Еділ ТӨКЕНОВ. Жылқышы сыры

21592

1982 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Жылқышылар» атты жинаққа енген бұл сұқбат бүгінгі таңда да жылқы өсірсем деген жандардың есінде ұстауға тиіс ерекше құралы болмақ. Мұнда айтылған кейбір ойлар, жылқы бағымына байланысты кейбір пікірлер әлі де құнын жоғалтпаған деп ойлаймыз. Сол себепті де сұқбатты ықшамдап, назарларыңызға ұсындық. Іздегеніңіз табылып қалуы мүмкін.

Арғымақ.кз

— Жылқы малын кім болса сол, екінің бірі баға алмайды. Мен өзімді өзім мақтағаным емес, егер артық болса кешірерсіз, оны жігіттің жігіті, ердің ері ғана бағады. Себебі жылқы малы түліктердің жасығы емес, асылы, шабаны емес жүйрігі, қорқағы емес батылы деп бағалаймын. Жылқының қысы жазғы өріс-жайылымы да, жусайтын орны да мүлдем басқа.
Қысқасы, жылқыны жылқы мінезді, қырағы адам ғана баға алады, бабын табады. Қазақтың «Адам да жылқы мінезді» және «Жылқыны оның тұяғынан қатты адам ғана баға алады» деген сөздері тегін айтылмаған.
Жылқының өсіп-өнуі жаз өрісін, қыс тебінін тауып, дұрыс бағып-күтуге байланысты.
Ең алдымен жылқы бағудағы шешуші бір кезең – қысқы тебінді пайдалана білу. Жылқыны адам күзетіп бағады.
Қысқы тебін – қораға жиып қойған шөппен тең. Сондықтан оны тиімді пайдалануды мейілінше қатты қадағалаймыз. Жақын өрісті үнемі сақтап отырамыз. Тебінді бет алды таптатпай, шетінен тәртіппен жегізіледі. Қыста күндізгі тебіннің бір бөлек, түнгі тебіннің бір бөлек, ықтасыны мол сайлы, бұталы жер болғаны жақсы.
Біздің Баққаратай, Ақдала аталатын қысқы участоктарымыз сондай жылқыға қолайлы, тебіні мол жайылым. Мұнда малдың өрісті, отты жерді өздері тауып, таңдап еркімен жайылуына мүмкіндік мол. Шындығында да ұзын аяқты мал беталды қайырып, қақпайламай еркін жүріп жайылуды қалайды. Біз соны ескеріп қуаламай, жайылымды орынсыз аяқ асты етпей емін-еркін өргіземіз. Сондықтан да олар өздері сүйсінген оты бар жерлерге үйір-үйірімен шашырай жайылады.
Жылқы малын еркінше жаюмен қатар, оның мезгілімен жусауын қадағалаған жөн. Әдетте қыстың күндері жылқы тебінде төрт немесе төрт жарым сағат жайылған соң жусай бастайды. Оты мол, жайылымы жақсы жерлерде тез тойынса, екі сағат бойы жусауы мүмкін. Бұл уақыттарда жылқыны иірмей, жинақтамай еркін үйір-үйірімен қалуына мүмкіндік беріледі. Себебі, жақындасып кетсе тебісіп бірінің шырқын бірі бұзады. Біз осы кезде табынды айналып, сырттан бақылап, байқап жүреміз. Негізінде жылқы іңірде, түн ортасында, таңға жақын – үш мезгіл жусайды. Бұл уақыттарда жылқышы да өте сақ болуы керек. Неге десеңіз қаннан-қаперсіз тыныш жатқан малға ит-құстар әуес келеді.
Жусап шыққаннан кейін міндетті түрде суару қажет. Ал, жылқы малы тек тұнық суды ғана ішеді. Сондықтан ең алдымен оларды суатқа тұтас қаптатып айдамай үйір үйірімен бөлек-бөлек алып келген дұрыс. Бұл суды лезде лайлаудан сақтандырады.
Негізінде қыста жылқы малын үйірімен қандырып суару үшін суы мол құдық керек. Себебі, құдық суы жылы келеді, әрі қойдай емес жылқы суды көп ішеді, әрі ол қой ішкен астаудан су ішпейді, аяғымен тарпып, қанып ішкенді қалайды. Сондықтан құдыққа жанастырылып, салынған су құятын бір астау аздық етеді.
Қыстың қыраулы шағында ауа райының құбылуынан да сақтанамыз. Ал оны жылқы малының өзі де сезгіш келеді. Мәселен, боран боларда олар құлақтарын қайшылап мойындарын ішіне алып, ширығып бір орында тоқтамайды, құлын-тайлардың ойнақтауы жиілеп кетеді. Мұның үстіне өзіміз де боран боларын болжап, алдын-ала қам жасаймыз. Сол кезде малды ықтасыны молдау, жайылымы тыңдау жерлерге қарай беттетіп, тебіндетеміз. Ал аязды, шыңылтыр күндері табынды ояң жерлерге қарай аударамыз.
Жазғытұрымғы шақта жылқы тез көктейтін ойпат жерді жаратады. Жыл тәулігінің бұл мезгіліне арнайы сақтаған өрісіміз болады. Біз табынды сол өріске қарай аударамыз.
Көктем «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер», малдың өсіп, өнетін шағы. Бірдің екі, екінің төрт болар, қараөзек кезең. Нақ осы мезгіл малға да, адамға да ауыр тиеді. Арқыраған аяздың сағы сынып, бұрқыраған боранның беті қайтқан осы тұста үйірдегі құлындайтын биелер ерекше күтімге алынады. Олар иесіз, қараусыз қалдыруға болмайды. Кішкене көзің тайып, көңілің басқаға бөлінді екен – тоғыз айдан артық күткен үмітің мен төккен теріңнің босқа кеткен. Жасыратыны жоқ біздің кейбір малшыларымыз жыл тәулігінің осы кезіне жеткенде дәрменсіздік танытып алады. Жас туған құлынды аман сақтаудың қам-қаракетін жеткілікті түрде жасамайды. Жылқыны жайылымның ортасына айдап жібере салады да өздері қаннен-қаперсіз жатады. Құлын қозыдай емес, лезде аяқтанып кетеді деп ойлайды. Онысы дұрыс, туған бойда көпке бармай-ақ құлдыраң атып шапқылап кетеді. Ал, жердің қары, төселген мұзы болса ше? Онда тұяғының астына қар кіреді де, аяғы үсікке шалдығады. Ал тоң жерде жатып қалса өкпесіне суық тиеді дей бер. Бие өрістен терлеп келіп су ішіп қойса да құлын тастайды.
