Жылқының кейбір ауруларын емдеудің заманауи жолдары

4263

«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС-ның Атырау облысында таралған жылқы ауруларын емдеу жолдарының негізінде дайындалды.

Гастрофилез.

Gasterophilus жылқылар мен есектердің спецификалық паразиттері болып саналады. Аналық бүгелек (овод) жылқының терісіне, алдыңғы аяқтарының ішкі жағына, аузының айналасына, қасынған кезде аузы жететін жерге жұмыртқалайды. Жылқының тісі мен тіліне тиген личинкалар 7-16 күннен кейін жұмыртқадан шығуға дайын болады. Жұмыртқадан шыққан личинкалар жылқының ауыз қуысын, жұтқыншақтың шырышты қабығын жарақаттайды. Соның салдарынан ісіну, фарингит, стоматит туындайды. Мұндай кеселге душар болған жылқы жем-шөп жей алмай қалады.

Одан кейін личинкалар шырышты қабатқа еніп, асқазанға түседі. Бұл паразиттер асқазанда жиналып, асқазанның моторикалық және секреторлық функциясының бұзылуына әкеледі. Яғни жылқының асқазаны тамақты дұрыс қорытпайды. Асқазанда өз міндетін аяқтаған личинкалар нәжіспен бірге сыртқа шығады. Топыраққа түскен дәрнәсіл 25-40 күннен кейін қайтадан бүгелек-құртына (имаго) айналады. Мұнан соң әубастағы цикл қайтадан басталады.

Бүгелектің жылқылардың үстіне жұмыртқасын шашу үшін күннің жылылығы +15 градустан жоғары болуы керек. Одан төмен температурады дәрнәсілдер өмір сүру қабілетінен айырылады.

Гастрофилдер жылқы ағзасында 9-10 ай өмір сүреді.

Гастрофилдерді жұқтырған жылқылардың ішіндегі личинкалар нәжіс арқылы жайылымдағы, қорадағы, қашадағы топыраққа түседі. Топыраққа түскен личинкалардан сәуір-мамыр айларында бүгелек шығып, басқа жылқыларға жұмыртқасын тастайды. Ол жұмыртқалар күзде немесе келесі жылдың көктем айларында қайта дами бастайды. Мұндай қайталанба цикл көбінде жылқының күйіне байланысты. Арық, аурушаң жылқыда жылда қайталанады.

Емдеу жолдары:

Гастрофилезге қарсы негізгі алдын-алу шарасы – жылқыларды бүгелек ұшатын кезде жайылымға шығармау. Жылқыны бастырма-жеммен (силос) азықтандыру личинкалардың шығуына ықпал етеді. Әрине, қарапайым санитарлық-гигиеналық шаралар туралы ұмытпау керек: қораны, қашаны, астауларды, құрал-жабдықтарды уақытылы тазарту, жуып-шаю, жылқы нәжісін жинап, өртеп жіберуді естен шығармаған жөн.

Гастрофилезді емдеу және алдын-алу үшін қыркүйек-қазан және наурыз-мамыр айларында химиотерапия жүргізіледі. Аналық бүгелектің белсенділігі кезінде жылқылар неостомазан, бутокс, эктосан, себацил және басқа реппеленттердің ерітінділерімен өңделеді. Бұл репелленттер ірі қара малға арналған, бірақ жылқыларға да жарамды, — дейді ресейлік өндірушілер. Біз сізге жылқылар үшін арнайы жасалған репелленттерді қолдануды ұсынамыз, өйткені жылқылар әртүрлі дәрі-дәрмектерге өте сезімтал болып келеді.

Емдеуге келетін болсақ, бүгінгі күні ветеринарлық медицина мамандары Ивермектин негізіндегі препараттарды жиі қолданады. Алайда, кейбір жылқыларда ивермектин шок тудыруы мүмкін. Сондықтан жылқыларға Ивермектин препараттарын қолданбауға тырысу керек.

Жылқыларға арналған танымал пасталар, өкінішке орай, тік ішек пен өңештегі паразит-личинкаларға әсер етуі төмен. Мұны жылқылардың гастрофилезін емдеуге арналған препаратты таңдағанда ескеру керек.

