Алматы ипподромына ешкім көңіл бөлмегені қалай? (ВИДЕО)

2648

Алматы ипподромы азып барады. Бұл кәсіби ат мамандары – шабандоздар, жаттықтырушылар мен атбегілердің жанайқайы.

Атшабарды пайдаланушылар сәулет ескерткіштері тізіміне енген нысанның жөндеу көрмей, тозып бара жатқанын айтып шағымданды.

Ипподром қазір жеке меншіктің қолында. Өткен ғасырдың 30 жылдары салынған ипподромның дәуірлеген шағы кеңес заманында, – дейді көзкөргендер.

Тіпті, Ұлы Отан соғысы кезінде де жұмысын тоқтатпай, атты жасақ құру үшін майданға жылқыларды жіберіп тұрған. Әлемдік стандарттарға сай салынған нысанда талай рет дүркіреген ат жарысы өтіп, 100-ден аса рекорд тіркелген. Ал 90-шы жылдары ипподром мемлекеттік қазынадан шеттетіліп, содан бері басынан бағы тайды. Тіпті, 2015 жылы сатылымға қойылып, орнына көп қабатты тұрғын үй салынатын болған. Алайда, атбегілер қарсы шығып, ипподромды сақтап қалыпты. Енді, міне, ат баптауға арналған жалғыз нысан көз алдымызда жойылып барады, – дейді атбегілер.

Заводтық жылқы тұқымдары бойынша республикалық палатаның жетекшісі Талғат Жайсаңбай 2014 жылдан бері аумақта ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтады.

Біз айына бір атқа арналған 10 шаршы метрлік орынға 30 000 теңге төлейміз. Бұл баға — қаладағы адам отырып жұмыс істейтін офисті жалға беру бағасымен бірдей. Қорада ештеңе жоқ, тіпті су жүргізілмеген, тек электр жарығы бар, болды. Басында ипподром қожайыны жалға төленетін қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, айнала тазаланады деген. Қазір көрсеңіз, аумақта антисанитария, атты баптауға ешқандай жағдай жасалмаған — дейді ол.

Ал осы ипподромда жарысқа ат дайындайтын атбегі Ержан Ақтасов шетелде аттардың барлығы жақсы ипподромда дайындалатынын айтты.

Біздің ипподром оған сәйкес келмейді. Бізге жақсы жарыс жолақтары керек. Бәйге аттар сияқты тырмалай салып, шабатын жолақтар керек емес. Атқа ыңғайлы, жұмсақ болу үшін суға да өзіміз төлеп жатырмыз — дейді атбегі.

40 гектарды алып жатқан ипподромда бұрын 500 орындық ат қора, ветеринарлық емхана, аттарға арналған бассейн, шеберхана, атбегілік музей болған, — дейді мамандар.

Қазір содан қалғаны ат спорты мектебі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ипотерапия пункті, ат жабдығы дүкені ғана. Айтпақшы, олар да ипподром аумағын жалға алушылар. Ал, бір маусымда мұнда жарыстарға арналған 200-ге жуық жылқы үйретіледі. Бір ат үшін айына 30 мың теңге алып отырған ипподром қожайынның табысын есептеу қиын емес. Сөйте тұра, бірегей нысанды күтіп ұстауға құлықсыз.

Ипподром біздің меншігімізге өткенде, өте қатты тозып кеткен болатын. Жарыстар мүлде тоқтаған еді. Біз ипподромды қайта ашқанда жалға алушылар ат қораларды өз қаражаттарына жөндеп қалпына келтірді. Бірақ олар мұны өз келісімдерімен жасады. Өздері осы жағдайға дайын болды. Себебі, ат баптаумен тек фанаттар ғана айналысады — дейді Алматы ипподромының атқарушы директоры Юрий Кищенко.

Бұл Алматыдағы жалғыз кәсіби ипподром. Қожайынның емеурінінен түсінгеніміз, жылқыны жаны сүйетін бапкерлердің басқа барар жері жоқ. Сондықтан, олар барға қанағат етсін дегенді меңзеді. Ал ат қораларды, жарыс жолақтарын түсірейік дегенімізде, ипподром басшысы күзетшісін шақырып, бізді кабинетінен «мәдениетті» түрде қуып шықты.

2019 жылы Алматы ипподромы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Бірегей нысанның неліктен лайықты күтім көрмей, жекенің қолында тозып бара жатыр деген сауалымызды қалалық мәдениет басқармасы жауапсыз қалдырды.

Алматы ипподромының жағдайын бұған дейін де жазған болатынбыз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы,
Эдуард Кон
24.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.