Жайлауға да басқа түліктерден бұрынырақ сол май айының екінші жартысынан-ақ жіберіледі. Шығар алдында сауылатын биелер, мініс көліктері бөлініп алынып қалынады. Біз жылда шығыс Түркістанмен шекаралас «Сарытөр» деп аталатын жайылымды жайлаймыз. Елу бес-алпысыншы жылдарға дейін үйішіміз малмен бірге көшіп арада бірнеше қонып жететінбіз. Бүгінде семьямызды арнаулы автотрансроттармен апарады да, өзіміз малдың күй-жайымен жолда жайып, асықпай жетеміз. Мұнда малды қуалаудан сақтану қажет. Көк майсалы жерге тойынған мал тез терлеп, ыстықтай су ішсе де әр түрлі ауруларға ұшырап, биелер іш тастап кетеді.
Жайлауда да өрісті жиі ауыстырып отырамыз. Қажетті жерінде бұл түліктің яғы жетпейтін өрісі жоқ. «Көбік қарда түлкі ойнар, көк майсада жылқы ойнар» дегендей емін-еркін жайылып, сүйіп жейтін шөбін жеп, бал татыған бұлақтан қанған жылқы тез арада, әрі кетсе он-он бес күнде-ақ қабырғасын жауып оңалады.
«Жаз санымды сабалап, тұнық суда жүзбедім, күз ебелекке еркін түспедім» деп жылқы аңсайды екен деген бар халық аузында. Жылқы жазда сулы жерді жаратады. Ол терең суда малынып, құйрығымен сабаланып рахаттанып ұзақ тұрады. Мұнысы олардың терісі кеңіп, көбеңсіп еттене бастағаны. Сондықтан жылқының жазда судан қағажу қалмауын қадағалаудың артықтығы жоқ.
…Білесіз жылқы түлігі өте талғампаз, кірпияз түлік. Өзінің жеке жайылғанын ұнатады. Осыған сай халық аузында жылқы «Қойдың қыста ізін көрсетпе, жазда жүзін көрсетпе» деп тілейді екен дегені бар. Бұған қарап шаруашылық мамандарына жылқыға қойдың жүзін көрсетпеймін, одан қонысымды аулақ ете көр деп қолқа салу қисынсыз.
Жалпы жылқы малы шыбынсыз күзде қатты семіреді. Бұл мезгілде олар ебелек, изен, тарпау, көкқасқа, бетеге сияқты шөптерді сүйсіне жейді. Біз жайлаудан ауа райының жағдайына байланысты қозғаламыз. Күннің қолайлы кезінде қыркүйек айының орта кезіне дейін қосымызда отыра берміз. Ал суық ерте түссе тамыз айының аяғынан-ақ көше бастаймыз. Тау етегіне түскеннен кейін біз дәл сондай шөптері бар қолайлы өрістерге қонамыз. Сөйтіп жылқының күз бойы жалын құлағынан асырып келістіре семіртуге тырысамыз. Мұндай мал қандай қысқа болсын төтеп береді.
Күз айлары да жылқышы қауымы үшін мазасыз кез. Оның қарбаласы мен қам-қаракеті көп. Бұл уақыттарда ең алдымен құлындарды енесінен мезгілінде бөлуге баса өңіл бөлінеді. Өйткені құлын енесін сүті қашқанша еме береді де, қысқа түсетін биенің қоңын тайдырады. Сондықтан күз айының алғашқы күндері-ақ құлындарды бөліп жібереміз де, өз алдына жеке үйір құрамыз. Біріншіден биелер қоңданса, екіншіден жабағы-құлындар жеке дербестікке ерте бастан үйренеді, қоңы да көтеріледі.
…Жылқы малын көбейту үшін биені дұрыс іріктеп, толықтырып отырудың маңызы ерекше. Бие құрамын іріктеп, толықтыруда көбіне біз мынандай әдістерді қолданып келеміз. Құнан, дөнен кезінде байталдарды айғырға қосу пайдасыз. Біріншіден мұндай жастағы биенің құлыны дұрыс жетілмей әлсіз болып туады. Төлінің келешегі де шамалы. Екіншіден құлындаған биенің өзі де көкжон, арық болып келеді. Сондықтан өз тәжірибемізде биені жетілдіріп, әбден толған кезінде құлындату пайдалы екеніне көзіміз жетті. Мұндай бие 15-16 рет құлындағанша үйірде ұстауға жарайды.
Биелердің уақытында шағылыстан өтуі де ең алдымен олардың күйіне байланысты. Ал бізде биелер қашан да болсын қоңды. Көкек, мамыр, ұзап кетсе маусым айларында түгелдей шағылыстан өтіп кетеді. Қай биенің қай күні айғырдан шыққанын түстеп, белгілеп жүреміз. Немесе мал мамандары берген арнаулы кітапшаларға жазып қоямыз. Демек, биенің ішіндегі құлынның жетілу мерзімі, туатын мезгілі өзімізге белгілі болады. Құлындайтын биелердің сегіз айға дейінгі күтіміне өте мұқият қараймыз. Себебі, бұл кезге дейін іштегі жас төл жетілмей, бие тіпті жеңіл-желпі жайсыздықтан-ақ құлын тастап кетуі мүмкін. Мұндай кезде биелерді мұздақ, желтең жерге, аяз өтіне жаюдан сақтанған жақсы. Ал сегіз айдан кейін іштегі құлын жетіліп, көлденең түскен соң бие де жеңіл желпі жайсыздықтан қиналмай өте алады.
Жас биелер құлындардан бір жарым ай, ал сақа биелер бір ай бұрын желіндей бастайды. Жалпы бие желіні үшінші рет ісініп толғанда ғана құлындайды. Желіні толған биелер қатты қадағалауға алынады. Неге десеңіз құлындардың алдында бошалап кетеді. Біздер мұндай биелерден көз жазбай бақылап жүреміз. Бір қолтыққа кіріп кетсе бітті, көз жазып қалғаның. Жылқыны бір-бірімізге өткізерде осындай құлындайтын биелерді түстеп санап тапсырып отырамыз немесе қорада ұстаймыз. Жалпы биелер жусау кездерінде жиі құлындайды. Яғни құлындар кезде сақ болған жақсы.

