жүргенде, оның ғылыми мәселесі жинақталып қалған екен. Өз басым, жасырары жоқ, ғылыми дүниемен айналысуға шорқақпын.

Ал өзім жаратып берген атты алып балам Парижге дейін барып қайтты.

— Париж демекші, соны айтыңызшы. Қалай болды?

— Барған бір ат таға ұшып кетіп, алдыңғы аяғын сәл жарақаттап кеткен екен, содан қатыса алмады. Ал менің атым, екі алдынғы аяғының тұсарлығын тұсамыс қиып кеткен, аздаған ісігі бар еді, сол үшін өткізбей тастады.

— Осы жолғы 1200 шақырымға жалғасатын «Ұлы дала жорығына» да ат әкелгеніңізді байқадым. Бұл марафон-бәйге жайлы не айтасыз?

— Аламанға ат қосқанның бәрі бәйге аламын деп келеді. Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда дейді. Олар да жүлде аламыз деп келіп тұр, мен де жүлде алсам деп келіп тұрмын. Бәрін бір Алла біледі.

— Әңгімеңізге рахмет! Аттарыңыз бәйгелі болсын!

— Рахмет!

Ержан Жаубай

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.