Батырлар мінген тұлпарлар

8219

Оқырмандарымыздың есінде болса, бұған дейін де бірнеше рет осы тақырыпты қозғаған болатынбыз. Араға біраз уақыт салып қазақ батырлары мінген тұлпарларды тағы да назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Батырлар жырында кездесетін тұлпарлардың есімдерін үш-төрт топқа бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі – жылқының түсіне қарай атау беру.
Жылқы малының түсі жалпы баран және қылаң болып екіге бөлінетінін бұған дейін жазғанбыз. Ал батырлар өзінің жан серігіне балаған тұлпарына түсіне қарай атау беретін болған. Мысалы, Ақбоз, Көк тұлпар, Қара ат, Құлагер, т.б.

Екінші – жылқының жасына қарай атау беру.
Қазақ халқы әлденеге ат қойып, айдар тағуға өте шебер. Сонымен қатар, ол берген атауы сол дүниенің шынайы қасиетін нақты ашып бере алады. Сол секілді жылқыға атау беруде де аса тапқырлық пен болжампаздықты көруге болады. Мысалы, Көкбесті, Тайқұла, Көкдөнен, Кербесті, т.б. атаулар жылқының жасын және түсін білдіреді.

Үшінші – жылқының жеке қасиетіне жарай атау беру.
Жылқы малы жаратылысынан ерекше түлік. Оны қазақ халқы ежелден жете тани білген. Сондықтан да батырлар өзі ардақ тұтқан тұлпарларына жеке қасиетіне орай атау беріп отырған. Мысалы, Салпаңқұлақ сары ат, Қабанқұлақ қара ат, Қубас, Қақпанбел, т.б.

Төртінші – батырдың өз қиялына жарай атына есім беруі.
Қазақ халқы жүйрік атқа есім қойғанда өзіне ұнаған атауларды да таңдайды. Бұл үрдіс әсіресе қазіргі кезде қатты белең алып тұр. Бүгінде жылқының жеке қасиетіне немесе түр-түсіне аса мән беріп жатпастан, ат иесі өзіне ұнаған кез келген есімді қоя салады. Бұл үрдіс бұрын да болған. Дегенмен ол кезде жылқының қандай бір нышанына қарай отырып атау берген. Мысалы, Аққұс, Көкешкі, т.б. атаулар соның бір белгісі.

Қазақ батырлары мінген тұлпарлардың есімдерін берудегі басты мақсатымыз – қазіргі таңда жылқы бағып, ат баптап, көкпар шауып жүрген азаматтар өзінің сүйікті жылқысына есім берерде мән-мағынасы жоқ шетелдік атауларға қызықпай, хылқымыздың ежелден келе жатқан тұлпарлары мен арғымақтарының есімдерін жаңғыртса деген ниет. Сонымен қатар, өзі мінетін сәйгүлігіне оның жеке қасиетін ашып бере алатын атау берсе қандай жарасымды болар еді.

Сонымен назарларыңызда, қазақ батырлары мінген тұлпарлардың есімдері:

Ағыбай – Көкбесті
Ағыбай бас көтеріп түрегелді,
Жылдам Көкбесті атты әкел,—деді.
Ерттетіп Көкбесті атты мініп алып:
Бірің барма, әкелем өзім,—деді.
«Ағыбай батыр» жырынан

Айдос – Кертөбел
Мінді де Кертөбелді, жүріп кетті,
Боларын бір сұмдықтың біліп кетті.
Барғанда түстік жерге батыр Айдос,
Қарашаш арт жағынан қуып жетті
«Айдос батыр» жырынан

Айрылмас батыр – Қара арғымақ
Кемінің бәрін толтырып,
Тіллә дабыл төңкеріп,
Қара арғымақ жабдықтап,
Бөктергісін тоқ қылды.
«Еңсегей бойлы ер Есім» жырынан

Ақжонас – Ақтанау
Жонас мінген Ақтанау
Ауыздықпен алысып,
Аспанға қарғып келеді.
Бүкең-бүкең желеді,
Шаңқай түсте жөнеді.
«Ақжонас ұлы Ер Кеңес» жырынан

Алау батыр – Сұр ат
Алау мініп сұр атқа,
«Жеткізгей, – деп, – Алла мұратқа»,
Ор қояндай ұйытқып,
Ақ бөкендей жортады.
«Алау батыр» жырынан

Алпамыс батыр – Байшұбар
Болаттан дабыл төңкеріп,
Артына қалқан бөктеріп.
Қарағай найза өңгеріп,
Астындағы Шұбарын,
Өз басымен тең көріп.
«Алпамыс батыр» жыры

Аңшыбай батыр – Қара ат
Астында мінген Қара ат бар,
Жануарда қанат бар.
Бес қаруы белінде,
Асынған бойда жарақ бар.
«Аңшыбай батыр» жырынан

Арқалық батыр – Көкжал
Жылқыға Қаржаудағы Кекең кетті,
Мініп ап бір жақсы атты секеңдетті.
Ертеңгі күн дәл сәске болған кезде,
Көкжалды Арқалыққа алып жетті.
«Арқалық батыр» дастанынан

Асанның ұлы Ер Абат – Күреңше
Белес-белес бел өтті,
Арада неше тау өтті.
Абаттың мінген Күреңше
Аспанға қарғып ойнады.
«Асанқайғы, Тоған, Абат» жырынан

Ахмет – Құлаша
Астындағы Құлаша
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Ойға келсе орғиды,
Қырға келсе қарамай,
Ор қояндай сырғиды.
«Айсаның ұлы Ахмет» жырынан

Әжібай – Ақбоз тарлан
Қазақты қалың қалмақ ортаға алған,
Мінгені Әжібайдың ақбоз тарлан.
Айғайлап қалың жауға барып еді,
Жүрмеді шаршаған ат одан арман.
«Ер Әжібай» жырынан

Әмет батыр – Ақтанау
Ақтанаудай тұлпардың
Қалмаққа басын қаратты,
Қамшымен бұтын таратты,
Бауырынан жаратты.
«Әмет батыр» жыры

(Жалғасы бар)

Қазақ батырлары мінген тұлпарлары жайлы басқа да мақалаларды мына жерден оқуларыңызға болады.

Құрастырған — Ержан Жаубай
Argymaq.kz

Фото: Талғат Тілеужановтың «Шың басында» картинасы

1 comment

  1. Ерік 9 Наурыз, 2022 at 23:05 Ответить

    Біздің ауылда Байғабыл байдың Шошай торы, Байқазақ батырдың Күрең аты деген тұлпарлар болған.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.