biye— Жеке, бір қатарын жаңа айтып кеттіңіз, дегенмен де биенің құлын тастауына басқа да себептер бар шығар. Сол жағына толығырақ тоқтала кетсеңіз?
— Бірінші биені айғырдан үзілді-кесілді шығып болғанша және құлыны көлденең түскенше, яғни төрт-бес айға дейін мінілмеуі тиіс. Халқымыздың әлгі бір «бие мінсең құлын жоқ» деген мәтелі осыдан алынған.
Міністі көп көрген, ыстық-суықты болған бие де құлын тастайды.
Күтімі кем болып, жемшөп пен жатар орны келіспеген және тепкіні көп көрген бие де құлын тастайды.
Құлыны көлденең түскенімен де қиналып келіп, суытуын жеткізбей, суарып жіберген бие құлынын қолма-қол тастайды.
Күзді күні жерге әуелі қар жауса, оның соңынан іле жаңбыр жауса, шөп мұздақ болып сілбі тұрады. Осы уақытта барлық мүмкіндігінше буаз биелерді қолға ұстаған немесе шөппен қоректендірген дұрыс. Себебі мұздақ тұрған сілбі шөпті жесе құлын тастайды. Егер жылқыны жайуға тура келген күнде таулы, қыратты, адырлы-белесті жерлерге жаймау керек. Бірыңғай қалың шөпті, құйқалы жерлерге жаю қажет. Сонда шөпті теріп та, таңдап та жейді. Енді бір себебі, шаруашылықта жылқы үйірлері дұрыс іріктелінбей, зоотехникалық және мал дәрігерлік профилактикалық шаралар уақытылы жүргізілмеуі салдарынан, арық-тұрақтары кезінде бөлінбегендіктен құлын шығынға ұшырайды.