Фенбендазол препараттарын (бровадазол, фенкур, панакур) 75-100 мг/10 кг дозада бес күн бойы күн сайын тамаққа араластырып беру тиімді. Еліміздің аумағында жылқы ұстаудың ерекшелігін ескере отырып, фенасол кешенді препараты әзірленген. Бұл фенбендазол таблеткалары бар тұз-кертпелері (брикет). Тұз-кертпелердің құрамындағы таблеткалар да тиімді препарат қатарына жатады.

Жылқы параскаридозы.

Параскаридоз барлық жерде таралған. Бұл ауруды жылқы көбінде жаздың ала, күзде және қыста жұқтырады. Сол себептен, дегельминтизация жасалмаса, жаздан бастап бұл инвазия құлындардың өлім-жітімін арттырады.

Инвазия интенсивтілігі төмен болса, әсіресе ересек жылқыларда ауру айқын белгілерсіз жүреді. Параскаридозды жұқтыруға себеп болатын жағдайлар – жылқыларды лас, дымқыл қораларда бағу және дегельминтизация жасамау.

Алдын алу және күресу шаралары. Биылғы құлындарды профилактика мақсатында алғаш рет тамыз айында дегельминтизациялайды, екіншісі – енесінен айырғаннан кейін, жабағы, тайлар мен ересек жылқылар тиісінше наурыз-сәуір және қазан-қараша айларында дегельминтизацияланады.

Еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында ересек жылқыларға ақпан айының соңынан бастап антигельминтик беріп, сәуір айында, содан кейін қыркүйекте қайталап, қараша айының басында дегельминтизацияны өткізген жөн.

Қысы жазы жайылымда жүретін жылқыларға ең тиімдісі Фенасол препараты екенін есте ұстаған жөн. Құрамында антгельминтигі бар тұз-кертпелерін жайылымға тастап кетсеңіздер, жылқыларда тұз да болады, дегельминтизация да болады.

Емдеу жолдары:

Пиперазин, фенбендазол (панакур), фенасал, фебантел (ринтал), тетрамизол түйіршіктері, мебендазол, тиабендазол тұздары қолданылады.

Жылқы деляфондиозы.

Деляфондиоз барлық жерде кездеседі. Жылқылардың 60-100%-ы жұқтыруы мүмкін. Бұл ауруды жұқтырған жылқы 8-9 айдан бастап ауырады, ал аневризманың пайда болуы 2-3 айдан бастап кездеседі. Әсіресе олар тай, құнандарда жиі кездеседі. Жауын-шашын көп жылдары, қыс жылы болған кезде жылқы көп ауырады. Көбінде бұл ауруды осы дертпен бұрын ауырған ересек жылқылар таратады.

Аурудың белгілері. Деляфондия жұқтырған жылқыларда 7-9 айдан кейін, әдетте жаздың соңында және күзде клиникалық белгілері жақсы білінеді. Қыстың соңында және көктемде жылқыларда мезгіл-мезгіл пайда болатын түйнек (колик) (тромбоэмболиялық) байқалады. Түйнек жеңіл болған кезде жылқы жаталақшып, домаланады. Дене температурасы, тамыр соғысы және тыныс алу қалыпты болады. 1-2 сағаттан кейін басылыңқырайды да, келесі күні толық жазылады.

Ал түйнектің ауыр түрінде жылқы жаталақшып, екі бүйіріне кезек қарағыштап, ұзақ уақыт бойы аяқтарын көтеріп немесе шоңқайып қалады. Жамбас және аналық артериялардың эмболиясымен жылқыларда есектің ақауы мен парезі пайда болады. Тамыр соғысы мен тыныс алу жиілейді. Терлеп, танауы делдие бастайды. Түйнек болған жылқы әлсіреп, шөпті шайнауға шамасы келмей қалады.

Емдеу жолдары:

Клиникалық белгілер болған кезде камфора, ауырсынуды басатын дәрілер қолданылады. Дегельминтизация үшін фенбендазол, альбендазол, тетрамизол қолданылады.

