100 шақырым аламанда «Құлагер» жеңіске жетті (ФОТО)

3605
Алтайдың баурайында дүбірлі дода өтті. Қойнауы құт, жері бай, көрікті өлке Катонқарағай ауданында бәйге десе делебесі қозатын жұрт Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 77 жылдығына орай, «Өр Алтай тұлпары» аудан әкімінің жүлдесіне арналған атты жүз шақырымдық бәйгеге көз тікті.

Алтайдың баурайындағы дүбірлі додаға Катонқарағаймен бірге, берісі Көкпекті мен Күршім, арысы Тарбағатай, Зайсан, тіпті, сонау Қарағанды жерінен жеткен атбегілер мен шабандоздар желден жүйрік сәйгүліктерін топқа қосты. Жүз шақырымдық аламанның бас жүлдесіне — «Шевроле Нексиа» жеңіл көлігі тігілді.
Таң бозынан көршілес Алтай ауданынан аттың басын жіберіп, жарыс жолына шыққан 25 шабандоз 3 жарым сағатты артқа тастап таңертеңгі сағат тоғыздан кетер уақытта аудан орталығы Үлкен Нарындағы орталық атшабарға да жетті. Бұл кезде сәйгүліктер шабысына тамашалауға келген көпшілік те ипподромға лық толтырып, қиқуға басқан еді. Дүбірлі додада алдына қара салмаған Көкпекті ауданының Самар ауылынан Берік Болатов есімді шабандоздың тақымындағы «Құлагер» атты сәйгүлік мәреге бірінші болып жетіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ол 100 шақырымды 3 сағат 40 минутта бағындырды. Бұл самарлық көпке танымал атбегі, ұзақ қашықтықтағы осындай бәйгелерде сан мәрте топ жарып жүрген Руслан Шайырғазиннің баптаған тұлпары. Мәрені екінші болып Алтынбел ауылдық округіне қарасты Егінді ауылынан Ерболат Тоқсановтың баптаған «Тарпаң» атты тұлпары кесіп өтсе (шабандозы – Сергей Рыбин), үшінші орын алтынбелдік Айдар Амангелдінің баптаған сәйгүлігі «Ақбақайына» бұйырды. Бұдан бөлек, жүлделі төртніші және бесінші орындарды Нұрсұлтан Ділдәбеков есімді шабандоз тізгіндеген Ерболат Тоқсановтың «Корнет» және Ақсу ауылынан Исатай Тұрсынқановтың «Бекалқа» атты арғымақтары (шабандозы – Расул Саяшев) еншіледі.
Бұдан бөлек, орталық атшабарға жиылған жұрт тай жарысы, құнан жарыс, жорға жарыс, ұшқыр бәйге, он және он бес шақырымдық бәйгені де тамашалады.
Бес шақырымдық тай жарысында топқа түскен 15 тайдың ішінен катонқарағайлық Алмат Тоғсаевтың «Карамель» (шабандозы – Жігер Алматов) атты торысы қара үзді. Екіншіні Солдатов ауылынан Архат Зарылхановтың баптаған «Нұрқасқасы» (шабандозы – Бағжан Шегебаев) атты жирен тайы, үшіншіні Алтынбелден Махамбет Құдайбергеннің «Гүлсарысы» иеленді.
Екі жарым шақырымдық ұшқыр бәйгеде сегіз тұлпардың ішінен Үлкен Нарыннан Сымбат Адрышевтің «Сұңқар» атты сәйгүлігі топ жарды. Екінші, үшінші орындарды Қабырға ауылынан Талап Асылжанов пен Ақсудан Ерік Тоқпаевтың тұлпарлары өзара бөлісті.
Құнан жарыста үлкеннарындық Баубек Ілиясовтың топқа қосқан «Бақторы» атты торы тұлпары мәрені бірінші кесті.
Бес шақырымдық бәйгеде Әбілмансұр Сәрсембаев есімді шабандоз тізгіндеген қабырғалық Талап Асылхановтың «Мұзарт» атты жирені үздік атанса, он шақырымдық бәйгеде он алты аттың ішінен Белқарағай ауылдық округінен Арман Оразаевтың «Еламан» атты қарагері алдына қара салмады. Бұнда екінші және үшінші орындарды Катонқарағай ауылдық округі мен Күршім ауданынан келген атбегілерінің сәйгүліктері еншіледі.
Жорға жарыста топқа түскен 10-нан астам су жорғаның арасынан мәреге бірінші болып Катонқарағай ауылынан Жасұлан Қабдөшевтің «Патшасы» жетті. Екінші мен үшінші орын күршімдік Әлихан Камалханов пен Қабиден Сейсебаевтың жорғаларына бұйырды.
Он бес шақырымдық бәйгеде 13 арғымақтың ішінен бірінші орынды тағы да көкпектілік Руслан Шайырғазин баптаған «Еркежирен» атты тұлпары (шабандзоы – Мәди Қайдаров) иеленді. Екіншіні Үлкен Нарыннан Әлижан Қабдолданың сәйгүлігі еншілесе, үздік үштікті Солдатово ауылынан Архат Зарылхановтың «Құлагері» тәмамдады.
Бәйгенің барлық түрінде жүлделі орындарға ие болған сәйгүліктердің иелері мен шабандоздарына ұйымдастырушылар атынан көлемді ақшалай және тұрмыстық техника түрлері мен басқа да бағалы сыйлықтар табысталды.
Бәйгеден бөлек, осы күні жұртшылық қазақ күресі, аударыспақ, арқан тартыс сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түскен апайтөс палуандардың тартысты кездесулеріне куә болды.
Тимур Смағұлов

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!