Осы тұсқа келгенде Жебеген ойланып қалды.

— Кешіріңіз, енді әңгімеңізді жаңағы үзілген жерден қайта жалғастырсақ?
— Ә, құлын алынғаннан кейінгі күтім жайында ғой.

— Иә.
— Бие құлынын қатты қызғанады. Құлындар алдында үйірін тастап, қиян асып, қыр асып кететіні де осыдан болса керек. Жас туған құлын енесінің алдына салынады. Үсті құрғап, аяқтанған соң ауыздандырылады. Күн суық болса құлынды орап алу қажет немесе жылы қораларда ұсталады.
Құлын уыз сүтіне тойғызыла емізіледі. Алғашында бір жарым сағат сайын емізіліп тұрылады. Өз енесі жарытпайтын құлындарға емізікпен басқа биелердің сүті беріледі, не болмаса мұндай құлындар жуас, сүтті биелерге телінеді. Жас туған биелердің өз құлынынан жеріп кетуі мүмкін, мұны болдырмау үшін құлынын бастапқы кезде үнемі жанында ұстап, немесе өріске қосақтап жіберіп үйретіледі.
Сүтке тойған құлын ұйықтағыш келеді. Мұндайда оның сазды жерге, жел өтіне жатып қалмауы бақыланады. Құлын оттыққан соң да қатты қадағаланады. Оның жарамсыз су ішіп, жарамсыз шөп жеуінен немес суық тиюден де іші өтуі мүмкін.
Құлыны екі айға толған соң ғана бие байлауға жарайды. Күндіз құлын желіде тұрады. Кейде құлын күндіз енесімен қосақтап жіберіледі де, түнге қарай еркін босатылып қоя беріледі. Негізінде құлын енесінен алты айдан кейін бөлінеді. Бұл кездерде көптеген биелер де өз құлынын онша емізе қоймайды. Өйткені құрсақтағы келесі құлын өсе бастайды. Ал бөлінген құлындар жекеленген соң өз үйірі ішінде жүре береді.

— Бие байлау жайына тоқтала кетсеңіз?
— Саууға тек сүтті биелер ғана бөлініп алынады. Алғашқы күндері биелер жиі сауылады. Содан барып қалыпқа түсіріледі. Сауылатын биелер үйірі айғырымен бөлінеді. Біз осы жағына көбірек назар аударамыз. Оның жылқышысы да, көмекшісі де өз алдына бөлек болады. Бұл мәселе бізде біршама жақсы жолға қойылған.

