Шапағат ӘБДІРҰЛЫ. Періште жирен

2363

Үкілі жирен

Сені маған табыстырған қай құдай?
Мені саған таныс қылған қай құдай?
Әй жануар, білесің бе ұшқалақ,
Мінезің де маған тартқан айнымай.

Бұл өмірде сені мініп көрмесем,
Сендей аттың барына да сенбес ем.
Өзің түгіл өмілдірігіңді мен,
Он мың қыздың қалыңына бермес ем.

Шабысыңды күйші біткен күй қылған,
Мүсіндейсің тәңір өзі құйдырған.
Ғаламдағы сұлулықтың символын,
Сенің ғана жанарыңа сидырған.

Уа, жануар! Мен аласа иық көп,
Төбеліңді тұрсын сенің сүйіп көк.
Саған мінсем, пенделікті ұмытып,
Аз болса да, жерден қалам биіктеп.

Жиреннің тері

Тықыршитын аламанға қоспасам,
Суырылып шығып еді топта сан.
Жұлдыз төбел күннен туған күреңмен,
Айға аунаған арғымақтан ешқашан…

О, жануар сені емеспін кем көрген,
Ақ сұлыдан сүтке шылап жем бергем.
Әлмисақтан тағдырымыз жарасып,
Жаралғанбыз мен топырақ сен желден.

Жүруші едім кейде артыңнан өте алмай,
Айналсоқтап не алыстап кете алмай.
Шаба қалсам шапшаңдығың еді ғой,
Көлеңкең де қалатындай жете алмай.

Шапса жүйрік күдір, ойпаң, жарды ұқпай,
Айғайлайсың тамағың бір қарлықпай.
О, қазағым, атым шықсын десеңдер,
Аламаннан атың шықсын шаң жұтпай.

Менімен бір анам сені өмірге ап
келген сынды ұйқымды алдың сен ұрлап.
Қалың гүлді шөп қып бергім келетін,
Гүл сыйлайтын арулардан көңіл қап…

Жануарым құны жетпес жүз нардың,
Кешір мені!
Дәмін білмес тұз, балдың…
Әлде қайда сенің терің аштырақ,
Көз жасынан мен жылатқан қыздардың…

Періште жирен

Періште жирен,
Сені жаратып, қаралмай егісте күйген.
Тойға барушы ем, күмістеп ер-тұрманыңды,
Жал құйрығыңды сүзілтіп тегістеп үйден.

Үкілі жирен,
Арпамен жасап жүруші ем күтімін үйден.
Елдің барлығы қарайтын сендегі ерге,
Маған қарамай шапанын жұпыны киген.

Жел қанат жирен,
Жылқы ішіндегіжүйрік ең, мен қалап сүйген.
Төбеліңді кім, бұл күнде түйме қып тағып,
Қабағын түнде түсімде бер қарап түйген?…

Беу, текті жирен,
Белімді сенен өзгеге серт еттім имен.
Жүрегімнің жерлеймін қай түкпіріне,
Өзің жәйлі жазылып ертекті күйген.

Жауырыныңа тәңірім жасырды қанат,
Бота көзіңнен адастым ғасырды қарап.
Тұз орнына түсімде қайткенің жирен?
Қарашығымнан тұрғаның жасымды жалап…

Кемпір қосақ шылбырыңдай үзілген

Әй, үкілі жиренім-ай…
Сені ойласам кірпікті алам бір сулап,
Ел менен жұрт өзіңді айтып жүр шулап.
Төрт жолы – төрт тұяғың секілді,
Өлең құйып мен отырмын бір шумақ.

Күтем сені келеді деп бәйге алып,
Таң алдында арғымаққа айналып.
Қалғанмын мен, қыз мінезді жануар,
Кісінеген дауысыңа байланып.

Сенен ешбір көрмеп еді озып тай,
Ал сауырың ат болдыртар жазықтай.
Ай да әнекей, қораланып қалыпты,
Уа, жануар, сен айналған қазықтай.

Қазіргі иең алма ағашын кеміртіп,
Мен секілді баға алды ма семіртіп?
Елең етем, жарқ еткенде найзағай,
Қайта айналып келетіндей сен үркіп.

Жүйрігім-ай, жал-құйрығың сүзілген,
Іңір сенің көлеңкең ғой, қызыл рең.
Көз жасымды төге-төге көрдім мен,
Кемпірқосақ шылбырыңдай үзілген!..

Шапағат Әбдірұлы ақын, журналист,
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!