Жылқы ауруларының алдын алу үшін

Гастрофилез, ринэстроз паразиттерінен сақтау үшін сәуір-мамыр айларында жайылымға жылқыларды шығармау керек, немесе жайылымға шығарар алдында реппеленттерді (дельфид, бутокс, флайблок, цифлунит) жылқылардың денесіне себу керек. Қорада, қашада тұрған жылқыларды жылы сумен жуып, реппеленттерді себу керек, себебі бүгелек 15-20 км-ге дейін ұшып, жылқылардың денесіне жұмыртқаларын жабыстырып кетеді.

Қаша-қораны тазалап, ағаштан қабырғаларды әктеу керек, астауларды жуып, құрал-жабдықтарды (күрек, ара, айыр, т.б.) уақытылы тазартып, жуып-шайып, жылқы нәжісін жинап, өртеп жіберу керек.

Ғылыми-негізделген ұсыныстарды әзірлеу мақсатында жылқы гастрофилезінің белсенділігін, бүгелектің жұмыртқалау мерзімін, ауа-райына байланысты белсенділік динамикасын, ауруды емдеу және алдын-алу үшін тиімді препараттарды таңдау үшін еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.

Халықты, жануарлар иелерін және ветеринарлық дәрігерлерді паразитарлық аурулар мен инвазияларды емдеу және алдын-алу шаралары бойынша санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу қажет.

Жылқы ауруларынан сақтанудың экономикалық тиімділігі: (Мысал)

Паразиттік аурулардан жылқы өлімі 5-60%-ға дейін жетуі мүмкін. Мысалы, бір табында 1000 жылқы болсын, оның ішінен паразитарлық аурудан 5 жылқы өлсе, оның шығыны ең аз дегенде 2 млн теңгеге жетеді (1 жылқының бағасы 400 мың теңге болса). Ал дегельминтизация жасау үшін сізге 1000 жылқыға 2000 дана фенасол керек. Оның бағасы – 1 млн 60000 теңге. Реппелент қолдансаңыз тағы 200 000 теңге қосыңыз. Сонымен 1000 жылқыға 1 млн 260 мың теңге жұмсайсыз. Ал жылқышы жыл сайын ең аз дегенде өлген малдан 2 млн теңге шығынға батады. Одан басқа паразит жұқтырған өзге жылқылар арықтап, өнімділігі төмендеп, көктемде әлсіреп мал болмайды.

Осы жолы Атырау облысының 4 ауданында 59 жылқы өлді, оның 29-ы Құрманғазы ауданында, 18-і Махамбет ауданында, 12-сі Исатай ауданында. Шығын – 23 600 000 теңге.

Ал енді, мысалы, жылқыға арналған флайблок реппелентін қолдансақ 1 жылқыға 4 пипеткасы кетеді, 4 пипетканың бағасы – 1000 тенге. Ал бір рет салған флайблок – 28 күнге жарамды. Демек оны сәуір-мамыр-маусым айларында 3 рет қолдану керек. Сонда 1 жылқыға 3 мың теңге кетеді.

Енді осыны өлген 59 жылқыға қолдандық деп есептесек – 177 000 теңге кетер еді.

Дегельминтизацияға фенасол кешенді препаратын берсек 1 жылқыға – көктемде және күзде беру үшін 2 кертпе керек (1 данасы 530 теңге*118 дана=62540 тг).

Сонда өлген 59 жылқыға 118 кертпе фенасол бергенде және реппелент шашып қолданғандағы шығын көп дегенде 239 540 теңге болар еді. Ал ондай дәрі жасалмағандықтан 23 360 460 теңге далаға кетті.

Жылқы ауруларын емдеудің басқа да жолдары жайлы мына жерден оқуға болады. Сонымен қатар мал дәрігері Қылаң Аятханұлының жылқы ауруларын емдеу жайлы сұқбаты берілді. Ал жылқыда кездесетін өзге де аурулар мен оны емдеу жолдары мына мақалада жазылған.

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

Суреттер ғаламтордан алынды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.