«Ұлы дала жорығы». Ақтөбенің бағы қалай жанды? (ФОТО)

1774

Жуырда елімізде өткен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде жүлделі ІІ орынды иеленген Ақтөбе облысының командасы келер жылы Астана қаласында ұйымдастырылатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.

Елордадан бастау алып, киелі Түркістан жерінде жеңімпаздары анықталған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде Ақтөбе облысының командасы ІІ орынды жеңіп алып, 16 миллион теңге сыйақыға ие болған-ды.

Ақтөбе облыстық ұлттық спорт қауымдастығының директоры Азат Жүкеннің айтуынша, аталған бәйгеде жарыс жолына жалпы саны 190 ат шыққан. Соның ішінде Ақтөбе облысы командалық есепте ІІ орынды иеленді. Ал І орын Жетісу облысының командасына бұйырған.

– ІІІ орында Алматы қаласының командасы келсе, ІV орынды Абай облысының командасы алды. 14 күнге созылған марафон-бәйгеде Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымдық жарыс жолын жүріп өттік. Күніне 100 шақырымнан жүріп, жарыстың талаптарына сәйкес аттарымызды демалтып, команда болып, бәйге сызыға бірінші кесуге асықтық. Меніңше, бұл жарыстың ерекшелігі сол, мұндай бәйгенің әлемде теңдесі жоқ. Бұл – қазақы жылқының мықтылығын дәлелдейтін жоба. Биыл біз екінші рет қатысып қайттық. Былтыр 11 күн бойы бірінші орында келе жатып, аттардың ауырып қалуына байланысты жүлдесіз қалған болатынбыз. Биыл ұйымдастырушылар да, төрешілер де әділ болды, барлық төреші шет елдерден келді, – дейді Азат Жүкен.

Оның айтуынша, Ұлы дала төсінде ат құлағында ойнап, көкпар тартуымен әлемге танылған қазақ елі үшін мұндай жарыстың маңызы зор. Осы орайда биыл жеңімпаз атанған командалар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатыспақ. Ақтөбе облысының командасы осы жарысқа дайындықты бастап кетті.

Бұған дейін Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлінбегені мәлім. Бұл бастаманы жүзеге асырған Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ералы Тоғжанов болатын. Ол былтыр жыл аяғында облыста ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құрды. Соның нәтижесінде өңірдің спортшылары қолдауға ие болып, командалар қаржыландырылды. Міне, биыл осы бастаманың нәтижесін көріп отырмыз.

Былтыр өңірде ұлттық спорт қауымдастығы мен клубы құрылды. Содан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан спорттың осы түріне көп қолдау көрсетілді. Атап айтсақ, биыл облыстағы спортшыларымыз аударыспақтан, бәйгеден, ат спортынан жарыстарға қатысып, өңірдегі ұлттық спорттың даму деңгейін көрсете білді. Мәселен, биыл Ақтөбе облысының аударыспақшылары Астана қаласында өткен ұлттық спорт фестиваліне 9 салмақ бойынша қатысып, соның төртеуінен чемпион болды. Ал көкпаршыларымыз жуырда Башқұртстанда өткен халықаралық турнирде жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Меніңше, осындай нәтижелердің болуы басшылықтың жақсы көзқарасынан деп ойлаймын. Себебі бұған дейін қауымдастықты құру өз алдына, оның жұмысын жүргізуге, спортшыларды қаржылай қолдауға қаражат болмады. Көптеген қиыншылық болды. Міне, кешегі жарыста біздің шығынымызды өңірдегі ұлттық спорт қауымдастығы мен спорт басқармасы көтерді, дейді Азат Жүкен.

Ақтөбе облыстық ұлттық спорт қауымдастығы директорының айтуынша, қазір, өкінішке қарай, өңірде ұлттық спортқа жаны ашитын кәсіпкерлердің саны саусақпен санарлық. Оның ішінде Қазыбек Әлішев, Бекбол Айжарқынов, Бақытжан Ержанов сияқты бірлі-жарым азаматтарды ғана атауға болады.

Сондай-ақ қазіргі таңда облыста ат спортының дамуына үлес қосып жүрген атбегілер, ветеринар-дәрігерлер Жандос Жылқыайдаров пен Ербол Мұхамбетовтің де еңбегі зор.

