Жылқыға таңба басу әдістері

14461

154462faef5191originalҚазақта «Күйгізбесең – күйесің» деген аталы сөз бар. Бұл тікелей малға таңба басуға байланысты айтылған. Атам заманнан бері қазақ әсіресе жылқы малына рудың арнайы бекітілген таңбаларын басып келді. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Дегенмен мал басы өкіметтің қарамағына өтіп, ен салып, таңба басу стандартты түрге енгелі де жылқы таңбалау жеңілдетіліп, оның да өзіндік тәжірибесі қалыптасты.
Ата-бабамыз жылқыны тайында (жабағысында) таңбалаған. Содан да болар анық, айқын көрініп тұрған бөгенай-белгіні – «тайға таңба басқандай» дейді. Себебі қызған темірді санына шыжғырып басқанда, расымен тайға басылған таңба ап-анық көрініп тұрады.
Олай болса, құрметті оқырман, Қайрат Жәлелұлының «Жылқы шаруашылығы» атты оқу құралында берілген «Таңба басу әдістері» атты әдістемелік мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

Арғымақ.кз

Кейінгі жылдары шаруашылықтарда жылқыға таңба басудың «ыстық» және «салқын» екі әдісі қолданылып келеді. Әдетте бұл – малдың сол жақ иығы мен сол жақ (мінер жақ – Арғымақ.кз) жамбасына басылады. Бірінші әдісте арнайы белгі жасалынған темірді (таңбаны – Арғымақ.кз) жылқы денесінің (терісінің) сыртынан қыздырып басса, екіншісінде сұйық азот пайдаланылады. Жылқының сол жақ иығына оның жеке нөмірін белгілейді, ал шаруашылықтың белгі-таңбасы мен малдың туылған жылы оң жақ жамбасына (қамшылар жақ – Арғымақ.кз) басылады.
Жылқы шаруашылығында таңба басу жұмыстары әдетте жас төлді енесінен айыру кезінде жүріледі. Себебі, таңбасы бойынша тебіндегі жас құлындарды бір-бірінен оңай ажыратуға болады.
OLYMPUS DIGITAL CAMERAТаңба басудың ыстық әдісі. Бұл әдіспен таңба басу үшін арнайы дайындалған жалпақ темір таңбалағыш керек. Оның қалыңдығы 3-4, ал ені 30-40 мм болуы керек. Себебі, мұндай жалпақ темір таңбалағышта жылу ұзақ сақталады және салынатын белгі мал терісіне айқын түседі.
Малға салынатын нөмірдің белгісі аса үлкен болмағаны дұрыс, небәрі 4,0-6,5 см болғаны лазым. Себебі, көлемді нөмірлер малдың терісі мен оның бітімінің сырт көрінісін бұзады. Әдетте таңба басу кезінде жылқылардың мал басының саны жүздің үстінде болса, оларға мынадай сан тізбегі керек болады: 0,1,2,3,4,5,6,7,8 (6 санын 9-дың орнына басуға болады). Шаруашылықтың белгісі арнайы таңба ретінде бөлек басылып, оқшау тұрады.
Жылқыларды әдетте арнайы расколдарда таңбалайды. Бұл кезде таңбалайтын жылқының тыныш тұруын және қимылсыз қалыпты сақтауын қадағалау керек. Онсыз таңба айқын болмай, денеге жайылып кетуі мүмкін. Таңба басқыш темірді отқа қыздырғанда, оның түсі қызғылт-шие түсті болғанда бірнеше секунд қана ұстап басады. Таңбалағыш темір керекті мөлшерде қызбаса, малға таңбаны бірнеше рет қайталап басуға тура келеді. Соңғы әрекеттер малдың тері асты қабатына көп зиян тигізіп, соңы абцесс ауруына апарып соғуы әбден мүмкін.
Жылқының таңба басатын жерін алдын ала мұқият қырып тастап, 96 градусты спиртпен тазартып, сүрту керек. Азықтандырылған, суарылған және жаңбыр астында су болған жылқыға таңба басуға тыйым салынады. Таңба басудың «ыстық» әдісі «салқынға» қарағанда біршама кемшіліктермен ерекшеленеді. Мысалы, көп жағдайда таңба жылқыға айқын болып түспейді, таңба басу малға ауыр болып тиеді және де оның өнімділігіне әсер етуі ықтимал, терісінің сапасын төмендетеді.
ptzhТаңба басудың салқын әдісі. Бұл әдіс жылқыға айтарлықтай ауыртпалығын тигізе қоймайды және денесіне жарақат түсірмейді. Таңба басқан кезде гистологиялық құрамына, физиологиялық қызметіне және оның құрамына кері әсерін тигізбейді.
Таңба басудың «салқын» әдісі кезінде жылқының денесіне минус 196 градус денгейіндегі суытылған азотқа батырылған металл таңбалағыш басылады. Төменгі деңгейдегі температура торшадағы пигменттің қызметіне кері әсерін тигізіп, ақ жүннің өсуіне жол береді.
Жылқыға таңба басу кезінде арнайы болаттан жасалған таңбалағышты қолданады. Оның ұшында нөмір салатын орын болады. Нөмірдің көлемі: биіктігі – 40 мм, ені – 25 мм, қалыңдығы – 2 мм болып келеді.
Жылқыларға таңба басуға арналған құралдың екі түрі бар: бірі жас төлдерге (құлындарға) арналған ПТЖ-3, екіншісі ересек жылқыларға арналған ПТЖ-4. Таңба басу жұмыстарын жылдамдату үшін шаруашылықта осындай құралдардың бірнешеуі болғаны жөн. Мәселен, бір таңба басқышта нөмір, екіншісінде малдың туылған күні мен жылы, үшіншісінде шаруашылықтың өз белгісі болуы керек.
Жылқыға басылатын таңба оның денесіне айқын түсуі үшін, таңбалайтын жылқыны қимылдамайтын етіп төрт аяғын байлап немесе расколға мықтап бекітіп, мүмкіндігінше жылқының аяқтарын буып жатқызып қойып, таңбалайтын жерін қырықтық машинасымен немесе арнайы купер қайшымен тазартып қырқады.
Таңба басар алдында таңбалық орынды араластырған 96,0%-дық спирт-ректификатпен тазартады. Жұмысты жеңілдету үшін бірден денесіне үш белгіні (нөмір, туылған жылы, шаруашылық белгісі) бірден басқан дұрыс. Ыдыстағы азоттың тез буланбауы үшін оның қақпағын таңбалау кезінде жауып отыру керек.
Таңбалағыштың ұшындағы нөмірлер жиынтығы сұйық азотта 2-3 минут, ал малдың денесінде 25-30 секундтай тұруы керек (сақа малдарда 40-50 сек). Бірнеше күннен кейін таңба басылған жерінің жүні түсіп, орнына түссіз ақшыл жүндер өсіп шығады. Мұндай таңба (басылған) алыстан айқын көрінеді.
Жылқыларға таңба басу кезінде таңбалаушы еңбек қауіпсіздігін ескергені жөн: үстіне халат, қолына қолғап, көзге арнайы көзілдірік киюі керек.

Қайрат Жәлелұлы, «Жылқы шаруашылығы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!