25 жыл ғұмыр кешкен Торыжорғаның тарихы

1185

Бала кезімізде үлкен адамдарға сәлем бергенде, сәлемді алған соң «кімнің баласысың?» -деп сұрайтын.

Әкеміздің атын айтқанда міндетті түрде: «Ой, әлгі күйші Өсерхан ба?» — дейтін. Бертін: «Әлгі Торыжорғаның иесі ме?» — дейтін болды.

Әкем зейнетке шыққан соң Жаратқаннан әдейі сыйға жібергендей торы жорға пайда болып, жасы ұлғайған кездегі ермегі, екіншіден атын «Аймақтық саңлақ атбегі» — деген тағы бір қырынан елге танытқан оқиға болып еді.

Жергілікті жердің малы, қол тума болса да Торыжорғаның бітімі басқа, біздің жылқылардан мүлде бөлек, зор болатын. Денесі әбден толған 12-13 жасар кезіндегі шоқтық биіктігі, дене тұрқының ұзындығы, табанының жалпақтығы мен тұяқ шарасының көлемін әдейі өлшеп, белгілеген едім, сонымды таба алмай қалдым. Ал мына естелікті сол деректі тауып алған соң жазайын десем уақыты өтіп барады. Бар мәліметті жеткізе берейін деп қолыма қалам алдым.

Денесі өте биік, ал жәй атқа арнап соққан таға оның табанының ортасында қалатын. Тағасын әкем бөлек тапсырыспен Байғазан, Әлімбай деген кісілерге соқтырып алып жүретін.

Жүріс ерекшелігіне тоқталсақ: өз басым торы аттың жорғадан басқа желген, немесе шапқылап қосаяқтаған жүрісін көрген емеспін. Ондай жүрісті тіпті білмейді ғой деймін, жануар. Өрісте, жылқы ішінде де жорғалап қана жүретін.

Торыжорғаның қатты жүрісімен жүргенде алдыңнан кәдімгідей жел соғады. Аяқты үзеңгіге мықты тіреп бүкіл денені сірестіріп қатты ұстамаса өзі биік, ырғалғанда үстінен ұшып кету қаупі сезіліп тұратын.

Жорғаның бәйгесін шеңбермен жүргізу 80-жылдардың соңын ала шықты ғой. Одан бұрын ұзын жолмен жүретін. Бәйгенің атымен заңды түрде дәрігерлер еріп жүреді. Өзіміз еріп жүріп көргеміз жоқ. Сол кезде Әпендінің Мараты дәрігер әрі өзі де атқұмар кісі еді: «Торы аттың жүрісі а деп шыққанда «Газ-69-дың» 70 милін көрсетеді» — деп әлденеше рет айтқаны есімде.

Аймақ тойына 9 рет қстысып, 7 ретінде бірінші келген. 1986 жылы 7 жасарында аймақ тойына алғаш қосылғанда үшінші, 1994 жылы 15 жасында соңғы рет қосылғанда тағы да үшінші келді. Алғаш қосылған жылы Ө.Жанарыс, қалғанында Ө.Айболат мініп жорғалатқан. Бәйге жолында мойнын сәл төмен салып, иегін алдына қарай созып, аузын арандай ашып келе жатқаны өте сұсты көрінуші еді. Сұмын деңгейіндегі бәйгелерге қосылған санын тоқтата алғамыз жоқ. Улаанхустан бөлек, Цэнгэл, Сақсай, Бұғыты сұмындарында болған бәйгелерге қатысып жүрді.

Торыжорғаның негізгі бәсекелестерінің бәрі еске түспесе де ұмытылмастай есте қалған кейбірін атайық:

~Алтайлық Қабайдың қарагер жорғасы (соңында Дидархан баптап қосып жүрді);

~Бұғытылық Көжектің сарыала жорғасы;

~Цэнгэлдік Монгол азаматтың (аты есіме түспеді Ө.М) құлатөбелі;

~ Цэнгэлдік Рахметтің көгі және Науанның күреңқасқасы;

~ Ногооннуурлық Қуаныштың қарасы, Қапталбайдың құласы, Кәрімханның кер жорғалары еді.

Бүгінде өзіміздің бір әттеген-ай дейтініміз, Торыжорғаның жүрісін, жанды бейнесін видеоға алып қала алмаппыз. Сол кездегі той комиссиялары болып әуесқой азаматтарда сақталған естелік болуы мүмкін. Егер болса жарыққа шығаруларыңызды осы орайда өтініп отырмын.