— Ал үйірлер қалай қалыптасады?
— Айғыр үйірге жасынан түседі. Осыдан бастап үйірге ие болып қайырып кете алады. Мұндай айғыр он жеті жасына дейін үйірде ұстауға жарайды. Үйірді қалыптастыру үшін беске толған айғырды өзі қаралас бес жасар он бес шақты биемен он бес-жиырма күндей бөлек бағу керек. Бұлардың ішінде аталас тай-құлындар да аралас жүре береді. Осы мерзім ішінде жас айғыр биелерге әбден үйір болып, оларды сауырлап қайырып, үйірге иелік етеді. Сөйтіп табын ішінде жаңа үйір қалыптасады. Бір үйірден екінші үйірге жылқы ауыстырудың пайдасы жоқ. Үйір айғырының өзі де басқа үйірге жылқы ауыстырмайды.
«Айғырды неден салсаң, атты содан мінесің» дейді. Яғни жылқы өсіруде айғырды дұрыс іріктеудің де маңызы ерекше. Айығрды табын ішінде құнан күнінен іріктей бастймыз. Үйірге, яғни шағылысқа түсерде айғырды жақсылап күту қажет. Онда айғырды жеке алып қалып, қосымша жем беріледі. Мұндай кезде оны әрбір үш күнде бір-екі рет салт мініп, жаратып үйірге түсірген пайдалы.

Жекең әңгімесі жалғаса берді.

