Жылқыларға таңба басу тәсілдері (ФОТО)

10270

Таңба басу әдістері. Кейінгі жылдары шаруашылықтарда жылқыларға таңба басудың «ыстық» және «салқын» екі әдісі қолданылып келеді. Әдетте бұл − малдың сол жақ иығы мен сол жақ жамбасына басылады. Бірінші әдісте арнайы белгі жасалынған темірді жылқы денесінің (терісінің) сыртынан қыздырып басса, екіншісінде сұйық азот пайдаланылады. Жылқының сол жақ иығына оның жеке нөмірін белгілейді, ал шаруашылықтың белгі-таңбасы мен малдың туылған жылы оң жақ жамбасына басылады.
Жылқы шаруашылығында таңба басу жұмыстары әдетте жас төлді енесінен айыру кезінде жүреді. Себебі, таңбасы бойынша тебіндегі жас құлындарды бір-бірінен оңай ажыратуға болады.
Таңба басудың ыстық әдісі. Бұл әдіспен таңба басу үшін арнайы дайындалған жалпақ темір таңбалағыш керек. Оның қалыңдығы 3-4, ал ені 30-40 мм болуы керек. Себебі, мұндай жалпақ темір таңбалағышта жылу ұзақ сақталады және салынатын белгі мал терісіне айқын түседі.
Малға салынатын нөмірдің белгісі аса үлкен болмағаны дұрыс, небәрі 4,0-6,5 см. Себебі, көлемді нөмірлер малдың терісі мен оның бітімінің сырт көрінісін бұзады. Әдетте таңба басу кезінде жылқылардың мал басының саны жүздің үстінде болса, оларға мынандай сан тізбегі керек болады: 0,1,2,3,4,5,6,7,8 (6 санын 9 орнына басуға болады). Шаруашылықтың белгісі арнайы таңба ретінде бөлек басылып, оқшау тұрады.
Жылқыларды әдетте арнайы расколдарда таңбалайды. Бұл кезде таңбалайтын жылқының тыныш тұруын және қимылсыз қалыпты сақтауын қадағалау керек. Онсыз таңба айқын болмай, денеге жайылып кетуі мүмкін. Таңба басқыш темірді отқа қыздырғанда, оның түсі қызғылт-шие түсті болғанда бірнеше секунд қана ұстап басады. Таңбалағыш темір керекті мөлшерде қызбаса, малға таңбаны бірнеше рет қайталап басуға тура келеді. Соңғы әрекеттер малдың тері асты қабатына көп зиянын тигізіп, соңы абцесс ауруына апарып соғуы әбден мүмкін.
Жылқының таңба басатын жерін алдын ала мұқият қырып тастап, 96 градустық спиртпен тазартып сүрту керек. Азықтандырылған, суарылған және жаңбыр астында су болған жылқыға таңба салуға тыйым салынады. Таңба салудың «ыстық» әдісі «салқынға» қарағанда біршама кемшіліктермен ерекшелінеді. Мысалы, көп жағдайда таңба жылқыға айқын болып түспейді, таңба басу малға ауыр болып тиеді және де оның өнімділігіне әсер етуі ықтимал, терісінің сапасын төмендетеді.
Таңба басудың салқын әдісі. Бұл әдіс жылқыға айтарлықтай ауыртпалығын тигізе қоймайды және денесіне жарақат түсірмейді. Таңба басқан кезде гистологиялық құрамына, физиологиялық қызметіне және оның құрылымына кері әсерін тигізбейді.
Таңба басудың «салқын» әдісі кезінде жылқының денесіне минус 196 градус деңгейіндегі суытылған азотқа батырылған металл таңбалағыш басылады. Төменгі деңгейдегі температура торшадағы пигменттің қызметіне кері әсерін тигізіп, ақ жүннің өсуіне жол береді.
Жылқыға таңба басу кезінде арнайы болаттан жасалған таңбалағышты қолданады. Оның ұшында нөмір салатын орын болады. Нөмірлердің көлемі: биіктігі – 40 мм, ені – 25 мм, қалыңдығы – 2 мм болып келеді.
Жылқыларға таңба басуға арналған құралдың екі түрі бар: бірі жас төлдерге (құлындарға) арналған ПТЖ-3, екіншісі ересек жылқыларға ПТЖ-4. таңба басу жұмыстарын жылдамдату үшін шаруашылықта осындай құралдардың бірнешеуінің болғаны жөн. Мәселен, бір таңба басқышта нөмір, екіншісінде малдың туылған күні мен жылы, үшіншісінде шаруашылықтың өз белгісі болуы керек.
Жылқыға басылытын таңба оның денесіне айқын түсуі үшін, таңбалайтан жылқыны қимылдамайтын етіп төрт аяғын байлап немесе расколға мықтап бекітіп, мүмкіндігінше жылқының аяқтарын буып жатқызып қойып, таңбалайтын жерін қырықтық машинасымен немесе арнайы купер қайшысымен тазартып қырқады.
Таңба басар алдында таңбалық орынды араластырған 96 градустық спирт-ректификатпен тазартады. Жұмысты жеңілдету үшін бірден денесіне үш белгіні (нөмірі, туылған жылы, шаруашылықтың белгісі) басқан дұрыс. Ыдыстағы азоттың тез буланбауы үшін оның қақпағын таңбалау кезінде жауып отыру керек.
Таңбалағыштың ұшындағы нөмірлер жиынтығы сұйық азотта 2-3 минут, ал малдың денесінде 25-30 секундтай тұруы керек (сақа малдарда 40-50 сек). Бірнеше күннен кейін таңба басылған жерінің жүні түсіп, орнына түссіз ақшыл жүндер өседі. Мұндай таңба (басылған) алыстан айқын көрінеді.
Жылқыларға таңба басу кезінде таңбалаушы еңбек қауіпсізділігін ескергені жөн: үстіне халат, қолына қолғап, көзіне арнайы көзілдірік киіуі керек.

Khairat I.Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Исхан Қайрат Жәлелұлы
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!