Өзім Аймаққа қосылған екі жолғы бәйгесін денелей барып көрдім. Соның бірі — шәй-шәйнекті бөктеріп алып 4 жасар ұлымды алдыма мінгізіп, атпен барған той еді. Ол 1990 жылы тойланған аймақ орнауының 50 жылдығы. Цэнгэл, Улаанхус, Сақсай сұмындық бапкерлер бірігіп, сән-салтанатпен Тұрғынның шатын өрлеп, арғы аузына барып қонатын. Кешкісін қостар бір-біріне қыдыратынын қайтерсіз. Түн қараңғысында жағылған отты айнала отырып соққан гу-гу әңгіме, айтылған әзіл қалжыңдар қандай жарасымды еді, шіркін?! Бүгінде қайталанбас құбылыстар ғой бәрі.

Аймаққа аттары әйгілі бапкерлер — сақсайлық Хаби ақсақал, цэнгэлдік Асқан, Қопан, улаанхустық Мухамадия қатарлы кісілерді жанынан көріп, таныс болып, кеңестерін тыңдау сол жолғы туған мүмкіндік еді. 50 жылдық осы даталы мерекеде үлкен аттан Цэнгэлдік Хадылдың құласы келді.

Хаби ақсақал қосқан бурыл тай бәйгеден бірінші келген бойда ештеңеге қарамастан кісінеп-кісінеп жіберіп, тура барып енесін еміп жатқаны адамның көңілі босарлықтай сүйкімді көрініс болып көз алдымызда қалды.

Сондағы бір көңілге түйгенім, ат баптаудың ар жағында яғни сахна сыртында қыруар еңбек, уақыт жұмсалып жатады екен. Бапкерлер түнді негізінде ұйқысыз өткізетінін бұрын білмейді екенбіз. Оны көз көрді.

Енді естелік-әңгімемізге оралайық. «Осы, Торыжорға қайдан шыққан, қайдан келген?» — деп сұрайтындар көп еді. «Қырыққанбас аталарың осындайға епті болған деуші еді, сол кісі бір жақтан әкеліп беріп кеткен жоқ па?» — деп қағытпалайтындар да болды арасында.

Сол сауалдарға жауап берудің реті енді келіп жатқан сияқты. Торы жорғаның ақиқат тарихын арырақтан бастап айтайын. Улаанхус, Ойғыр сұмындары қосылғанда Соғақта сауда ұйымының шикізат бөлімшесі қалып, әкем сонда мамандығы бойынша шикізатшы болып бірнеше жыл тұрып қалды. Әкімшілік, даяшылық ұйымдарының барлығы Улаанхус сұмын түбіне көшіп кетті. 1965 жылдың қарашасы кезінде әкем сұмынға жұмыспен барып жүріп, бірлестіктің орынбасары Әбілхасымұлы Мамайдан соғымға бір жылқы рұқсаттатып алыпты. Келесі күні рұқсаты бойынша Хадыр деген жылқышының табынынан торытөбел бие алып келді. Содан кешкісін әкем әлгі биені союудан айнып қалды. Сондағы шешем екеуінің өзара кеңесіп отырғаны күні бүгін құлағымда: «Күндіз конторына барып үлгере алмай, әбден жұмыс тарап кеткен уақытта кешкісін бері қайтар жолда Көбеген атаның шаңырағына түсіп, дәм татып, Мамыш бастық ықыласымен рұқсаттап беріп еді. Ырымдағандай болып, көңіліме келіп отыр, осы жануар әзірше жүре тұрса қайтеді?! — деді әкем шешеме. Екеуі осы сөзге тоқтағандай болды. Ертеңінде Кепіл деген кісіге «Дағар ақсақалдың жылқысына қосып кел» — деп, жетектетіп қоя берді. Ол кезде баламыз, білмейміз ғой Көбеген ата Тәтекеңдердің (Ақтай) әкесі шаңырағы Мамайда болғандықтан ұрпақ жұрағат түгелдей «үлкен үй» — деп қастерлейді екен. Сол шаңырақтың дәмін ырымдаған болып отыр ғой.

Сонымен қыс өтіп, көктемде әлгі бие құлындап, қаракөк түсті еркек құлын туды. Бегарыс екеуміз бір атқа мінгесіп барып Бұрқаншіліктен үйге алып қайттық. Құлын жорға екен кәдімгідей жорғалап, енесіне ілесіп отырды. Сол құлын аман-есен жүріп «Көкжорға» деген үлкен ат болды. Жорғасы да біршама қатты еді. Жалғыз міні — топты жерде жінігіп алып қашып, жорғасынан танып кететін. Содан болып бәйгеге көп қосылған жоқ. Жәй мініп жүргенде жүрісі сондай тынышты, жақсы ат еді.