-Сөздің реті келгенде, — деді ол, — жылқы арасында кездесетін кейбір аурулардың түрін емдеу қажеттігіне де тоқтала кетейін. Көбіне олар сақау ауруымен ауырады. Ол тамағынан немесе өкпесінен шығады. Осыдан келіп «Құлынында сақау, құнажынында тісеу болады» деген сөз бекер айтылмаған. Ауырған жылқы еркімен жайыла алмай азап шегеді. Өкпесі сырылдап үйірден қалады. Бұдан мал өлмеуі мүмкін, бірақ азады. Сақау ауруы көбіне күзде жабысады. Ол үшін жоғарыда айтқандай құлынды енесінен күзде ертерек бөліп, табын етіп шығару керек.
Сонда ғана бұл аурудың алдын алып, тез арада емдеп жазуға мүмкіндік туады. Жылқы арасында екінші бір көбірек ұшырасатын ауру – оқала. Ол кезінде шеміршек тәріздес келеді. Аталған аурулардың бәрін шаруашылықтың мал дәрігерлерімен бірлесіп отырып, дер кезінде емдеу қажет. Мал қашанда індетсіз болмайды. Тек соны кезінде көріп, байқап, емдеп жазудың жолдарын таба білуде.
— Сонымен қатар, — деді жылқышы Жебеген әңгімесін ұштастыра. – Жылқы түлігін өсіруде және оның шаруашылығын дамытуда мынадай ұсынысты білдіргім келеді.
Біріншіден, жазғы ыстық пен аптапта, қысқы боран мен аязға төзімді, жылқы бағудың сыр-жайын жетік білетін, жүген-құрық тимеген шу асауды ерекше үйрететін қазіргі жастардан жылқы баға алатын тамаша жылқышылар даярлап отырса жақсы болар еді.
Екіншіден, қарт жылқышылардың озық тәжірибесін, жақсы үлгісін, басқа да тәлім, шеберлігін кеңінен насихаттаған жақсы.
Үшіншіден, «үйірілген сары алтындай сары қымызды ауруға ем, сауға сусын, шипалы тамақ» болатын қымызды ашытатын саба, көнек дайындап, жылқышыларға таратуды ұйымдастырса деген пікір бар.
Төртіншіден, ыс салуды, саба пісуді көне көз қарттардан кейінгі өрен жастар үйреніп қалса деген ойым бар. Мұның бәрін өз көргенімнен айтамын.
…Тағы бір ұсыныс, етке жұмсалады деген жылқыны семіртетін арнаулы шаруашылықтар, бөлімшелер ұйымдастыру да тиімді. Бұрынғы кезде соғымға арнаған жылқысын апрель, май айларында құйрық-жалдарын күзеп, ешкім бармайтын суы мол, соны жайылымға жіберетін. Содан жеті-сегіз ай өткен соң бір-ақ ұстайтын. Әрине, мұндай жағдайдағы мал жақсы семіреді. Қазірде қыстан арықтап шыққан жылқыны жазда екі-үш айда семіртеді де соя салады. Мұндайда мал толып, жақсы семіре қоймайды. Ондай малды етке өткізу – тиімді емес. Ал қазы бермейтін арық жылқыны сою – барып тұрған зияндылық.
Мәселен, бізде мемлекетке өткізілетін жылқылар аудан орталығы – Киров поселкесіндегі шаруашылық бірлестігінде байланып бордақыланып жүр. Бірақ мұнда да жылқы семірту өз дәрежесінде емес. Себебі, ең алдымен бірлестік мүйізді ірі қара мен шошқа бордақылауға арналған. Байлаған жерлері бұл түлікке қолайсыз. Берілетін азықтық өлшемдері де нормаға сай келе бермейді. Сондықтан жылқы өсіріп, оны семіртіп байлайтын арнаулы шаруашылықтар ұйымдастырғанда жоғарыда айтылғандай бұл түліктің шікәмшілдігін, ерекше бағып күтуді сүйетіндігін ескере отырып, ыңғайлы жайылымды жерлерге орналастырған жөн.
Биені байлап саумай, жылқының бойдағын қолға үйретіп жуасытпай жіберуден де ешқандай пайда жоқ, — деді Жекең әңгімесін аяқтай келе. – Айталық, байланбаған, енесі сауылмаған құлыннан, сауу мауысымында байлау көрген құлынның төзімді келетінін де нақты тәжірибе көрсетіп жүр. Мұндай құлындар жуас, оны керегінде ұстап аласың. Көктемде жылқы күзелмесе, тай, құнан, байталдың құйрық-жалы ұяң болады, ұйысып жақсы өспейді және кенелегіш келеді. Осы себептен де жылқыны әр маусымда күзеп отырған жөн.
Ал жылқыны құлын, тай күнінен міндетті түрде үйретіп жіберу дұрыс. Үйретілген малды байлап семірту де оңай. Жуас мал асаудан гөрі анағұрлым тез семіреді. Дөнен, бесті асауды ұстау, үйрету үлкен бейнет, бұларды семірту де қиын. Ал өсіретін жылқымызды жуасытып, үйретіп ұстаудың өзі – бұл түлікті өсіріп, өркендетудегі елеулі шаралардың бірі.
Жылқы ет пен сүт үшін ғана емес, шаруашылықтың әр түрлі саласында мінуге, жегуге де керек дедік. Сондықтан қамыт доға, ертұрман да малшы жұрттың талап-тілегін таппаған бүгінгі күннің зәру заттары. Онсыз малшы қауымының күні жоқ. Ер-тұрман олардың күнделікті еңбек құралы. Егер ер-тұрман жайсыз болса алдымен малшының өзі қажиды, содан соң ат ариды. Ал аты арық, өзі қажыған малшының ісінде қандай береке болмақ.
Негізінде, қазақ жерінде ердің ондаған түрі, оның сыртында күнделікті тірлікке қарай бейімдеп істелген шаруаға, той-думанға мінетін, бәйге атына салатын түрлері бар және әйелдерге арналған – қоқан, баларға арналған – ашамай деп аталатын ерлер болған. Осы тұрғыдан да қарап малшылар жан-жақты қамтамасыз етілсе, өмірдің талап-тілектері өтелді деп айтуға болар еді.

Жекең осылай өз әңгімесін айқтады. Көне көз, тәжірибелі жылқышның мына сырлары кімге де болса ой салғандай. Ол қаншама жылдан бері еңбекте шыңдалған тәжірибенің жемісі. Қатардағы қарапайым малшы ұстаз жетекші еңбегінің нәтижесі еді.
Мана бір әзірде биік соқпақтарды асып келіп, жаздың жазиралы жайылым төрінде басталған әңгіме осындай келелі пікірлердің дүниесіне ұласты. Жебеген Малдыбаев тек Ленин атындағы совхоз бен Киров ауданында ғана емес, Талдықорған облысы өңіріндегі жылқыны жал-тұяғынан танып, жылқы шаруашылығының қыры мен сырын жақсы білген майталман жылқышы еді. Оның тәжірибесінен төгілген ой-сырлары басқаларға өнеге.

Еділ Төкенов, Талдықорған облысы,
Киров ауданы. 1982 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.