Аударыспақтан Түркістан облысы әкімінің кубогы сарапқа салынады

audaryspak-1

Аударыспақтан ересектер арасында өтетін Түркістан облысы әкімінің Кубогы Шымкент қаласында 8 ақпан күні ту көтереді. Бұл елімізде аударыспақ спорты бойынша екінші мәрте ұйымдастырылып отырған елішілік ірі жарыс.

 Алғаш рет облыс әкімінің Кубогын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы «Аударыспақ» федерациясы президенттігіне  өткен жылдың қазан айында тағайындалған  Данияр Қобыландин қараша айында Ақтөбеде өткізген болатын. Ақтөбе облыс әкімі тіккен тұңғыш Кубокты  2018 жылғы Азияның абсолютті салмақтағы чемпионы, ақтөбелік Арман Сағынбаев  иеленген еді.

Енді міне сол жақсы бастама жалғасын тауып, арада екі ай өткенде аударыспақтан Түркістан облысының Кубогы сарапқа салынғалы отыр. Жыл басындағы бұл бәсекеде еліміздің барлық өңірлерінің балуандары бақ сынамақ. Балуандар 60, 70, 80, 90, + 90 және абсолютті салмақта күш сынасады. Өткізілетін жері –  Шымкент қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің жабық манежі.

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев басқаратын бұл ұлттық спорт мектебінен соңғы жылдары елімізге танымал көптеген спортшылар шыңдалып шықты. Атап айтқанда, аударыспақтан Азияның екі дүркін чемпиондары Біржан Қосалиев (+90 келі), Сырым Ізбасаров (90 келі), халықаралық жарыс пен Азия чемпионы Есімхан Рахматілла (80 келі), Теңге ілуден бірнеше дүркін чемпион Ғалымжан Ізжанов, Жамбы атудың сұрмергендері Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз және Азия, Әлем чемпионы атанған онға жуық көкпаршы осы Шымкент қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің шәкірттері.

Негізінде, республика бойынша ат спортына арналған жабық манеж екі өңірде ғана бар. Бірі осы Шымкентте, екіншісі – Ақтөбе қаласында. Жабық манежі бар ақтөбеліктер өткен жылы республикалық чемпионатта да, Азия  чемпионатында да айды аспанға шығарды. Ақтөбелік Абат Аймағанбетовтың шәкірттері Азамат Серғазин (60 келі), Шыңғысхан Ержанов (70 келі) өз салмақтарында Азия чемпиондығын жеңіп алса, Арман Сағынбаев абсолютті салмақта Азияның екі дүркін жеңімпазы Біржан  Қосалиевтен айласын асырып, Азияның түйе балуаны атанды.

Міне, жыл он екі ай жаттығуға қолайлы жабық манежі бар екі  өңір спортшыларының нәтижесі қандай? Мұндай қарқынмен Ақтөбе мен Шымкент мектебінің шәкірттері жуық арада бас жүлдені ешкімге бермек емес. Демек, алдағы уақытта өзге облыстағы ұлттық спорт мамандары да өз өңірлерінде жабық манеждердің салуынуына күш салуға тиіс дегенді тағы бір қайталай айтуға мәжбүрміз.

8 ақпанда басталатын Түркістан облысы әкімінің Кубогы 10 ақпан күні мәреге жетпек. Ұйымдастырушылардың   мәліметтеріне сүйенсек, облыстардан қатысатын спортшылар санына ешқандай шектеу қойылмайды.

Төлеген Жәкітай

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>