1972 жылы үйіміз Улаанхусқа көшкенде тортөбел биенің көк жорғадан кейінгі құлыны жалғыз торы байталды Мінісханның Байдолдасы ие болып жүретін. Әжең ауылының айғыр үйіріне әкеліп қосыпты. Онда біз қалада сабақта едік. Оның алғашқы екі құлыны Ақтомпақта өрісте туып, ілеспеген. 1979 жылы 10 жасқа келіп қалған торбие мамырда үйде құлындап, еркек торы құлын туды. Бір күн бойы жығылып-сүрініп, сүйемелдетіп жүріп әрең аяқтанды. Құлын тіпті ерекше жорға. Үйдің артында су бар, енесін суарғанда қызық көріп әдейі жетектеп жүгіреміз. Құлында жорғадан басқа жүріс жоқ, ешбір танбайды.

Бір күні әлгі құлынымыз дірілдеп, селкілдеп бірақ жатып қалды. Құлынның өркені (құмалағы) түспей қалады деген кінәрат болады екен. Мұндай жағдайда құлындар көбінде өліп қалады деген соң қайран жорға құлын обал-ай деп өкіне бастадық.

Мен химия кабинетінен әйнек, резина түтікшелер алып кеп Бабақұмар деген малдәрігер мен Татьяна екеуі әлгілерді керектеніп май, сабынды су сияқтылармен клизма қойып, әрең өркені түсіп, тыныстап, өлмей қалды.

Жазға қарай әлгі құлынның аяғы ақсап, жылқыға ілесе алмай қалғанын көрген біреу айтып келді. Сөйтсе бірдемеден жарақат алған ба алдыңғы бір аяғының жіліншігі іріңдеп кетіпті. «Ой, бәрекелді-ай, осындай малға қатер көп бола ма, мынау кемтар болып қалатын болды ғой» дестік. Мәдімусаның Құмарқаны, Бабидың Бәйтейі деген кісілер емдеп, әрең жазылды-ау әйтеуір. Аяғы кемтар болған жоқ. Онан соң бұл жануарға қандай бір қатер, бөгет кезіккен жоқ. Құнанында сақсайлық Мұхтар деген кісі пішті, ол кісінің қолы жеңіл болды.

Торыжорға өте балау болмай, жастайынан төзімділікке үйретілді. Мысалы менің өзім дөненнен бесті шығар кезінде Улаанхустан сонау Бақылықға дейін талай күдірлі жолмен жорғалатқан күйі күн аралатып барып қайтқан кез болды. Содан болып зорығып ештеме еткен жоқ. Басқалары да мініп-түсіп жүретін. Оны мінген кім болмасын жорғасына қызығып, аяңдап жүреді дейтін болмайды. Әкеміз ғана жаны ашып көп қинағысы келмейтін.

Торы аттың шөбі деген шөпті әкем бөлек түсіріп алып, беріп отыратын. Сұлымен тұрақты жемдейді.

Ерекшелігі деуге болатын шығар, жазда, әсіресе бәйгеге жүрер кезінде сиырдың сүтін үнемі ішкізетін. Шешем «жаздай екі сиырдың сүтін торы ат ішеді» дейтін. Мал да болса ғажап қой, сүт ішетін тегенесін анадайдан танып, байлаулы жерінде тыпыршый бастайды. Ал басқа ыдыстарға ондай мінез танытпайды. Аяғына ешбір бекіту салынып көрмеген. Мұның бәрін шұбалаңдатып айтқан себебім — «халық іші қазына» деген, бүгін де Торыжорғаның талай ізбасар мұрагерлері туылып, бапталып жатқаны анық. Соларға бір сөзі болса да қажет болса алар деген ниетім екенін түсінерсіздер.

Иесінің де, өзінің де аймақ тойына соңғы барған жолдары 1994 жылдан кейін жануарды қандай да бәйгеге қосқамыз жоқ. Көктем уақытында Айболат қолға әкеліп бағып, жемдеп жақын маңайға мініп-түсіп, жер көктеген кезде қоя беретін.

Әкеміздің қайтыс болғанына 10 жыл толған 2004-жылы ас беріп, сол науқанға Торыжорғасын 25 жасында құрбандыққа шалып, етін келген көпшілікке тартып ауыз тигіздік.

Алла қабыл көрсін.

Мэлс Өсерханұлы,

Argymaq.kz

Фотолар: Автордың жеке қорынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.