Жұман ӘМІРБАЙҰЛЫ. Жылқының қасиеттері туралы

45496

Адамзат жылқыны өзіне ертеден-ақ серік еткен және оны ерекше қадырлеген. Қазақ халқы өз тарихында жылқы шаруашылығын дамытуға ерекше мән берген, сондай-ақ жылқы өсіру қазақ халқының тарихи әлеуметтік өміріндегі маңызды шаруашылықтың бірі саналған. Жылқы сахара мәдениетінің бір мақтанышы, ертедегі сақтардың заманынан тартып қазақ ұлтын құрған тайпалар азия жабайы жылқысын құлын кезінде қолға үйретіп, өз тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған, қазақтың тұтас өміріндегі қилы тарих өздері мәпелеп өсірген осы сәйгүліктің жалында ойнап, жанымен тоғысып жатқан. Толарсақтан қан кешкен – соғыс кезінде болсын, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған – бейбіт заманда болсын, ауырын алысқа жеткізіп, алысты жақындатқан да осы жылқы. Сондықтан қазақ халқы жылқыны «мал патшасы», «төрт түліктің басы» деп білген. Айтса айтқандай-ақ жылқы қазақ халқы үшін малдың басы, күйдің басы, ән-жырдың арқауы, әңгіменің желісі болғаны баршаға аян.

Қазақ ауыз әдебиетінде жылқы туралы «Құлын – тайға жеткізер, тай – құнанға жеткізер, құнан – атқа жеткізер, ат – мұратқа жеткізер» деп, жылқыны өзінің бақыты мен мұратына жетудің негізіне балаған. Жылқының ерекше қасиеттері қазақ үшін байлық та, салтанат та болды. «Жігіттің сорлысын, аттың жолдысы теңейді», «Жылқы – малдың патшасы» деген сөздер тегін айтылмаған. Айталық, халық ертегілерінен тартып, батырлық жыр-дастандарына, қазіргі заман ақын-жазушылардың шығармаларына зер салсақ, жылқыны жырламаған ақын, жазбаған жазушы жоқ дерлік. Біздің құлағымызға көп естілетін арғымақ, пырақ, сәйгүлік, дүлдүл, тұлпар деген сөздер жақсы жылқының қосалқы аттары. Жылқы түлігі қазақ халқы үшін ең қасиетті мал, ол қазақтың өндіріс-тұрмысында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де маңызды орын алады. «Ер қанаты − ат» дейтін ұғым бойынша халық кәделі жерлерде өзінің ер азаматтарына күні бүгінге дейін ат мінгізіп, шапан жабады. Құдалық қарым-қатынасының дәнекері де жылқы. Жақсы ат ұлыс аралық қатынастарда да талай-талай кәделі үлкен сыйға жүреді. Жылқы ақылды жануар. Қиял-ғажайып аңыздар түрінде болса да әр заманда халықтың қамына туған қас батырлар тұсында соларға лайық шапса жүйрік, мінсе берік қазанаттар болғанын естіп сүйінесің. Талай ақын жыраулар, бұлбұл көмей әншілер жылқы туралы әсем ән, тамылжыған жыр толқытып қауым жұртты тамсандырған. Демек, қазақтың жылқы туралы шығарған өлең-жырлары, мақал-мәтелдері, күйлерін тарихи, әдеби, ғылми түрдегі жылқы тану ғылымы деп айтуға әбден болады.

10421401_456215944542960_8402614446756971388_nЖылқы − ерекше есті мал. Олар оқырану, кісінеу арқылы бір-бірін шақырады, жақын тартады, хабарласады. Осқыру, жеру, тарпу арқылы қауіп — қатерден сақтандырады, қарсыластарына айбар көрсетеді. Қасыну, иіскеу арқылы туыстық қатынастарын, үйірлік жақындықтарын анықтап, өзара танысады, түсініседі, жақындасып достасады. Құлағын жымыру, мойнын жерге салу арқылы бір-біріне сес көрсетеді, бір-бірін қайырады. Тебу, тістеу арқылы қарсыластары мен ұнатпағандарына соққы береді. Баққан иелеріне иіскеу, оқырану арқылы жақындық білдіреді, шоқтығын, кекілін үйкеп еркелейді. Иесінің шақырған бұйрығын қабылдап жанына келеді. Айдаса жүреді, қайтарса қайтады, мініп алып желдірсе желеді, шаптырса шабады, тоқтаса тоқтайды. Тіпті жат десе жатып, тұр десе тұрады. Шөлдегенін, қарны ашқанын иесіне кісінеу, оқырану арқылы білдіреді. Өте зеректері иесінен басқа адамға ұстатпайды, иесінен басқа адамға мінгізбейді.

