Министрлік: Жылқыға төленетін субсидия көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар

1496

Ауылшаруашылығы министрлігіне жылқы шаруашылығына бөлінетін субсидия мәселесіне қатысты бірнеше сауал жолдаған едік. Сол сауалдың жауабы келген екен, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

– Министрлік тарапынан жылқы шаруашылығына нақты қандай қолдаулар бар?

– Жылқы шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген шаруаларға мемлекет тарапынан бірнеше қолдау бар:

1. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары (Ауыл шаруашылығы министрінің 15.03.2019 ж.№ 108 бұйрығы)

2. Инвестициялық салым арқылы агроөнеркәсіптік кешен салғанда жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау (Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 23.07.2018 ж.№ 317 бұйрығы).

Бірінші жағдайда – өнімді бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық айғырлар сатып алу, бие сүтін өндіру және өңдеу мен аналық басының азығына жұмсалған шығын құнын арзандату үшін субсидия қарастырылса, екінші жағдайда – инвестициялық шығындардың бөлігін өтеуге субсидия беріледі.

– Жылқы шаруашылығына Ақтөбе облысы ғана субсидия беріп келеді (асыл тұқымды бір биеге – 20 мың теңге, 1 литр қымызға – 60 теңге және еліміз бойынша 1 асыл тұқымды айғыр сатып алған шаруашылыққа 100 мың теңге). Субсидия көлемін ұлғайтуға, оны тұрақты төлеуге болмай ма?

– Субсидияның көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін облыстардағы ауыл шаруашылығы басқармалары тарапынан, жергілікті бизнеспен келісіліп, талқыланған, экономикалық тиімділігі айқындалған есеп және ұсыныстар қажет.

– Субсидия алу үшін қандай құжаттар керек, қандай талаптар қойылады? (Толық ақпарат берсеңіздер)

– Асыл тұқымды айғырға субсидия алу үшін:

1) Өтінім берген кезде селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қорында және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда сатып алынған мал басын тіркеу деректерінің сәйкес болуы;

2) Сатып алынған мал басының жасы (ел ішінен сатып алған жағдайда – асыл тұқымдық куәлікте көрсетілген сату сәтінде; импортталған жағдайда – малды сатушыда (экспорттаушыда) карантинге қойған сәтте) – 18 айдан 60 айдан (1,5 жастан 5 жасқа дейін) аспаған болуы керек (қоса алғанда);

3) Өсімді молайту мақсатында сатып алынған асыл тұқымды тұқымдық айғырды өлім-жітімнің зоотехникалық нормасы шегінде кемінде екі жыл пайдалану қажет.

– Бейресми деректер бойынша «жылқыға субсидия төлеу үшін мемлекеттен 6 млрд теңге бөлінеді екен, бірақ жылқы шаруашылығымен айналысатындардың құжаттары дұрыс болмағандықтан субсидия шошқа мен жұмыртқаға беріледі екен» деген қауесет бар. Бұл қаншалықты рас? Шынымен жылқыға субсидия беру үшін мемлекет қаржы бөле ме?

– «Жылқыға субсидия төлеу үшін мемлекеттен 6 млрд теңге бөлінеді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Жылқы шаруашылығын қолдауға жыл басында тиісті қаражат қарастырылады. 2020 жылы асыл тұқымды тұқымдық айғырлар сатып алу бойынша 89,2 млн теңге, бие сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату үшін 465,7 млн теңге, аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату үшін 786,9 млн теңге субсидия бөлініп, толығымен игерілді. Ал шошқа мен құс шаруашылығын қолдау мақсатында басқа қаражат қарастырылған.

– Мемлекеттік деңгейде министрлік жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында қандай да бір стратегиялық жоспар бекітті ме?

– Биыл 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірледі.

Аталған Ұлттық жобаның шеңберінде селекцияның тиімді әдістерін енгізіп, фермерлік шаруашылықтарда жылқы шаруашылығындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарға ынталандыру іс-шаралары қарастырылған. Бұл іс-шаралар жылқы шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізеді.

– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен дайындалып жатқан «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлт жоспарына АШМ тарапынан жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында жылқыға қатысты ұсыныстар енгізілді ме?

– «Рухани жаңғыру» Ұлттық жоспары шеңберінде «Малшылар күні», жаңа мереке бекітілді. Мерекенің өту күні – маусымның екінші жексенбісі. Осы мереке аясында мал өсірушілердің слеті жүргізіледі, яғни малшылар қауымы жиналып мал шаруашылығы саласының жетістіктері бойынша ғылыми конференция, марапаттау, концерттік бағдарламалар өтеді. Осы слетке мал шаруашылығының барлық саласы, соның ішінде жылқы өсірушілер де қатысып, жаңалықтарымен, жетістіктерімен бөліседі. Бұл өз кезегінде саланың дамуына оң ықпалын тигізеді. Биыл эпидемиялық жағдайға қатысты слет қазан айына шегеріліп, Жамбыл облысында өтті.

– Өткен жазда министрлік «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекітті» (ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 13.07.2021 № 207 бұйрық). Алайда бұл қағидада жылқы шаруашылығына қолдау туралы анық жазылмаған. Сиырға, қойға, жұмыртқаға, шошқаға төленетін субсидияға қатысты ақпараттың барлығы бар, жылқы шаруашылығына қатысты мәліметтер жоқ. Себебі неде?

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 13.07.2021 № 207 бұйрығында жылқы шаруашылығын қолдауға қатысты деректер толығымен көрсетілген.

– Жақында Қостанай жылқысын дамытудың жол картасы бекітілді. Ондағы атқарылуға тиіс біраз жұмыс АШМ қарамағына жүктелген болатын. Жалпы Қостанай жылқысын қалпына келтіру бойынша министрлікте қандай жоспар бар?

– Расында, Қостанай жылқысын дамытудың жол картасы бекітілді. Жол картасында Қостанай тұқымды жылқының асыл тұқымды басын қалпына келтіру ұзақ мерзімді бағдарламасын дайындау және бекіту;

Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың жыл сайынғы бірыңғай республикалық күнтізбесіне Қостанай тұқымды жылқылар арасында өтетін спорттық жарыстар енгізу;

«Арғымақ» ипподромын жөндеу;

Ескі зауыт ғимаратын Тарихи ескерткіштер мен мәдениеттің мемлекеттік тізіміне енгізу;

Меморандум жасау;

Қостанай тұқымды жылқыға асыл тұқымды сынау жүйесін енгізу;

Асыл тұқымды басын қалпына келтіру ұзақ мерзімді бағдарламасын дайындау және бекіту; т.б. бірқатар іс-шаралар «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Акционерлік қоғамы мен «Қазақ тұлпары» ЖШС-не жүктелген. Көрсетілген іс-шаралар арқасында Қостанай жылқысын дамыту мүмкін болады.

Ержан Жаубай

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!