Үлкеннарын тұлпарлары. Самолет

902

Бұл алпысыншы жылдары болған еді. Ленин атындағы ұжымшар төрағасы Бошай Кітапбаев бірде көлікпен бұрынғы Катонқарағай ауданы шаруашылықтарының бірінің аумағымен кетіп бара жатады. Жолдың шетінде кеңшардың қойы жайылып жүрген-ді. Үріккен қойды қайыру үшін отар жаққа астындағы атын шоқыта салған шопанды көргенде, Б.Кітапбаев жылқы жүрісінен көзін аудара алмай қалады. Құмарлығын жеңе алмаған ол шопаннан атпен шауып өтуін сұрайды. Сонан соң жылқының аяқ алысы айрықша әсер қалдырғанын айтады. Тура жер бетімен ұшқан қанатты пырақтай. Мұндайды ат сырына қанық азамат бұрын байқамаған еді. Ғажап жылқының иесімен әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Көп уақыт өтпей жылқыны Новоберезовкаға құлынды биеге айырбастауға келіседі.

«Осындай да ғажап атпен кеңшардың қойын бағады екен-ау! Бейнебір Күлбике ертегісіндегі сияқты!».

Бәлкім, қарт Алтайдың әйгілі қос түлегі – Ленин атындағы ұжымшар төрағасы Бошай Кітапбаев пен келешектегі сайыпқыран сәйгүлік Самолеттің кездесуі де кездейсоқ емес шығар! Алтайдың таңқаларлық бай да жомарт жері ақеділ ұлының игілігіне кең төсінде туған шын мәніндегі жүзден жүйрік шыққан сәйгүлігін сыйлады.

Бұл атқа Самолет деген айдар тағылды. Оны ұжымшардың тәжірибелі атбегілері, ақсақалдар Сәдуақас Мамырбаев пен Құлмұхамбет (Құлшан) Қайықов баптады.

Самолеттің бір өзінде биік шоқтық пен мықты және мейіздей қатқан түзілім үйлесім тапқан. Жерге дейін шұбатылған құйрық-жалы жарыс кезінде желмен таласа желбірейтін. Түгі жиі кездесе бермес откүрең еді. Бойына лайық көсілетін ұзақ шабысы жылдамдығына жылдамдық қосатын. Куәгерлердің еске алуынша, Самолет сағатына жетпіс шақырымға дейінгі қашықтықты бағындырды. Жалпы, тұрқы биік жылқылар ұзақ қашықтыққа төзімділігімен ерекшеленбесе де, Самолеттің шыдамдылығы ерек еді.

Сол кездегі ат жарыстарының деңгейі көбіне көп облыс пен аудан ауқымынан аспайтын. Сондықтан, Самолет Өскеменнен ары ұзап шыққан жоқ. Облыстық бәсекелерде, оның үстіне аламан бәйгеде ұту табиғатынан туабітті һәм жақсы жаратылған жылқыға ғана тиесілі бақ. Әр жарысқа ондаған тұлпар қатысады, әрқайсысының иесі өзі баптаған тұлпарының озып келетініне сенімді де.

Самолет барлық бәйгеде көмбеге бірінші жететін дағдысынан таңған жоқ. Онымен алғашқыда Шура Вшивцев, кейіннен Тоқан Зайкин шапты. Ұжымшардағы шабандоздардың атқа отыру мерзімі қысқа қайырылатын, өйткені әр кило салмақ үшін бітіспес күрес жүрді. Самолетке тақымы тиген соңғы шабандоздардың бірі Юра Оразаев сүйікті сәйгүлігін қазіргі кезде былай деп еске алады.

«Самолет байсалды еді, шабандозға кедергі келтірмейтін. Алайда өзге жылқының озғанын қаламайтын. Егер Самолет алдында шауып бара жатқан жылқыны көрсе құлағын жымқырып алып жылдамдығын үдете, алға шықпайынша тыншымайды. Яғни, жаратылысынан жеңімпаз болып туған жылқы».

Юрий Оразаев Новоберезовка орта мектебін бітіріп, Саратов ауыл шаруашылығы институты экономика факультетінің дипломын алды. Бүгінде зейнеткерлік демалыста.

Өкініштісі, Самолеттің бәйге алаңындағы ғұмыры келте болды. Жаттығулардың бірінде аяғынан ауыр жарақат алады. Мал дәрігерлері ұзақ уақыт емдегенімен, Самолеттің зақымданған аяғы жазылмады.

 Солдатов торы

 Үлкен Нарынның жеңіс дәстүрін Самолет жарақат алған соң Калинин атындағы ұжымшардың Солдатово ауылынан шыққан торы тұлпар жалғады.

Шығыс Қазақстанда аламан бәйгеде үш жыл бойы оған тең келер жүйрік болмады. Түр-тұлғасы мен күш-қуаты ерекше, тұрқы да ірі, асыл тұқымды жылқы еді. Солдатоволық торымен Марат Қайрақбаев шапты.

Калинин ұжымшарының төрағасы Николай Иванович Лозовой 1922 жылы туған. Бұрынғы мәскеулік метро құрылысшысы Н.И.Лозовой бәйгеге немқұрайды қараушы еді. Бұл ретте оның орнын көп жылдар бойы орынбасары болған, көпшілікті қазақ тілін терең білетіндігімен таңқалдыратын тәжірибелі шаруашылық ұйымдастырушысы, ат десе ішкен асын жерге қоятын Николай Петрович Толстых толтырды. Солдатоволық торы тұлпардың ұзақ жылғы тұғыры бұған дейін сөз болған Құланқараның дәуірімен алмасты.

Осы жылдары Калинин ұжымшарында тағы бір баран жылқы үздік өнер көрсетіп жүрді. Бұл атқа мінген Петр Зейферт екі жыл қатарынан Өскемендегі облыстық жарыста он шақырымдық бәйгені ұтып алды. Солдатоволық жүйріктерді Ағзаш Сахаринов баптады.

Мальчик

Самолет туралы әңгімемізді тәмамдар алдында Ленин ұжымшарының командасына енген тағы бір жылқы еске түсіп отыр. Бұл Мальчик атты шоқтығы аса биік емес, жылдамдығы жоғары және төзімді торы құнан болатын.

Ұжымшар жетекшісі оны Катонқарағай ауданының Өрнек ауылынан байқапты. Самолеттің аяқталған дәуірін Мальчик алмастырды. Өскеменде өткен аламан бәйгеде солдатоволық чемпионның басты қарсыласы болып, жеңісті оңай бермеді. Алайда, Үлкен Нарындағы жарыстардың бірінде аңдаусызда тиген қамшыдан көзіне зақым келген жылқы көруден қалып, жарыс жолына шыға алмай қалды. Үлкен әлеуеті соңына дейін ашылмады. Ленин атындағы ұжымшардың туы астында өнер көрсеткен Мальчикке де, басқа аттарға да жүйріктердің жағдайы мен көңіл-күйін әрдайым терең түсінетін Мұрат Байқонақов мінетін.

Марат Кітапбаев, argymaq.kz

(Суретте Үлкеннарынның дара жүйрігі – Самолет)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!