Жылқы баққан иесінің мінез-құлқын, даусын, бұйрығын мүлтіксіз түсінеді. Боқтағанын, ашуланғанын өзін ұстап алса ұратынын сезіп ұстатпай қашады. Жақсы көргенін, еркелеткенін дауыс ырғағынан байқап иесіне жақындайды. Шақыру, айдау, бұйрық, демеу сөздерін қабылдай алады. Мысалы, «моһ-моһ, құру-құру», «тәк-тәк» десе тоқтайды. «Жиылыңдар» деген райда қиқуласа өрістегі жылқылар жиылады. Тіпті, әйгілі жүйрік аттар айғай, дүбір шықса немесе өзі бәйгеге салған рудың аты естілсе елеуреп, бәйгеге түссе үдей шабады.

Жылқының мейір-махаббаты күшті болады. Биелер құлыны ауырып қалса маңайынан ұзап кетпейді. Бір айлық жерге апарып тастаса да құлыны үшін бірнеше күнде қайтып келеді. Айғырлар қасқыр тиссе үйірін шоқтай ғып иіріп, қасқырға айбар көрсетіп қорғайды. Сырттан үйріне ұрғашы жылқы келсе қосып алып, еркек жылқы келсе жолатпай сауырлап қуып салады.

Жылқы туыстық, қандастық қатынасты бұзбайды. Айғырлар өз үйірінен туған қандастық туыстығы бар биелерге шаппайды. Жылқыда кектену, өшігу сезімі болады. Ұрған, қинаған адамды тістейді, тебеді немесе ұстатпай қашады. Осқырып, адыраңдап, қарсылық білдіреді. Жылқының қызғану сезімі де өте күшті болады. Айғырлар өз үйіріне еркек мал жолатпаса, әдеттегі жылқылар да өзінің дара шөп жеп, су ішіп тұрған жеріне басқа малдарды жолатпай теуіп, тістеп қуып жібереді. Жылқы әр түрлі қауіп-қатерлер мен табиғат апатын да алдын ала сезіп, хабар бере алады. Мысалы, жер сілкінер кезде жылқы шұрқырап кісінейді, алдында қауіпті жағдай бар болса, осқырып жүрмей қояды. Қыс қатты болатын жылы биелер ерте құлын тастап, өздерін қорғай бастайды. Қысы жылы жаққа қарай қашады. Жылқы өте жершіл болады. Кейбір жылқылар туған жеріне неше айлық жерден қашып келеді. Ал қашып келе алмағандары ес-ақылынан айырылып, жүдеп өліп қалатындары да болады.

Жақсы ат иесі жығылса қасында тұрады. Жақсы айғыр үйірін ұрыдан, ит-құстан қорғап, алдырмайды. Тіпті, кейбір айғырлар бөлек ниетті ат үстіндегі адамдарды алдыңғы екі аяғымен тарпып аттан жығады. Жылқы үйірсек келеді. Бір айғырдың үйірі бірыңғай тобын жазбай жүреді, басқа үйірлерге қосылмайды. Жылқы көбінше жусайды, көп ұйықтамайды, мүлгиді, көп оттайды, аз жусайды, шөптің шүйгінін таңдап жейді. Жылқы өте қағылез, сергек, таза жануар, өз тезегіне өзі қалай болса солай аунап жатпайды.

Қазақ халқы жылқының осындай қасиеттерін және басқа да жасырын ерекшеліктерін жетік меңгергендіктен жылқыны өте ерте замандардан-ақ қолға үйретіп бағып-баптап, оларды өз қажеттеріне толық пайдалана білген.

Жылқы адамзат тұрмысы мен өндірісіне біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан аса ұзақ тарихқа және тамаша экономикалық өнімділікке ие жануар. Жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, мінсе көлік және өндіріс құралы болған. Сән-салтанат, ойын-сауық, сондай-ақ ұлттық дене тәрбие қимылдары да жылқысыз өтпейді, жылқысыз сәні келмейді, кемдігі толмайды.

Қазіргі ғылым-техниканың қарыштап дамуы, адамдардың тұрмыс өресінің күн сайын жоғарылауымен, қоғамның жылқы өнімдеріне болған сұранысы күн сайын артып, бүкіл дүние жүзі назар аударып отырған өте бағалы экономикалық құнға ие мал түлігіне айналып отыр. Қазақ халқы өзінің басып өткен ұзақ тарихында жылқы өсірудің ғылми амалдарын ашқан болса да, заман жылжып өткен сайын ұлтымыздың асыл қазынасы, ақыл-парасаттың иесі тарихи қатпарында көмескі қалып, өзімізге жат болып барады. Әуелі, десеңіз басқалар жағынан пайдаланылып баражатқан жәйін көріп те жүрміз. Осы бір келелі жұмысты көзде ұстай отырып, қазақ халқының тарихи, әлеуметтік өміріндегі маңызды шаруашылықтың бірі, сахара мәдениетінің бір мақтанышы болған жылқы түлігінің тарихтағы орны, ерекше естілігі мен қасиеттерін дәріптеудегі мақсатымыз мұнан кейінгі зерттермендеріміз бен жас ұрпақтарымыздың пайдалануға аза да болса септігі тиер деген ойдың жетегінде осы мақаланы қалың оқырмандарға ұсынып отырмын.

Жұман Әмірбайұлы
Шинжияң гәзеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!