Бұл кісілер биыл біздің жеңіске жетуімізге зор еңбек сіңірді. Олар аттарды күтіп, баптап, дәрі-дәрмегін беріп, қарады. Мәселен, жарысқа келсек, әр өңірдің командасы бәйгеге он аттан апарды. Бәйгенің талабы сол, бірінші кезеңге бес атпен шығуымыз керек. Содан кейін олар жарыстың 650 шақырымына, яғни жартысына жеткен кезде ауыстырылады. Биылғы марафонда біз Жезқазған қаласында аттарымызды осылай ауыстырдық. Бірінші кезеңде жарысты 4 атпен жүріп өткен төрт команда болды. Олар – Ақтөбе, Жетісу, Алматы, Маңғыстау командалары. Бұл төрт команда Жезқазған қаласына дейін 650 шақырымды төрт атпен бағындырды. Әрі қарай басқа командалар үш атпен қалса, біздің команда жалпы жобада жарысты төрт тұлпармен аяқтаған жалғыз команда болды. Осылайша биыл жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдеге ие болдық. Біз үшін бұл да зор жетістік, – дейді команда жетекшісі.

Ақтөбе облысы командасының бапкері Айбек Нақпаевтың айтуынша, биыл марафон-бәйгеге дайындық кезінде спортшылар барлық облыстың аттарын жинап, іріктеу өткізген. Соның нәтижесінде аламан бәйгелерге қатысып жүрген, бабы келіскен «Ақбөкен», «Малыш», «Ақтанау», «Көкжорға», «Терминатор», «Қара ат», «Ербол күрең», «Торлыаяқ», «Браслет», «Алатау» сияқты аттар таңдап алынған.

– Биылғы бәйгеге Ақтөбе қаласының Қызылжар ауылы мен Мұғалжар, Темір аудандарының тұлпарлары таңдап алынды. Сондай-ақ салмағы 60 келіден аспайтын шабандоздарды да өзіміз іріктедік. Олардың ең жасы 18-де болса, жасы үлкені –55-те. Қалай десек те, биыл осындай жеңіске қол жеткізгенімізге ризамыз, еңбек ақталды. Жалпы, бұған дейін облысымызда ат спортына көп ден қойылған жоқ. Бұрын футбол, бокс, күрес, тағы басқа спорт түрлеріне көп көңіл бөлінді де, ұлттық спорт кенже қалды. Біз көбіне ас, той-томалақта өтетін бәйгелерге қатысатынбыз. Міне, биылдан бастап республика көлемінде өтіп жатқан бәйгелерге қатысып, бағымыз жанып жатыр. Мәселен, биыл Ақтөбеде бәйгеден ел чемпионаты өтіп, онда Ақтөбенің жігіттері І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ дәл осындай чемпионат аударыспақтан да ұйымдастырылды, – дейді Айбек Нақпаев.

Қазір облыстағы спортшылар қазан-қараша айларында бәйгеден, көкпардан өтетін чемпионаттарға дайындалып жатыр. Сондай-ақ жуырда ұлттық спорт клубының спортшылары аударыспақтан Әлем чемпионатына қатысып қайтты. Олардың екеуі чемпион атанса, біреуі күміс жүлде алып келген.

– 2023 жыл біз үшін жемісті жыл болды. Жаңа келген облыс әкімі де ұлттық спортқа қолдау білдіреді деп ойлаймыз. Ендігі біздің мақсат – көшпенділер ойынына қатысып, облыстың намысын қорғау. Оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан командалар қатысады. Сондай-ақ Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері де шақырылады деп жоспарлануда. Егер олар осы ойынға келіп қатысса, біздің аттарымыз әлемге танылар еді. Біз соған үміттіміз, – дейді жаттықтырушы.

Ал «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысқан шабандоз Әлихан Мұхамбетовтің айтуынша, мұндай үлкен бәйгеге қатысу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.

– Кішкентай кезімнен бастап атқа шабамын. Бұрын талай рет көкпарға қатысқанмын. Сол жетістіктерімді көрген Айбек ағамыз осы бәйгеге мені апарған болатын. Жалпы, мұндай жарыстарға даланың қара жүрісін көрмеген, аңға шықпаған жастар алынбайды ғой. Айбек ағама сол үшін алғысымды айтамын. Бұл жарыс – менің алғашқы тәжірибем. Әрі қарай ізденіп, бұдан да зор бәйгелерге қатысқым келеді, – дейді жас шабандоз.

Айта кету керек, биылғы марафон-бәйгеде Ақтөбе облысының командасы ауызбіршілік пен достықтың үлгісін көрсетті. Қазір команда жігіттері алда болатын бәйгелерге қызу дайындалып жатыр. Ақтөбенің намысын қорғаған команда мүшелеріне біз де сәттілік тілейміз!

Данагүл ҚАЗИХАН,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.