Қазақ батырларының қалмақ тұлпарын сынауы

2940

(«Жантай батыр» жырынан үзінді)

…Бет түзеп соның бірі Ерейменге,
Күркіреп ұшан күшпен жөнелгенде,
Көрінді тұқырынған қылаң-баран
Тұлпарлы батырлардың бітімі өзге.

Қарасұр, жуан тұмсық еңгезердей,
Нарқызыл астындағы тұрған пілдей.
Өңгерген алты құлаш улы найза,
Ажары құлақтанған қысқы күндей.

Қолында алмас жүзді тұр наркескен,
Қынабын жасатқан-ды саф күмістен,
Шойыннан, сүйкеп кетсе, от шығарар,
Көлденең көктасты да кесіп түскен.

Бұл адам – іс қылатын болжап, байқап,
Ырысын бұза алмайтын ешкім шайқап.
Атақты қанжығалы қарт Бөгембай –
Жауыңды жеке өзі келер жайпап.

Екінші ат – көкше қызыл құдия біткен,
Тар мықын, бөктершекті, тұяқ – кетпен.
Ұзын бас, қысқа мойын сүйріктей боп,
Көз жайнап, ауызынан көбік төккен.

Апайтөс, алшаңдаған, тегі – дүлдүл,
Қиядан естіледі шыққан дүбір.
Жорықта жарты ай жортып, алты ай шапса,
Болдырмас тұяқтының жүйрігі бұл.

Жар қабақ, кең жауырын, түлкі құрсақ,
Көзі отты, кеудесі өр, бойы сұңғақ.
Білектей дойырын бір тастамайды,
Дұшпанның мысын басар осымен-ақ.

Қасқырдың қызыл жанды арланындай –
Бұл кісі Ниязұғлы батыр Жантай.
Жалғыз-ақ Бөгембайдан бата алу шарт,
Қайтпайды жауға тисе тақырламай.

Үшінші, қаруы бар шымқай болат,
Кескіні жас барыстай қимылы жат,
Жантайға немере іні бұл Үйсімбай,
Мінгені желден жүйрік сарбауыр ат.

Төртінші, қаракер ат белі қайқаң,
Сырт қысқа, бауры жазық, бұты талтаң.
Ақсары дөңгелек бет, зор денелі,
Бұл адам – Мәмбетұлы батыр Атан.

Бесінші, мінген аты қара қасқа,
Даңқы асты тұсындағы дос пен қасқа.
Атанның ағасы бұл батыр Досай,
Шамасы, ол күндері елу жаста…

… Жарғыш топ жаудан түскен үш жүз атты,
Сайында Күншалғанның қамалапты.
Осқырып ер-тұрманды Арқар күрең,
Тік қарғып еш батырға қарамапты.

Қашқан сол құйрық тігіп дәу күреңді,
Бөгембай Нарқызылмен қайрып келді.
Атпаса, ұстатар ма, қоршаған соң,
Жануар тұрды лажсыз тарпып жерді.

Шығыста көтеріліп нұрлы ақтаңдақ,
Батыста түн пердесі түрілген шақ,
Сынады Бөкең, Атан, Жантай, Досай,
Күреңді желдірткенде мініп жайдақ.

Бөкеңнің әкесі – Ақша мұндай атты,
«Талтүсте туған тұлпар» деп атапты.
Жануардың міні жоқ-ау тұлғасында,
Талғамас таршылықта күй мен бапты.

Күдірден күдір асса үдейтұғын,
Жылқы екен босаңсуды білмейтұғын.
Мынау өр, мынау ылди демес шапса,
Шаңына кім көмілмес түзде мұның!

Атан айтты: көзі оттай жанады екен,
Қорын дәу қалай күтіп, бағады екен.
Арабтың дүлдүліндей ұшқалы тұр,
Қайда оттап, қанша жусап, шабады екен?

Кермеде жұмыртқадай көрініп тек,
Қояндай ұзарады қызса үдеп.
Бауыры бүктетіліп жазылады,
Тұрасың қарғығанда елік пе деп.

Жұдырықтай түйілген бұлшық еті,
Жүгірсе, ширатылып сілкінеді.
Бәйгеге ұлы дүбір қоса қалсақ,
Жануар басып озып келер тегі…

Жантай айтты: «Шоқтығы өр сияқты,
Кетпейтін ер мойнына тиянақты,
Салпы ерін, көнек танау, ұзын тісті,
Ойламас шөлде шапса сусамақты.

Сүрінбес, қия бетте не жығылмас,
Қабырға қарын жақты қымтапты рас.
Кең сауыр, күлте құйрық, ерен жүйрік,
Тар жерде топырақты қылатын ас.

Сүбесі қос қапталмен құшақтасқан,
Тартыста қажымайтын белі қақпан.
Дыбысты түстік жерден сезетұғын,
Түлкідей тік құлағы тым жарасқан».

Досай айтты: «Көтендігі ала майлы,
Күй таңдап қоң етіне қарамайды.
Құндыздай құлпыратын түгі асыл,
Жорықта терін үгіп тарамайды.

Қыл түбі құйрығының тым қомақты,
Білмейді сары аяздан бұл тоңбақты.
Қысқа жон, ұзын бауыр, нағыз пырақ,
Мынаны мінген батыр болар бақты».

Ерттетіп Бөкең Арқар күрең атты,
Әдейі тау төсіне тұра шапты.
Шыққанда жотаның сол төбесіне,
Көзіне бір ақ алмас түсе қапты.

Нарқызыл, Жамбыкердей қос тұлпардан
Күреңді қадір тұтып, мініп алған –
Қаһарман қолбасымыз Бөкең сонда
Тауды әлгі «Балтақара» деп атаған.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!